Ата-бабамыздың таным-талғамынан бас­тау алған, тарихтың тезінен, уақыт­тың сы­ны­­нан шыңдалып өтіп, біздің за­ма­нымызға жет­­кен әз Наурыз ұлты­мыз­дың асыл құнды­лық­­тарының қалып­тасуында маңызды рөл ат­қарды.
Төре Наурыз құндылықтары төрге шықты
фото: Радмир ФАХРУТДИНОВ
873
оқылды

Әлемнің де, адам­ның да жан дүние­сінің жаңғыруына қатар ықпал ететін Ұлыстың ұлы күні қа­зір­гі за­манда ел арасында мейі­рім­ділік пен қайы­рымдылықты, бірлік пен бақ-бе­ре­­кені, келісім мен татулықты нығайтуға үлес қо­сып келеді.   

Мереке заманға сай жаңғыртылады

Наурыздың ұлы құндылықтары бүгінде де өте өзек­ті. Сон­дықтан оның мемлекет пен қоғамның бір-бірі­мен де, табиғатпен де үйлесімде дамуын қам­тамасыз ете ала­тын ғаламат қуат-күшін пай­далану заманауи идеологияның маңызды мін­деттерінің бірі саналады.

ЮНЕСКО ай мен күндей әлемге бірдей адам­зат­тың ортақ қазынасы деп таныған бұл мерекені тәуел­­сіз­діктің 30 жылында еліміздің әр өңірі өзі біл­ге­нін­ше әр­қалай атап өтіп келді. Мысалы, кей­бір өңір жай­лауда ап­пақ киіз үйлер тігіп, қазан қайнатып, ас пісі­ріп, тұр­ғындарды автобустармен таситын. Батыс об­лыстар Кө­рісу, Амал мерекелерін басты орынға қойды. Оң­түс­тік Қазақстан облысы Наурызды қатарынан 9 күн той­лауға талап қылып көрді. 

Қазақстанда Наурызды атап өту өзге мейрам­дардан көп ерекшеленбейтін. Тек тігілген киіз үйлер, құрыл­ған алтыбақан мен ұлттық киімдер оның өзге мейрам емес, әз Наурыз екенін аңғар­татын. 2019 жылдың соңын­­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сыр­­масымен, сол кездегі ел Үкіметі Наурыз мей­рамын мере­­келеудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті. Алай­­да араға жаһандық пандемия кірігіп, 2020 жылы Ұлыс­­тың ұлы күні жаңа тарихта алғаш рет мүлдем той­­лан­бады, азаматтарға жиын-тойға жиналмай, үйде оты­руға кеңес берілді.

Дегенмен Ұлыстың ұлы күнін жаңа мазмұнмен байыту  қажет екені сезілетін. Содан да болар, 2020 жылғы 20 ақпанда өткен «Аза­маттық алаң» пікір­талас клубының алғашқы оты­ры­сында Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тә­сіл­демесі таныс­тырылып, оны ғалымдар мен этног­рафтар тал­қыға салды.

Айтылған ұсыныстарды ескере оты­рып, Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тұжырымдамасының жобасы әзір­ленді. Кейінгі жылдары сарапшылар, ғалымдар мен этнографтар Наурызды мерекелеудің сахналық, фольклорлық сипаты үстем болып кеткенін сынға алып жүрген еді. Әзірлеушілер соны ескеріп, мереке мазмұнын жаңа басым­дықта­ры­мен толықтыруға тырысты.

Онкүндіктің оңды тұстары көп

Әйткенмен, Ұлыстың ұлы күніндегі бүкілхалықтық думанды бірегейлікке, бір қалыпқа келтіру міндет-мақсаты қалған екен. 

2024 жылғы 3 қаңтарда «Егемен Қа­зақстан» газетіне берген сұхбатында Пре­­­зидент Қ.Тоқаев әз-Наурызды бірыңғай, бірегей мерекелеу бастамасына оралды.

– Әз Наурыз – тіршілікті түлете келе­тін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сон­­дықтан төл мерекеміздің мазмұнын ба­­­йы­­­­­тып, оны барынша ерекшелеп, жа­ңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлі­гімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша, биылдан бастап Қа­­­­зақстанда Наурыз мерекесі жаңа фор­­­матта өткізіліп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет ко­митеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, енді жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткі­­зілетін Наурызнама онкүндігі жа­рия­ланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітіліп, еліміздің барлық аймағына жіберілді. 

Комитет басшысы тарихта Наурызды тойлау 8-9 күнге жалғасқанын, оны «Нау­­рызнама» деп атағанын жеткізді. Бұл туралы деректер ұлы философ-жазу­­шыларымыз Махмұд Қашғаридің, Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнан­байұлының, Мұхтар Әуезовтің ең­­­­­­­­бек­­­те­­­­рінде жазылған екен. 

Жаңа тұжырымдама көп жағдайда 2020 жылғысына ұқсайды. 14 нау­рыз – Көрісу күні, Амал мерекесі деп атал­ды. Бұған дейін негізінен, батыс өңірлерінде сақталған дәстүрді барлық аймақта тойлау ұсынылды. 

«15 наурыз – Қайырымдылық күні ретінде белгіленді. Бұл күнді ел бойынша қайы­рымдылыққа, мейірім мен тату көр­шілікке арнаймыз. Қоғамға қайырым­­дылық көрсету мәдениетін сіңіріп, жана­шырлық пен өзара қолұшын беру құн­­­ды­­­лықтарын қалыптастыруымыз қажет. 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні болып белгіленді. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды наси­хаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шаралар өткізіледі», – деді С.Бар­­­лыбаев.

17 наурыз биыл Шаңырақ күні тақы­­рыбымен атап өтілді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өткізілді. 18 наурыз күні Ұлттық киім­дерге арналды. Қазақстанның барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Кей өңірде тіпті полицейлерге дейін көшеге дәстүрлі формасының орнына ұлттық киім киіп шықты.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды. 20 наурыз Ұлттық спорт түрлеріне арналды. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар – бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбе­­­­гілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту турнирлері қарапайым халықтың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік берсе керек.

Бүгінгі 21 наурыз «Ынтымақ күні» болып жарияланды. Оның басты мақ­саты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы болады. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпы­халықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, ұлттық стильдегі этноауылдар, түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады. 14-23 наурыз аралығында Наурыз – базарлық маусымы жарияланады. Бұл күндері сауда орындарында жаппай сатылымдар өтеді. 

Ал Наурызнаманың қорытынды күніне – 23 наурызға «Тазару күні» деген атау беріліп отыр. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық эколо­гиялық акция, сенбіліктер ұйымдас­­­­тырылады.

Мұның сыртында Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мерекесін тойлауға арналған жалпы республикалық жоспар әзірледі. Құжатта барлық фор­маттағы іс-шаралар қамтылған. Жал­пы, биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өткізілмек.

Наурызнама мәні қайтсе толығады?

Әлеуметтанушы Әнуар Нұрғазин әз Наурыздың ұлттық, халықтық мейрам екенін еске салды.

«Оның аясында ұжымдарды ұлттық тағам түрлерін әзірлеп, дастархан жай­ғызу, волонтерлік жасау, сенбілікке шығу сияқты шараларды ұйымдастыруға мін­деттеу мерекені ауырлатады, оның си­патын ресмилендіреді. Мен былтыр Нау­рызды Әзербайжанда өткіздім, олар Наурызды бір апта тойлайды. Бірақ бар­лық шара халықтың дәстүріне, салт-санасы мен жоралғыларына құрылған. Міндеттеу, мемлекеттік органдардың жоғарыдан тапсырма түсіруі деген жоқ, барлығы шынайы, ұлттық ғұрыпта, бұ­қаралық қалыпта, әдемі үйлесіммен өтеді. Ұлттық колорит сақталғандықтан, әзербайжан елінің Новруз байрамын қалай атап өтетін көруге әлемнің әр түкпірінен туристер жиналады», – деді Ә.Нұрғазин. 

Әлеуметтанушының пікірінше, біз де бірте-бірте халықтық әз Наурызға ора­­луымыз керек. Әйтпесе, бұл күні әкімдік­­­тердің әйтеуір бір шара ұйымдасты­­­­­ра­тынына бой үйретіп алған кейбір қа­зақ­стандық: «Үкімет не істейді, алаңда тегін палау, тағы бірдеңе тарата ма?» деп пайдакүнемдік тұрғыдан қарайтыны құпия емес. Сарапшы құл­­құнқұмарлық жүрген жерде құндылықтар жайына қалатынын ескертті. 

Мысалы, Наурызды «Новруз», «Сул­тан-ы невруз», «Невруз султан», «Нау­рыз соңы», «Меврис» және басқа да атаулар­мен атап өтетін Түркия, Иран, Балқан елдері, Әзербайжан, Грузия, Македония, Ауғанстан, Босния мен Герцеговина, Албания және басқа елдер мен этностар бір күнді зират басына барып, бейіттерді ретке келтірумен, аруақ­тардың рухына тағзым етіп, еске алумен өткізеді. Сонда ағайындар бас қосады.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ та қашанда фәни дүниеден бақиға өткен ата-бабаларының, туыс-туғанының рухын риза етуді міндет, парыз деп түсінген. Белгілі философ Жабайхан Әбділдин Ұлыстың ұлы күні аруақ, ырым, қыдыр, құт сияқты қазақ­тың дәстүрлі дүниетанымының негізгі ұғымдарымен астасып жатқанын айтады. Ендеше Наурызнамадан бұл құнды­­лықтың тыс қалмағаны жөн.

Философия ғылымдарының докторы Ғайни Котошева ата-бабамыздың әз-Наурызға неге баса мән беруінің бір сырын ашты: Ұлыстың ұлы күні «қанға қан, жанға жан» деп келетін кек қайтару­шылықты, ру аралық алауыздықты, қантөгісті тоқтатуға ықпал еткен. 

Мысалы, Түркияның түрікмендері әлі күнге Султан Невруз мейрамында – 22 нау­рызда қара кештен ақ таңға ұласатын халықтық думан ұйымдас­тырады. Осы шалқыған шаттықтың тойына елді мекендегі әрбір адам қатысуы шарт. Бұл кезде барлығы жыл бойы қор­даланған бір-біріне деген өкпе-ренішін кешіріп, татуласуға тиіс. 

Әгараки, әлдекім көкірегіне кек сақ­тап, қайырымды болғысы келмесе, қа­тысудан бас тартса, ауыл тұрғындары онымен араласуын да тиятын көрінеді. Ондай отбасыға ешкім қызын бермейді. Содан қоғамнан сырт, жалғыз-жарым қалмауы үшін әрбір түрікмен Наурыз күні мейірімге бас июге, жанын жаралағанның бір айыбын кешуге бейім тұрады. 

«Ата-бабамыз Наурыздың осы құн­­дылығын биік ұстап, ұлық тұтып, бітістіру институты ретінде орайымен пайдалана білген. Ұлыстың ұлы күні ағайынның құшағы айқара ашылып, ренішін ұмытуға тырысқан. Наурыз туғанда, барлық руара­­­лық, еларалық алауыздық тоқта­тылған. Бұл институт қазіргі заман мін­деттері мен мүдделеріне сай жаңғыр­­­тылғаны жөн. Қазірде қақтығыстың неше түрі бар. Біздің ата-бабаларымыз ұлы рухани мұралардың нағыз туындыгерлері болған. Бұл асыл құндылықтар бізге келгенде үзіліп қалмай, ұрпақтан ұрпаққа ұласуы қажет. Сонда ғана ұлтымыз рухани дамып, өркениет әлеміне өркен жаяды. Ата-бабамыздың тарихи тәжірибесін сақтап, жетілдіре білмесек, ұлтымыздың тарихи генотипінен көз жазып қала­мыз», – деді Ғайни Кенжетайқызы.

Наурызнама ұлттық дүниетаны­мы­­нан, тұрмыстың мәнінен, адамгершілік құндылықтарынан тамыр тартып жатыр. Демек, мемлекеттің Наурызнаманы жаңғырту бастамасы құптарлық. Бірақ болашақта пысықтап, кемеліне келтіре түссек, құба-құп.

Елдос СЕНБАЙ