Наурыз мейрамы қарсаңында Ұлан Сайтмухаевтың шаңырағында болып келдік. Ата-баба дәстүрін үзбей бүгінгі күнге дейін жалғап келе жатқан заманауи қазақ туралы толығырақ баяндап көрейік...
Ұлан Сайтмухаевтың есімі батыс жұрты үшін өте жақсы таныс. Ұлан қайыстан қамшы өреді, арғымақ баптап, тазы жүгіртеді. Бір қызығы, Ұлан Сайтмухаевтың мамандығы – қаржыгер. Әдетте қаржы, экономика саласының мамандары орыстілді, қазақы ғұрыптарды қабылдай бермейтін өзге ортаның адамдары болып келетіні жасырын емес. Бірақ Ұлан Сайтмухаевпен танысқан әр адам жоғарыдағы түсініктің шындыққа жанаспайтынын ұғады. Себебі біздің кейіпкеріміз ата дәстүрді сақтай отырып мемлекеттік қызметте жүр.
Ұланның ауласына кірген бетте көзіміз қораның қабырғасында ілулі тұрған үлкен қошқардың мүйізіне түсті. Иә, кәдімгі қораның қабырғасына қошқардың мүйізін іліп қойыпты. Алға қарай жүрген сәтте қораның екінші тұсында бұғының мүйізі ілініп тұрғанын байқап қалдық. Кейіпкерімізден мұның себебін сұрадық.
– Бұл ежелгі қазақтың дәстүрі ғой. Бұрын бабаларымыз малды қырда, жайлауда баққан. Сосын қораның төбесіне осылай сиырдың, таутекенің мүйізін іліп қоятын болған. Пәле-жала жақындамасын деген сенімнен туған ғой. Мен де сол ежелгі дәстүр бойынша қошқар мен бұғының мүйізін іліп қойдым. Бұл жай наным-сенім ғой, – деп күледі Ұлан өзі.
Батыс жұрты Ұлан Сайтмухаевты қамшы өретін шебер ретінде де жақсы таниды. Біздің кейіпкеріміз алты, үш таспалы қамшы өреді. Біз Ұлан ағайдың үйіне кірген бетте құдды бір музейге кіріп кеткендей әсерде болдық. Жарға түскиіз ілініпті. Оның үстіне қасқырлардың терісі мен қамшы қойылған.
– Мен ерекше бірдеңе ойлап таптым деп есептемеймін. Бұл – кәдімгі қазақтың өз ата дәстүрі. Салты. Бұл біздің қанымызда бар дүние ғой. Мынау – түскиіз. Мұны Алматыға тапсырыс беріп жасаттым. Мына бұйымды «қылқаққыш» деп атаймыз. Немесе қолаң дейді. Бұл жылқының құйрығынан жасалады. Мынау – текенің мүйіздері. Осындай дүниелерді көріп өскеннен кейін ішкі дүниеміздің талабы – ұлттық құндылықтарды жақсы көрген соң осылай безендірілген бөлме. Ал мынау тұрғандар – қасқырдың терісі. Бұлардың ішінде Теректі және Орда топырағынан ұсталған қасқырлардың терісі бар. Мен қасқырдың терісін бесікке де жауып қоямын. Кішкентай қызым бесікке ұйықтайды. Үстінен қасқырдың терісімен жауып қоямыз. Біріншіден, жылы, екіншіден, ештеңе жақындамайды. Бұл да біздің бабаларымыздан келе жатқан сенім ғой, – деп атап өтті Ұлан Сайтмухаев.
Дәл осы тұста әңгімеге Ұланның анасы Айни апай араласты.
Айналайын, ұлттық құндылықтар әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттарынан тұрады. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Менің ойымша, сол құндылықтардың арқасында біз өзіміздің халықтық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Бізді кім таныса да осы қалпымызда тануы керек. Міне, осы қазақтың болмысы, бары. Мен балаларымды бір ғана нәрсемен тәрбиелеп келемін. «Тек адам болыңдар» деймін. Яғни, өз ұлтына сай адам бол. Ал ол үшін отбасындағы тәрбие дұрыс болуы керек. Біз өмір бойына қазақы ауылда тұрдық, балалар осы қазақылықты көріп өсті, – дейді анасы Айни Оңғарбаева.
Ұлттық болмысты дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы – тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Әкесі мен баласы, қызы мен анасы, бозбала мен бойжеткен арасындағы жарасты қарым-қатынас – отбасындағы ұлттық дәстүрді берік ұстанудың бір жолы. Халқымыз ұлын нарға, қызын арға балап, татулықты абысындар арасынан тапқан, жігіттің бойынан елге қорған боларлық батырлық қасиетті іздеген. Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған.
Иә, расымен де, Ұлан ағайдың үйіне кірген адам таза қазақылықтың ортасына топ ете қалады. Бүгінгідей техниканың сан алуан түрі дамыған заманда да төрге киіз төсеп, қамшы өретін қазақты табу қиынның қиыны. Ал Ұлан Сайтмұхаев күнделікті өмірін қазақтың ата дәстүрімен байлап тастаған.
– Тазы жүгіртемін. Бұл – менің ең сүйікті тірлігім. Аңға тазы салу деген бір ғанибет тірлік қой. Бұлар жүгіргенде ұзын болып созылып, өте әдемі жүгіреді. Оның ләззатын мен ғана түсінемін. Мынау менің «Найманкөз» атты айғырым. Өзі жорға. Мінезді жылқы. Осыны ерттеп мініп, сенбі-жексенбі 6-7 сағатқа далаға кетемін. Ешкімнің мазасын алмаймын. Еркіндікті жақсы көремін. Дала кезіп, аңшылық құрып, кешкісін бір-ақ қайтамын, – дейді атбегілік өнерді жаны сүйетін Ұлан.
Біздің кейіпкеріміз жеті өнерді меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы жан ғана емес. Ол – мейірімді әке, қамқор аға. Ұлан Сайтмұхевтың қолында қазір ағасының екі баласы бар. Ағасы қайтыс болғаннан кейін оның екі баласын өз тәрбиесіне алған.
«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақпыз ғой . Өз қанымызды өзіміз тәрбиелейміз деп шештік. Балалар өз тегін біліп, қанға тартып өсуі керек», – дейді әңгімеге араласқан Айни апай.
Айни апай да мемлекеттік қызметте ұзақ жыл қызмет атқарған. Қазір зейнетте.
– Бала тәрбиесінде басты нәрсе – тіл. Егер баланы қазақ тілінде оқытып, сол тілде ойлауға үйретсең, сол ұлтқа қызмет етеді. Ол мейлі Америкада тұрса да, дәл осы қазақы қоңыр тірлігін ұмытпайды. Ал енді заманауи бала өсіремін деп өзге тілде шүлдірлетіп қойсаң, шетелге кетісімен өзінің қазақ екенін ұмытып кетеді. Бала өзінің кім екенін ұмытпас үшін тамыры мығым, терең болуы керек. Ал адамның тамыры ұлттың дәстүрі мен талғамында жатыр, айналайын, – деп Айни апай бізге ақ батасын берді.
«Ұлттық құндылық» туралы әрбір азамат та тура түсінік болуы керек. Құндылықтың маңыз-мақсатын білмей тұрып құндылықтан сөз ашу да қиын.
Дін – ол сенім, ал дәстүр – наным. Сенімге әркім «е, солай ма екен» деп сенуге қақылы. Ал наным – бұл дәстүр, ол ұзақ уақыттық тарихтың шыңдалуынан өткен ұлттық болмыс. Сондықтан сенім-нанымның орнын басу мүмкін емес, егер сенім-нанымның орнын басар болса, ұлттық дәстүр де, ұлттың болмысы да құрдымға кеткені.
Осы пікірді біздің кейіпкеріміз де қолдап отыр. Ұлан өзі қазақтың наным-сенімдеріне қатты көңіл бөлетін азамат. Ұлттың наным-сенімі тегіннен-тегін ойлап шығарылмаған деген ойын біздің кейіпкеріміз былай жалғады.
«Мына тұрған қасқырлардың терісі. Ана тұрған тауешкінің мүйізі – бәрі де наным-сенімдермен байланысты. Бұлардың бәрінің киесі бар. Ана құрқылтайдың ұясын көрдіңіз бе? Мұны Алматыдан арнайы алып келдім. Мен өзім мемлекеттік қызметте жүрсем де ұлттың наным-сенімдері туралы қорықпай айта беремін. Мұны дінмен шатастырмау керек. Бұл – дәстүр», – дейді.
Біз Ұлан Сайтмухаевтың жұмыс кабинетіндегі үстел үстінен алшысынан жатқан асықтарды көрдік. Біздің кейіпкеріміздің асық пен тобық жинайтын хоббиі бар екен. Әр асық пен тобықты қайдан әкелгені туралы да ерінбей сағаттап айта алады.
Алшысынан жатқан асықтарға қарап кейіпкеріміздің қандай ырымға балағанын түсіне қойдық. Асығы алшысынан түссе, қуанатын қазақпыз ғой. Кетіп бара жатып «Асығыңыз үнемі алшысына түссін» деп жақсы тілек айттық».
Ал Ұланның анасы «Өзіңе қызмет етпеген бала ұлтқа қызмет етпейді. Ал ұлтқа, Отанға қызмет ету үшін сол ұлттың жан дүниесін ұғу керек, ұлттың жан дүниесі наным-сенім мен ғұрпында жатыр» деп бізге сәттілік тіледі.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы