Бүгінде медицина саласын дамыту бағытында аз жұмыстар істеліп жатқан жоқ. Алайда әлі де «бауын тапса, байлауын таппаған» тірлік көп.
Дәріханасыз елді дерт дендейді
662
оқылды

Әсіресе, дәрі-дәрмек тапшылығы өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Шалғай ауылдағы ағайын бүгінде басы ауырып, балтыры сыздаса қарапайым цитрамон алатын дәріхана таппай қиналуда.  Мұндайда ұлт саулығы туралы қалай сөз қозғауға болады?

Жамбыл облысының картасында жал­­пағынан жатқан елді мекен Сарысу ауданы саналады. Ал атақты «Жайлаукөл кештері» әнінде шырқалған ауыл Қамқалы округіне қарайды. Міне, осы елді мекен тұрғындары бүгінде дәріханаға қол жеткізе алмай, сырқаттанып қалса, дертіне дауа таба алмай отыр. 

– Қамқалы ауылдық округінде 900-ден астам тұрғынның түтіні түтеп тұр. Округтің орталығы Шығанақ ауылы болғанымен халықтың басым көпшілігі Жайлаукөл ауылында тұрады. 

 Ауылдық округтен Тараз бен Жаңатас қалаларына такси қатынамайды. Бірін­шіден, оған жолдың сапасыздығы мен қашықтығы себеп болса, екіншіден, жолақысы қарапайым халықтың қалтасын көтере бермейді. 

 Жалпы, Шығанақтан облыс орталы­ғына жету үшін Үшарал, Ақкөл ауылы арқылы 285 шақырымды, ал Жаңатас қаласына дейін 200 шақырым қашықтықты еңсеру керек. Ал қоғамдық көлік аудан орталығына да, Тараз қаласына да аптасына екі-ақ мәрте ғана қатынайды. Сонда науқас дәріге қол жеткіземін дегенше, үш-төрт күн үйінде сырқаттанып жатуы тиіс. 

Жақында бір көршім моншасына түсіп жатып ыстық суға күйіп қалды. Соған қажетті дәрі-дәрмекті алдырамыз дегенше 3-4 күн өтіп кетті. Көрші дәрі жеткенше өзін қоярға жер таппады. Аудандық ау­руханаға апарайық десек, жол қашық. Же­­дел жәрдем көлігі де біз жаққа келе бермейді. Содан амалсыздан күту ғана қал­­ды. Егер Қамқалы ауылдық округіне бір дәріхана ашып берсе, халықтың алғысы шексіз болар еді, – дейді Шығанақ ауы­лының тұрғыны Қайрат Исақов. 

Дәл осындай өтінішпен Досбол ауылдық округі Үлкен Көкдала ауылының тұрғыны Берсүгір Иманбаевның да бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған. Ол тіпті қан қысымы бойынша есепте тұрса да, тегін дәріге қол жеткізе алмай жүр екен.

– Досбол ауылдық округіне Кіші Көк­даланы қосқанда үш ауыл қарайды. Мұнда 90-ға жуық тұрғын үй бар. Ауылда дәрігерлік амбулатория қаралмағандықтан 40 ша­­қырым қашықтықта орналасқан Тоғызкент ауылдық округінен дәрігер келіп, нау­­қастарымызды анда-санда қарап кетіп жатады. Дәрігер жазып берген дәріні алу үшін Тоғызкент ауылына қайта ағылып, ал ол жерден табылмаса, 110 шақырым қа­шықтықтағы Жаңатас қаласына жол тар­тамыз. Өзім қан қысымым бойынша есепте тұрған адаммын. Алайда аудан орталығының қашықтығынан тегін дәріге де қол жеткізе алмаудамын. Әттең, егер ауылда бір дәріхана болғанда қажеттіні қиналмай алып, дер­тімізге де дер кезінде дауа табар едік, – дейді Берсүгір Әмедияұлы.

Талас ауданы Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік, Көшек батыр ауыл­дарының тұрғындары да дәріхана сұрап шырылдап жүргеніне талай жылдың жүзі болған. Алайда олардың да жанайқайы жауапты мамандардың құлағына жетпеуде. Осы орайда мәселенің мәнісіне тереңірек үңілу үшін Денсау­­лық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша де­партаментіне хабарластық. Мекеме бас­шысы Манат Сейдумановтың ай­­туынша, өңірдегі ауылдық елді мекендердің 63 пайызы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіл­ген екен. Ал қалған ауылдарда дәрілік зат­тардың қолже­­тімділігін арттыру үшін де­партамент тарапынан тиісті атқарушы органдарға ұсыныс хат жолданыпты.

 – Бұл мәселеден облыс әкімі Ербол Қарашөкеев хабардар. Өткен жетідегі аппараттық кеңесте департаменттің жыл ішінде атқарған жұмысын баяндай келе, шалғай ауылдардан дәріхана пунктерін ашу немесе жылжымалы дәріхана пунктерімен қамту мәселесін көтердім. Мұндай пунктер қазір Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарына ауадай қажет болып тұр. Түйткілмен жіті танысқан аймақ басшысы Ербол Шы­рақ­пайұлы облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспа­­новаға арнайы тапсырма берді. Енді бұл мәселемен аталған басқарма айналысады, – дейді Манат Тұрарұлы. Ал облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы жоғарыдан тапсырма түскеннен кейін шалғай ауыл тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы дәріхана пунктерін ашу жұмыстарын бастап кеткен. Алайда бұл жобаға жан бітіру үшін ең алдымен облыстық мәслихаттың қарауынан өту қажет. Әйтеуір, басқарма бастамасы халық қалаулылары тарапынан қолдау табады деп сенейік. 

Осы тұста «Неге ауылдардағы кә­сіп­керлер бір-бір дәріхана ашып, тұр­­ғындарды медициналық бұйымдармен қамтымайды?» деген орынды сұрақ тууы мүмкін. Себебі дәрі-дәрмек саудасы пайданың қайнар көзі екенін өмірдің өзі көрсетіп тұр. Алайда қазір дәріхана ашуға қажетті лицензия алу қиынның-қиыны болып кеткен. Маман­дардың айтуынша, бұрын медицина бағы­­тында білім алған кез-келген қыз­меткерге дәріхана ашуға рұқсат берілсе, қазір тек фармацевтика саласында бес жылдық стажы бар адамдарға лицензия алу мүмкіндігі қарастырылған. Оған қоса қазір дәріхана ашу үшін дәрі-дәрмекті сақтау орны, оны қорғау, қажет болған кезде заласыздандыру сынды талаптар да кү­шейген. Осыған байланысты көп биз­несменнің қаржысы бола тұра, қолы байлаулы. 

Өткен жылы Денсаулық сақтау ми­нистрлігі еліміз бойынша 200-ден астам елді мекенде медициналық нысандар жоқ екенін мәлімдеген. Сондай-ақ 400-ге жуық ауыл­дарда медициналық мекемелер сенімгерлік басқаруға беріліп кеткенін жеткізген. Енді бұған дәріханасы жоқ ауылдарды қосыңыз. Сонда мұндай жағ­даймен ұлт саулығы мен ұрпақ амандығы туралы не айтуға болады? 

Бәлкім Денсаулық сақтау министрлігіне дәріхана ашу лицензиясына қатысты шектеулерді тағы бір зердеден өткізу керек шығар. Сонда мүмкін тараптарға тиімді бір шешімі табылып қалар. Ал одан ұлт денсаулығы ұтпаса, ұтылмасы анық. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы