Қазір жұмыс бабымен, білім көкжиегін кеңейту мақсатында өзге елдің топырағын басып жүрген қазақтар қаншама? Ішінде Ұлыстың ұлы күнін айрықша тойлап жатқандары да баршылық. Түрлі себептермен әлемнің әр түкпірінде жүрген қазақтардан Ұлттық мейрамды қалай өткізіп жатқаны жайында сұрап едік.
Еліміздің белгілі әнші-композиторы Марат Омаров қазір отбасымен Лос-Анджелесте тұрып жатыр. Биыл екінші рет Наурыз мерекесін осы қалада тойламақ. Былтыр Чикаго, Бостон, Вашингтон қалаларында өткізілген Наурыз мерекесіне қатысып, Дүйсенбек Қанатбаевтың сөзіне жазылған «Наурыз-көктем» әнін шырқаған. Биыл шығармашылық интеллегенция өкілдеріне арналған Наурыз мейрамын ұйымдастырып, оның шымылдығын осы әнімен ашады.
«23 наурызда осындағы кинорежиссер, әншілер, отандастарымызды жинап Наурыз тойын өткіземіз. Мереке кинорежиссер Эркен Ялгашевтің түсірілім алаңында өтеді. Күндіз келген қонақтарға наурыз көже таратамыз. Былтыр наурыз көже таратқанда жергілікті тұрғындар тегін бе таңғалған, әнімізге қызыққан. Биыл да бізден осыны күтіп жүр. Қазір өзім киноиндустрия саласында жүргендіктен, осындағы достарым мен әріптестерім, қызым оқып жатқан Нью-Йорк Кино академиясының өкілдері Наурыздың қалай тойланатынына қызығып отыр. Атаулы мерекені тойлауға дайындық қызу жүріп жатыр, «Наурыз-көктем» әніне флэшмоб дайындап жатырмыз», – деді композитор.
Айтуынша, мерекелік концертте домбыра, жетіген аспаптарының тарихы түсіндіріліп, күй шырқалады, соқыр теке мен арқан тартыс ойындары өтеді. Ойынға келген өзге ұлт өкілдерінің өзі де қатыса алады. Барлығы ұлттық киімде жүретіндіктен, арасынан ең үздік киім кигендерге арнайы сыйлықтар беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Моңғолиядан келген қазақ қолөнер шеберлері өздерінің туындыларынан көрме қояды. Композитордың жұбайы Перизат Балғабаева ұйымдастырылған шарадан бөлек, отбасылары да мейрамды ерекше өткізетінімен бөлісті. Қазір елімізде ұлттық киімдерді киіп жүру сәнге айналып келе жатыр. Ал Перизат Балғабаева бүгінге дейін үстінен ұлттық киімдерді шешпегенін, оның құнды екенін айтып берді.
«Ұлттық киімдеріміздің қадірін қашырмауымыз керек. Қайда барсақ та міндетті түрде ұлттық үлгіде тігілген киіммен жүреміз. Бұл есіктен кіргеннен жұрт назарын аударады. Ал мейрамға келсек, ол – қазақтың жаңа жылы. Отбасымызда мынадай қалыптасқан дәстүр бар: көршілеріміз – үнділер, америкалықтар. Наурызда пісірген шелпек пен бауырсақтан дәм татсын деп оларға үлестіріп береміз. Бұл – қазаққа тән үрдіс. Олар да біліп қалды, Наурызда қандай тамақ ұсынар екен деп күтетін болды. Осы жақта жүрген әр қазақ Наурыз мерекесін ерекше тойлайды, өйткені әрбірі елін сағынғандықтан мейрамды өткізуге махаббатпен дайындалады. Бұның алдында Республика күніне орай флэшмоб өткізіп едік, келген әр қазақтың жүзінен еліне деген сағынышы көрініп тұрды. «Шаңырақтан дәм татқан бір жолаушының артынан мыңдаған періште келеді» деген бар емес пе?! Қазақтың әр баласына есігіміз ашық, дастарханымыз жаюлы. Үйде күйсандық бар. Келгендерге Мәкең әсем әнін орындап береді. Қайда жүрсек те ата-бабадан қалған қонақжайлығымызды ұмытқан емеспіз», – дейді П.Балғабаева.
2007 жылдан бері АҚШ-та тұратын Алтынбек Мұратұлы ұлттық құндылықтарымызды Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде дәріптеп жүруді әдетке айналдырған.
«Қазақтың ұлттық дүниелері үнемі үйімізде дайын тұрады. Шамамыз келгенше ұлттық қолөнерді бағалап жүрміз. Түскиіз бен текеметтің модерн түрлері үйімізге сән беріп тұрады. Дегенмен Ұлыстың ұлы күнін пайдаланып, 10 жасар қызымыз бен 6 жасар ұлымызға ұмытылып бара жатқан мәдениетімізді, басқа уақытта мән беріле бермейтін ұлттық ойындар мен дәстүрлерімізді мейрам арқылы түсіндіруге тырысамыз. Соңғы екі жылда балаларымыздың достарын қазақы дастарханнан дәм татуға шақыруды, наурызкөже ұсынып, асық ойнатуды отбасылық әдетке айналдырдық. Мұнымыз тек мереке қарсаңында болмайды. Америкалық балаларға асықпен, сүйекпен ойын ойнау ерекше әсер етеді екен, әбден қызықты», – дейді Алтынбек.
Ұлттық дүниелерімізді күнделікті тұрмыста пайдаланып жүрсе де, Ұлыстың ұлы күнін атап өтеді екен. Айтуынша, мерекені тойлау үш күнге дейін жалғасады. Бірінші күні балалардың, кейін өздерінің достары үшін ұлттық тағамнан мерекелік дастархан жайылады.
«Жұбайым ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді заманауи тұрғыда пайдалануды дәріптеумен айналысып жүр, жүздеген жылдық тарихы бар текемет, әшекейлердің жинағын жасайды. Былтыр Наурыз мейрамы қарсаңында америкалықтарға қазақтың көне 100-150 жыл бұрын тігілген текемет пен әшекей бұйымдардың коллекциясы жинақталған кітабын дайындаған еді. Америкалықтар өзге ұлттың салт-дәстүріне, қолөнеріне қызығатын халық қой. Соған байланысты ұлттық қолөнерімізді заманауи үлгіде қалай пайдалануға болатынын көрсетіп жүрміз. Америкалық көршілеріміз осындай дүниелерге өте қатты қызыға қарап жүр», – деді ұлттық құндылығымызды Бостонда дәріптеп жүрген А. Мұратұлы.
Ал «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Жанар Тұрлыбекқызы алғаш рет Наурыз мейрамын шетелде тойлап жатыр. Рединг университеті Ұлыстың ұлы күнін қалай өткізіп жатқанын өзінен сұрадық. Айтуынша, атаулы мерекеге өзге ұлт өкілдері де, түркі халықтары да белсене атсалысыпты.
«Тағылымдамадан өтетін уақытымыз 2024 жылы қазақтың жаңа жылына тұспа-тұс келіп, Ұлыбританияның Рединг университетінде оқуымыз басталып кетті. Уақыт жақындаған сайын жан-жақтан мерекелік шаралар ұйымдастырылып, өзге ұлттардың атсалысып жүргенін байқадық. Сол өзге ұлттармен байланысқа шығып, біз де өз дайындығымызды бастадық. Ұлттық тағамдарымызды іздеп, ұлттық киімдерімізді дайындап, ұлттық салт-дәстүрімізден көріністер көрсетуді жоспарлай бастадық. 19 наурызда Рединг университетінде білім алып жатқан қазақ, өзбек, түркімен азаматтарымен бірлесе кешімізді көңілді өткіздік. Кеште ұлттық тағамдар, ұлттық әшекейлер мен жәдігерлерден кішігірім көрме жасап, өзге жерде жүріп өз тілімізде ән шырқып, қазақ тілінде айтылған әнге би билеп ғажап әсермен үйге қайттық. Әз Наурыздың арқасында ағылшын елінде жүргенімізді бір сәтке ұмытып кеттік. Жалпы, қазағымыздың қайда жүрсе де өз дәстүрін ұмытпай дәріптеп жүретіні көкейіміздегі патриоттық сезімізді оятады екен», – деді Ж.Тұрлыбекқызы.
Ұлттық арнаның Вирджиния штатындағы тілшісі Жалғас Сәдібекұлымен байланысқа шыққанымызда, қазір АҚШ-та Наурызды тойлайтын халықтың көп екенін және кейбір штатта мейрамның өткізілу күніне өзгерістер енгенін айтты.
«10 жылдан бері Наурыз фестивалі өткізіледі. Негізінен, оны ұйымдастыратын – парсылар. Бұл фестивальге біз де қатыстық, «Гүлдер» тобы қазақтың биін билеп өнер көрсеткен. Әр штатта қазақтардың өзінің ұйымдары бар. Жыл сайын Виргиния, Мэриленд, Вашингтон шаттары қосылып Наурыз тойлайды. Бірақ биыл Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, мерекені қасиетті айдан кейін өткізу жоспарланып отыр. Сондықтан мейрамға анағұрлым дайындалып жатқан ешкім жоқ. Ал Канаданың Торонто қаласында 23 наурызда өтетін болады. Шетте жүрген қазақтар не дегенмен өзінің елін, жерін сағынады, сондықтан мүмкіндігінше ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын істеп өзінің ұлттық бірегейлігін көрсетуге тырысады. Шынымды айтсам, мерекені тойлау үшін ұйымдастырылған шараға бармасақ, отбасында дастархан жайып, қонақ күту деген жоспарда жоқ. Бірақ бір-бірінің үйіне барған қазақтар міндетті түрде наурыз көже ұсынады», – дейді ол.
Қайда жүрсе де ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып жүретін қазақ азаматтары барда руханиятымыз мәңгі жасары сөзсіз.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ