Цирк – біз мүмкін емес деп санаған дүниелерді көз алдымызда орындап, күдігімізді сейілтетін өнер түрі.
Цирк – тәуекелшілдер мекені
869
оқылды

Небір сиқыр көрсететін сиқыршылар мен іс-әрекеттері арқылы көпшіліктің езуіне күлкі ұялатқан сайқымазақтардың өнеріне таңғалатынымыз рас. Оны қоя тұрайық. Алаңда жан-жануарлардың тілін тауып, дегеніне көндіріп, оларды би билеуге үйреткен бапкерлердің шеберлігін айтсаңызшы. Ал әуені бағындыра білген акробаттар, соншама биіктіктегі жіңішке арқанды жүріп өтетін цирк әртістерінің шеберлігі де үлкен таңданыс тудырады. 

Цирктің басты кейіпкері – еңсеріл­мейтін кедергілерден өтетін, өзінің фи­зикалық еңбегін, батылдығын көрсетіп, көрерменін қызықтыру үшін көркем образ жасайтын әртіс. Осы саланың белесін бағындырып жүрген Шымкент-цирктің кәсіби шебері Абылайхан Жан­дарбекұлы да «тылсым» өнерге келгеніне біраз жылдың жүзі болған. Оның адам жүрегі дауалай бермейтін са­лаға жас­тайы­нан қызығушылығы артқан екен. Қазақ жігіті «cегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек деген ұстаныммен жүретін әртіс цирк алаңында түрлі трюк­термен қоса, ат құлағында ойнайтын шабандоз­дардың қатарында. Айтуынша, бұл өнерге әкесі баулыған.

«Спортқа, акробатикаға деген махаб­батым­ды оятқан адам – әкем. Сегіз жа­сым­да циркке ерекше ықыласым ауды. Сегіз жасымнан бастап әкем мені спорт мектебіне берді. Ол мектепте арнайы акробаттар бөлімінде машық­тандым. Спорт мектебін аяқтаған соң, Ал­маты қаласындағы Ж.Елебеков атын­дағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, төрт жыл тәжірибемді шыңдадым. Спорт мектебіндегі бағытым – акро­батика. Әкеммен бірге жүріп, әмбебап клоун, жонглерді үйрендім», – дейді Абылайхан.

Циркте сегіз жанр бар. Солардың ішіндегі қызығушылығы басым түскені – арқанда жүру. Бұл бағытты игеру ұзақ уақытты қажет етеді. Алғашында метр­ден басталатын жіптің биіктігі де арта береді. Цирк әртісінің айтуынша, қор­қы­ныш сезімі әлі күнге дейін болады, ол – заңдылық. Кейбір цирк әртістері сах­наға шығар алдында өздерінің қорқы­нышын жеңу үшін тыныштан­дыратын дәрі ішіп алатын көрінеді, ал бүгінгі кейіпкеріміз көрермен алдына шығатын кезде іштей сандарды кері санап, бойын­дағы қобалжу сезімін жеңетінін айтты.

«Ең бірінші өнер көрсеткен кезде бо­йымды неше түрлі қорқыныш билейтін еді. Циркте жүргенде түрлі халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Бір фести­вальге жүзге жуық мемлекеттен қатысу­шылар келеді. Сайысқа түскен кезде тек көрсететін нөміріме емес, ден­сау­лығыма да алаңдап кетемін. Бастапқы кезде сахнаға шығар алдында қатты қо­бал­жығанымнан дұға мен сүре­лер оқып та шығатын едім. Кейде аренада қалай өнер көрсеткенімді сезбей қалушы едім. Өйткені цирк – тәуекелшілдер алаңы. Қазір бойым ондай дүниелерге әлдеқайда үйренген, түрлі фестиваль­дерде бақ сы­на­дым. Бәсекелестеріммен бір толқында, бір сахнада тұрып өнер көрсетіп үйреніп қалдым. Уақыт өте келе тәжірибе де, өзіме деген сенімділік те қалыптасты», – дейді ол.

Төгілген маңдай тер мен көп қажырлы еңбекті талап ететін өнер саласында қызмет етіп жүргендердің дені – жастар. Бірі қызғушылықпен барса, енді бірі спорттың бір түрі деп тәжірибесін шың­дау үшін барады. Әңгіме етіп отырған арқанда жүру өнері жұртқа керемет көңіл күй сыйлайтын болса, бір жағынан өнер көрсетуші адамның денсаулығына тигі­зе­тін зиянды тұстары да бар. Абылайхан бұл саладан бірнеше рет ат басын ары тұтып, алыстап кетсе де, уақыт өте келе өз орны циркте екенін түсінген. 

«Акробаттар секірген кезде түрлі жара­қаттар алуы әбден мүмкін, өзім аяғымды сындырып алған кез де болды. Сондықтан жаттығуда қателікпен жұ­мыс істеп, әр қимылыңа ерекше мән бе­руің керек. Біз күнде тыныс алу жол­дарына жаттығу жасаймыз, таңда және кешке жасайтын міндеттелген жаттығу­ларымыз да бар. Егер күнделікті жаттығу жасамасаң, өзіңнің бабыңнан кетіп қа­ла­сың. Сахнада сасқалақтау, жаңылысу болуы мүмкін. Мұны осы саланың бола­шақ мамандары кеңес деп қабылдасын. Өзім цирктен қанша кетсем де, маман­дығыма деген махаббатым күшті болғаны ғой. Цирк тілінде «Цирк – батпақ» деген сөз бар. Оған кірген адам қайта шыға ал­май қалады. Бізде де сон­дай нәрсе. Бұрын цирктен кетіп қалған кездерім де болды. Өзіміздің жанымыз өнерге құштар болғандықтан, әлі күнге дейін өнерде жүрген себебіміз осы шығар» деп ойын түйді цирк әртісі.

Цирк – бағалануға тиіс өнер түрі. Италияда – 370 цирк, Ресейде – 68, көр­шілес Қырғызстанда жалғыз цирк бар екен. Ал елімізде бас-аяғы төрт цирк бар. Әлемнің бірқатар елдерінде болған әртіс: 

 «Біздің елде цирк өнеріне аса қатты көңіл бөлінеді деп айта алмаймын. Жалпы, үлкен спорт саласына дұрыс мән берілмесе, бұл салаға да аса зор көңіл бөлінгенін байқамадым. Циркте «пик» деген ұғым бар. Ең мықты әртіс қатарын­дағылар шетелдерде жұмыс істейді. Өйткені шетел мұндай өнерді бізге қарағанда әлдеқайда жақсырақ бағалай­ды. Шынымды айтсам, бүгінге дейінгі төгілген маңдай тер ақталды деп те айта алмаймын, өйткені қазір бұл сала өте ақсап тұр. Қазіргі қауым цирк тек бала­лар үшін деген қағидамен қатып қалған сияқты, ал циркте сіз білмейтін қанша дүние жатыр», – деді А.Жандар­бекұлы. Ол қазір «тылсым» өнерге жастардың құлшынысы артып тұрған шақта циркке елеулі назар аудару керек екенін тілге тиек етті. «Өйткені цирк өнерін еліміздің спортын да, мәдениетін де әлемдік аренада танытудың бір құралы деп айтар едім. Алдағы уақытта қазақ циркін дү­ние­жүзіне танымал еткім келеді. Жалпы, цирк өнерінің үздіксіз дамығанын қалаймын. Себебі бұл өнер­дің көзге кө­ріне бермейтін қиын­дығы мен машақаты көп. Жасыратыны жоқ, жас­тарымыз зиянды әдеттерге әуес, көп­шілігі дерлік артық салмақпен күресіп жүр. Ал цирк пен спорт – денсау­лықтың кепілі», – деді әртіс. Егер оған өз деңгейінде көңіл бөлінбесе, оған келетін мамандардың азайып кетуі ға­жап емес. Сондықтан әлемде барлық саладан алда болуды көз­десек, цирк өнерін де назардан тыс қалдырмаған абзал. Қалай дегенмен, еліміздің өнер кеңістігі келешекте тары­лып қалмаса болғаны.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ