Агро немесе ауылдық туризм – бұл кешенді туристік орта. Мұнда ауылдың табиғи, мәдени, тарихи және қолөнер мен диқаншылықтың ерекшелігімен танысады.
Агротуризм ауылды көркейтсе игі...
842
оқылды

Сонымен бірге саяхатшылар жергілікті мә­дениет пен әдет-ғұрыптың тылсы­мымен тыныстауына болады. Ту­ризм­нің бұл түрі Испанияда, Италия­да, Францияда және Беларусь елінде жақсы дамыған. Біздің елі­мізде аталған саланы дамыту кешенді түрде қолға алынбай, кенжелеп қалып отыр. Бірақ сарапшылар Қазақстан агро­туризмге сұранып тұрған ел екенін айтады.

Елімізде осы ауыл туризмімен түбегейлі айналысып отырған бірде-бір мекеме жоқ екен. Айналысатын азаматтар ғана бар. Олардың өзінің көп дүниеге қолы жете бермейді. Бұл саланы дамытқысы келе­тіндер әзірге мәдениет пен ел жанашырлары ғана. Елімізде ресми дерек бойынша, 2 800-ден астам тіркелген туристік мекеме бар көрінеді. Ең өкініштісі сол, қолымызға тиген тізімдегі туристік агенттіктердің ішінен біз ауылдық туризммен айна­лыса­тындарын таппадық. Барлығы дерлік сырт елдерге саяхатшыларды жіберумен ғана ақша тауып отыр. 

Былтыр еліміздің бірнеше облысында БҰҰ-ның даму бағдарламасының қолдауы­мен қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығы мобильді оқыту семинарларын ұйымдастырған болатын. Басты мақсат – өңірдегі туристік әлеуетті арттыру, ауыл тұрғындары үшін табыс көзін жасау және ұлттық салт-дәстүрдің жауһарларын насихаттау. Қатысқандардың дені ауылдық жерлерде тұратын отбасылар екенін айтады Агро және ауылдық туризм қауымдастығы төрағасының орынбасары Алмас Танғытұлы.

«Қазір біз ауылдарға барып ауыл тұр­ғын­дарын ауыл туризмі саласына оқы­ту­мен ғана шектеліп отырмыз. Басқа қаражат көзінің де ыңғайы болмай тұр. Негізі, сәл ғана икемделсек, біз толықтай ауыл тури­зміне дайынбыз», – дейді ол. 

Агротуризм әлемде ең табысы мол сала болғандықтан, біздің де осы саланы дамытып, пайда көруімізге болмас па еді деген ойға қаласың. Қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, ауылда мұнымен айналысқысы келетін жандар бар. Бірақ көбі шаруашылық немесе кәсіпкер ретінде тіркеліп,  жұмыс жүргізуден қорқатын көрінеді. Себеп – кәсіпкер болған соң салық төлеу міндеттеледі, екінші түрлі тексеріс келіп, өзі де аяққа тұра алмай отырған кәсіптің берекесін қашырады-мыс.  Сол себепті мемлекеттің «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы сияқты  жобалары негізінде агротуризмге жеңілдік жасалып, түрліше қолдау көрсетілсе игі.

Халық өз тұрмысынан ұялады

«Беларусь елінде ауылдық туризмді Ауыл шаруашылығы министрлігі ерекше қамқорлығына алып отыр. Бізде мұндай мүлде жоқ. Қауымдастық тарапынан елі­міз­дің Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат та жаздық, нәтиже болмады. Біз қазір тран­зитті мемлекет рөлін атқарып отыр­мыз. Саяхатшылардың дені Қырғыз асып, моңғол өтіп кетеді. Себебі ол жақ­тарда агротуризм жолға қойылған. Халық өзінде барды оларға ұсына алады. Олар туристерге ашық. Бізде осы ашықтық жоқ. Халық өз тұрмысынан өзі ұялады. Туризмде ұялу, қымсыну болмауы керек. Ашық болу керек. Біз осыны үйретеміз», – дейді Алмас Танғытұлы. Шынымен де, біздің ел уақыт өткен сайын жабық болып бара жатқанға ұқсайды. Тіпті, біз бір-біріміздің үйімізге шақырусыз барудан қалдық. Демек, жабық ұлтқа айналып бара жатырмыз. Бұл батыс­тың қалалық дәстүрі екенін айтады сарап­шыларымыз.  

Қазір туристер қала мен сол қалалар­дағы жайлы демалыс орындарынан гөрі ауыл аралап, ел кезіп, адамзаттың табиғи өмір сүруін көруді мақсат ететін болған. Тек біздегі демалысқұмарлар ғана әлгі жай­лы қонақүй мен жұмсақ төсек, көк теңізді көру мақсатында шегара асып жатады екен. Биыл елімізге алыс-жақын шетелдерден 1,4 миллион шамасында турист саяхаттап келеді деп болжанып отыр. Бізді бағдар еткен саяхатшылар аспанмен таласқан ғимараттарды емес, даланы, табиғатты, халықтың тұрмысы мен тіршілігін көруге асық. 

Туризм және спорт министрлігі Қазақ­стандағы ТОП-20 басым туристік аймақтың толық тізімін жариялаған екен. Арасында ауыл туризміне байланысты нысан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр Қазақстаннан шетелге 3,5 млн турист саяхаттаған. Ал біздің елге келе­тіндердің саны 1 миллионға жуық. Биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға дейін өседі деп жоғарыда айттық.  Ал осы жерде ішкі туризмді дамытып, бір арнасын агро­туризмге қарай бағыттасақ, ұтылмай­тынымыз шындық. 

«Егер агротуризмді дамытсақ, ауыл халқының өркениетке ұмтылуы артар еді. Жастар білімді болуға тырысады. Тіпті, мектеп жасындағы балалардың өзі бір емес, бірнеше шетел тілін өздігінен меңгеріп, ел мен жергілікті өңірлердің тарихын жаттап алады. Көрші Моңғолия мемлекетіне жаса­ған саяхаттарымда осыған көзім жетті. Се­бе­бі олар кез келген уақытта үйге кіріп келе­тін шетелдіктерді жатырқамайды. Саяхатшыларға барын ұсынып, тұрмысын еш қысылмай дәріптейтін ауыл халқы. Олармен тіл табысу балалар арқылы жүр­гізіледі екен. Мұндайдың бірнеше рет куәсі де болдық. Ал қырғыз елінде агротуризм кәдімгідей үлкен деңгейге жеткен. Кез кел­ген жайлауға бағдарлар бекітіліп, мамандар жұмыс істеп отыр», – дейді саяхатшы, «Жалғыз жолаушы» YouTube арнасының әкімгері Санат Ілияс. 

Бәрібір заңмен шектеледі

Еліміздің туристік компаниялары Қазақ­станның Туристік қызмет туралы заңына сәйкес әрекет етеді. Бұл ретте турис­тiк операторлық қызмет атқару үшін лицензия алу қажет. Туристік оператор­лар­ға лицензияны Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы ко­митеті және жергілікті атқарушы органдар беруге құқылы. Kazakh Tourism ҰК АҚ бас­пасөз қызметінің хабарлауынша, тур­опера­тор мен турагенттің өзара әрекеті Қазақстан Республикасындағы Туристік қызмет туралы заңмен реттеледі. Ал  Туризм және спорт министрлігінің жуықта болған кеңейтілген алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр туристік нысандардың аумағында туристерге ыңғайлы  сервис жасауды тапсырды. Роман Скляр өз сөзінде туристік аймақтарда интернет пен бай­ланыс орнату, автожол төсемінің жабынын жаңартуды жүргізу, визалық-көші-қон режимін жақсарту және туристер үшін қолай­лы саяхатты қамтамасыз ету үшін Қазақстанның курорттық аймақ­тарына әуе­сапарларының жиілігін арттыру маңыз­ды екенін баса айтты. 

Этномәдениет пен агротуризм – егіз ұғым

Этнотуризм – бұл жергілікті халықтың салт-дәстүрімен, қолөнерімен,  мәде­ниеті­мен, тұрмысымен, тарихымен және шы­ғарма­шылығымен танысу. Қарапайым тілмен айтқанда, этнотуризм белгілі бір ұлттың өзгешелігіне бойлап, оның өмірі мен мәдениеті туралы түсінікті кеңейту. Сонымен қатар мұндай туризм аясында тарихты тереңірек біліп, бұған дейін саяхатшыға беймәлім шағын этностар мен олардың тұрмыс-тіршілігімен етене таны­сып, бірге тыныстау. 

«Ғаламдық жаһандану көшіне ілесеміз деп ұлтымыздың құндылығы өзінің қадір-қасиетінен айырылып, жастарымыз салт-дәстүрімізді ескінің сарқыншағы деп қарай­тын деңгейге жеттік. Біздің мемлекет осы жерде ауылды қолдаумен бірге мәдениетіміз бен ғұрпымызды да қолдауы керек. Қазір ауыл шаруашылығы құрылым­дарына аса ірі көлемде қаражат бөлініп жатыр. Осы қаражаттың кемінде 1 пайызын болса да агротуризмге бөлсе деген ұсыны­сым бар. Этномәдениет пен агротуризмді шағын ғана кәсіпорындар қолға алып жүр. Олардың қолынан ауқымды шаруа келмей­ді. Сондықтан ұлттық компаниялар арқы­лы қаржылай қолдау қажет. Мемлекет кө­мек бермесе жағдай қиын», – дейді этно­мәдени технологиялар жөніндегі сарапшы Алтынай Тәңірберген. 

Былтыр «Орталық Азияның Еуразия қоры» КҚ «Шеврон» компаниясымен серіктестесе отырып, «Байтақ жер» жоба­сы шеңберінде 9 ақмолалық кәсіпкерге агро және этно­туризмді дамыту үшін 4-7 млн теңге шама­сында екі жылға дейін пайызсыз қарыз беруді қамтамасыз етіп отыр. Шын мәнін­де, бұл – үлкен қолдау. Ақмола ғана емес, мемлекет тарапынан еліміздің әр өңірінде осындай қолдау  болса игі еді.

«Ұрпағымыз төрт түліктің атын білуден қалып барады. Мемлекет тарапынан қол­дау көрсетілмегеннен кейін этномәдениет пен агротуризм мүлде ойсырап қалды. Ең өкініштісі сол, бізде бұған жағдай жасал­маған. Өзім бас болып «Қара шаңырақ» жобасы негізінде этноауыл мәдениетін қалыптастырмақ оймен қала сыртына 2 бірдей бозүй тіктім. Жаз бойы қонақтардан босамадық. Қызығатындар өте көп. Тіпті, атқа мініп, серуендеп, сиыр сауып, қой бағып көргісі келетіндер де көп екен. Сая­хатшылардың кейбірі тракторға отырып, комбайнмен егін орып, шөп шапқанның қызығына кенелгісі келеді екен.  Бізде мұндай жағдай болмады. Қызығушы көп, қолдаушы жоқ. Әрине, кейбір жанашырлар қолындағы барымен бөлісті.  Талай жерге хат та жаздық, талай есікті де қақтық. Бірақ шын мәнінде қолдау болмады. Адамдар осы күнге дейін хабарласып, этноауыл­дарыңызға барып демалсақ, тұсаукесер, беташар рәсімдерін жасасақ деп хабар­ласа­ды. Инфрақұрылымның болмауы себепті жұмысымыз алға баспады», – дейді «Қара шаңы­рақ» ҚБ директоры Тұрар Сәттар­қызы.  

Түп тарихты танып-білуге құштар турис­тер белгілі бір аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан ұлттық мұраның ұлағатын ұғынғысы келеді. Көп көңіліндегі қызығушылықтың кәдесіне жарайтын көл-көсір дүние еліміздің кез келген өңірінде жетіп артылатыны рас. Аңызы мен ақиқаты аралас тарихи мекендер жүргін­шілердің қызығушылығын туғызбай қоймасы анық. Бірақ мұндай тарихи орындарға бара қалсаң, не қонар орын, не түстенер жай жоқ. Сарапшылары­мыз­дың айтып отырғаны да осы. Ең бол­маса тарихи мекендердің маңына агро­туризм негізінде этноауыл құру қажет. Сол кезде турист те алаңсыз ағылып келер деген пікірде олар. 

Бердібек ҚАБАЙ