Халқымыз ертеден Ұлыстың ұлы күнін жаңғырудың, ынтымақ пен өркендеудің символы есебінде санаған. Наурызнама – атадан келе жатқан дәстүрдің жалғасы. Мейрамның жаңаруының жаршысындай, оның үш қызғалдақты жаңа логотипі бекітілді.
Татулыққа шақыратын мереке
Қоғамның сұранысына орай жақында ғана жаңадан «Наурызнама» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат елімізде жаңа құндылықтар қалыптастырып, бірлік, бауырмалдық пен ынтымақты насихаттауға бағытталған.
Әз Наурыздың жаңа тұжырымдамасы екі бағытты қамтыған.
Біріншісі – мейрамның жаңарғанының белгісі ретінде әрі оның танымалдығы мен мәнін арттыру үшін барша Қазақстанда Наурыздың бірыңғай логотипі қабылданды.
Екінші бағыт – Ұлыстың ұлы күнін ерекше тойлау мақсатында 14-23 наурыз аралығында онкүндік атап өтіледі. Әрқайсысына жеке-жеке атау беріледі де, соған сай түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Осы орайда жаңа логотиптің мән-мағынасын ашып айтуды жөн санап отырмыз.
Байлық пен биліктің символы
Жаңа логотиптің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншісі, онда Қазақстанға тән бірегей дүниелер қолданылыпты. Мысалы, үш қызғалдақтың суреті орналасқан. Екінші, түстердің үйлесімі сақталған. Қызғалдақ қауызы үш түспен – сарғылт, қызыл және сары түске боялған. Сонымен қатар «Наурыз» сөзі көркем шрифтпен жасыл не ақ түспен жазылған.
Дизайнда қызғалдақ гүлін таңдап алу бекер емес. Бүкіл әлемде қызғалдақ ерекше мән-мағынаға ие. Байлық пен биліктің символы саналады. Оның қаншалықты танымал екенін мына деректен байқауға болады. Статистикаға сүйенсек, қазір әлемдегі қызғалдақ нарығы 1,5 миллиард долларға жуықтаған. 2031 жылға қарай оның көлемі 2,3 миллиард доллардан асады деген болжам бар.
Өздеріңізге мәлім, қызғалдақтың тарихи отаны Қазақстан саналады. Қарапайым, бірақ бүкіл әлемде мән-маңызға ие бұл өсімдік қазақ топырағында бүр жарып, жер жүзіне таралған. Ғылыми еңбектерге сүйенсек, қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын еліміздің оңтүстігінде, Тянь-Шань тауларының етегі мен жазығында пайда болған.
Бүгінде төрткүл дүниеде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Солардың басым көпшілігі – Ұлы дала қызғалдағының тұқымынан тараған. Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. Соның 18-і Қызыл кітапқа енген. Тіпті, басқа елдерде кездеспейтін кей қызғалдақ тек Қазақстанда өседі. Мәселен, Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады.
Айтпақшы, қызғалдақ гүлінің мынандай ерекшелігі бар. Ол көктемде гүлдеп, екі жылдай ғана уақыт өмір сүреді. Халқымыздың бұл гүлді Әз Наурыздың символы ретінде қолдануының себебі, қызғалдақ көктемнің, жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Әрі наурыз айы туып, жердің тоңы кетіп, күн жылынғанда кең жазираны әсем түске бөлеп, бір-екі апта ғана гүл ашады.
Қолөнер саласында қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарда жиі кездеседі. Мәселен, білезік, сақина, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдарында гүлдің бейнесі салынады. Қызғалдақ пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлер қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп безендірген.
Көздің жауын алатын өсімдік танымал талай суретшіге қанат бітірді. Мысалы, Винсент ван Гогтың атақты «Баданалы алқап» картинасында Нидерландтағы қызғалдақ алқабы бейнеленген. Сол секілді Клод Моненің қылқаламынан «Голландиядағы қызғалдақтар», «Гаага маңындағы қызғалдақ алқабы» секілді танымал туындылар дүниеге келді. Бұдан басқа, қызғалдақты кенепке түсірген суретшілер жетерлік.
Қазақ үшін қасиетті сан
Логотипте үш қызғалдақтың салынуы да кездейсоқ емес. Олар үш кезеңнің ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің бүгіні мен болашағына қатысты мұрасын, сондай-ақ туған табиғатымызға шексіз құрмет пен үнемі жаңаруға ұмтылысты көрсетеді. Сонымен қатар олар халқымыздың бірлігін, ел дамуының шексіз циклін бейнелейді. Қазақстан тарихының сабақтастығы мен эволюциясының маңыздылығын көрсетеді. Еліміздің өткенін, бүгінін және болашағынан хабар береді.
Қазақ халқында үш саны аса киелі саналады. Тарих, осы шақ, келешек – уақыт кеңістігіндегі маңызды үштік. Әлемнің өзі үш өлшемнен құралған: ені, ұзындығы һәм биіктігі. Адамның болмысы да үштіктен – тәннен, жаннан және рухтан құралған.
Қазақтың үш санын сәтті санағанын «сәрсенбінің сәтті күні» деп аптаның үшінші күніне айрықша айдар тағуынан да аңғара аламыз. Халқымыз ер жігіттің үш жұрты бар (өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты) деп ерекше атап көрсеткен.
Сол секілді үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл), үш даусыз (мінез, кәрілік, ажал), үш байлық (бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық) секілді ұғымдар жетерлік.
Түркі мифологиясында әлем ағашы үш бөліктен тұрады: тамыры, діңі және жапырағы. Қазақ халқының құрамына енген өзге этностар үшін де үш санының қасиетті мәні бар. Үш саны – көптеген мәдениетте де бақыт пен сәттілік символы. Сондай-ақ кеңістік үш өлшемді (ұзындық, ені және биіктігі), заттың күйі үшеу (қатты, сұйық және бу).
Наурыздың жаңа логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Бұл орайда ұлы философ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын» деген сөзін темірқазық етіп алсақ болады.
Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ,
журналист