Қобыз – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық аспабы. Қорқыт бабамыздан қалған құнды жәдігердің қадір-қасиеті де ерек.
Қазақтың Страдивариі
1,473
оқылды

Себебі мұнда өзге аспаптарда кездеспейтін өзіндік үн құдіреті бар. Сондықтан да қобызды жасау кез келген шебердің қолынан келе бермейді. Десе де, Жамбыл облысының тумасы Қанат Қазақбаевтың қылқобыздары талай жанды таңғалдыруда. Оның жаңқаға жан бітіріп, қалыпқа қашап қондырған қобызы тіпті Италияның Ватикан қаласындағы мұражайда Қорқыт ата кітабымен қатар тұр. 

Қанат Дотаұлы 1962 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Абай ауы­лында дүниеге келген. 1978 жылы Алма­ты қаласындағы Н.Гоголь атындағы көр­кем­­сурет училищесіне ағашты көр­кемдеп өңдеу, суретші-шебер маман­дығы бойынша оқуға түсіп, оны 1982 жылы тәмамдап шығады. Ал қолөнерге деген ынтасы інісі, бүгінде дарынды қобызшы Әлқуат Қазақбаев үйіне құрама қобыз алып келгенде оянған. Міне, осы сәттен бастап Қанат Қазақбаев қобыз жасауды жан-жақты зерттеп, амал-тәсілдерін меңгере бастайды. 

 – Інім үйге құрама қобыз алып келгенде оның жасалуына ерекше зер салдым. Содан ұлттық аспабымыздың жасалу тәсілі қызықтырып, қажетті құ­рал-жабдықтармен жұмыс істеуге ма­шық­­тандым. Бірте-бірте қобыз жасауға қа­жетті материалдар мен түйенің терісін қа­лай өңдеу керегін де үйрендім. Жасы­ра­тыны жоқ, алғашында қиындықтар болды. Бірнеше қобызым сәтсіз де шықты. Алайда алған бетімнен қайтпай, өзімнің шеберлігімді шыңдай бердім. Нәти­же­сінде, бүгінгі күнге жетіп отыр­мыз. Қазір қобыздың кез келген түрін жасау қолым­нан келеді, – дейді шебер.

Қанат Дотаұлы қобыз жасауда ешқан­дай заманауи қондырғыны пайдалан­бай­ды. Ағашты да қолмен ояды. Шебер қобыз жасаудағы ең ләззат алатын тұс осы екенін айтады. Егер ағаштың әр қыртысын сезініп, оны өзің қолмен ойып жасасаң, өте сапалы қобыз шығады екен. 

Тағы бір қызығы, Қанат шебер қо­бызда ойнай алмайды. Алайда оның жаса­ған қобыздарының үні кәсіби қобыз­шылардың өзін таңғалдыруда. 

Қазір шебердің үйінің жанында ша­ғын шеберханасы бар. Міне, осы жерде ол сан түрлі қобыз жасауда. Қанат Қазақ­баевтың айтуынша, қобыздан шығатын ерекше үн оған пайдаланылатын ағаш пен төрт түліктің қылына байланысты екен. Көбіне қобыз жасаушылар өздерінің туған өлкелерінің табиғатына қарай таң­дап, ешкімге ұқсамайтын өзіндік техно­логияны пайдалануға тырысатын көрі­неді. 33 жылдан бері бұл өнерді жанына серік еткен Қанат шебердің  аспап жасауда өзіндік ерекше тәсілі бар.  

– Менің туған өлкем Шу өзенінің бо­йында орналасқандықтан, ол аймақта жиде, үйеңкі сынды ағаштар көп өседі. Қо­быз жасауға осы ағаштарды пай­даланамын. Ал қобыздың төменгі жағын малдың терісімен қаптасам, ішегін бес-алты жасар айғырдың құйрық қылынан өремін. Ағаштарды шауып, ойғаннан кейін оларды 2 сағат тұзға қайнатамын. Сосын олардың бойындағы ылғал мен майды сіңіріп алу үшін күлге көміп тастаймын. Осындай ұзақ процестерден соң ғана әрлеу жұмыстары басталады. Ал оларды жасауда құрал-саймандардың ішінен тек ойыс жүзді қашау мен пышақ­ты пайдаланамын. Жалпы, бір аспапты жасап шығу үшін адамға шыдамдылық пен өз ісіңе деген сүйіспеншілік керек, – дейді шебер.

Бір қобызды жасау үшін шебер шамамен 15-20 күнін жұмсайды. Бүгінге дейін оның қолынан туған 300-ге тарта қобыз көптің көзайымына айналған. Қанат Дотаұлының тағы бір ерекшелігі, ол қобыздың айрықша түрі нарқобызды да жасай алады. Ол қобызды ертеде бақ­сылар қолданған. 

Шебердің айтуынша, қазір ұлттық аспапқа деген жұрттың сұранысы жоғары. Жылына кем дегенде 20-ға жуық тап­сырыс түсіп тұрады екен. Ал Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­тория­сының ұжымы Қанат Дотаұлының тұрақ­ты тұтынушысына айналған. 

Жамбылдық шебер үлкен ортада танымал болмаса да, ол таудай тірліктер атқаруда. Оның қолымен жасалған қо­быз бүгінде Италияның Ватикан қала­сындағы музейде Қорқыт ата кітабының жанына қойылған. Осының өзі Қанат шебердің беделі мен талантын биіктетіп тұр. 

– «Қорқыт ата» кітабының дүниежүзі бойынша тек 2 нұсқасы бар. Оның бір тұпнұсқасы Ватикан музейінде болса, екіншісі Германияның Дрезден қаласын­дағы мұражайлардың біріне қойылған. Елімізге 2001 жылы Рим папасы Иоанн Павел II іссапармен келіп, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің сол кездегі ректоры  Мырзатай Жолдасбековпен кездес­кенін ел жақсы біледі. Міне, сол кездесу барысында ректор Ватикандағы музейдің бірінде тұрған Қорқыт ба­бамыз­дың кітабының жанында қазағымыз­дың ұлттық аспабы қобыз тұрсын деген ұсынысын айтты. Сол қобызды жасау бағы маған бұйырды. Содан ректор мен жасаған қобызды Рим папасына сыйға тартып, қазір ұлттық аспабымыз Ватиканның төрінде тұр, – дейді Қанат. 

2014 жылы тағы бір тарихи оқиға болады: белгілі археолог Зейнолла Сама­шев бастаған бір топ ғалым Шығыс Қазақ­стан облысы аумағындағы Берел қорғанынан шамамен VII ғасырда өмір сүрген сарбаздың моласының жанынан бір аспап табады. Тарихшылар зерттей келе, оның жорыққа шығар алдында жауынгерлерге рух сыйлайтын қобызға ұқсас музыкалық аспап екенін анықтай­ды. Содан Халықаралық түркі академия­сының президенті Дархан Қыдырәлі, археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар қазба жұмыстарынан табылған аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндей алмай, кескінін ғана қағазға түсіріп ала­ды. Сол суретпен олар қобыз жасаудың шебері Қанат Қазақбаевқа қайырылып, аспапты жасап шығаруға өтініш білдіреді. 

– Суретке қарап отырып қобыздың реконструкциясын жасап шықтым. Со­дан ғалымдар көлемі шағындау ғана бо­лып жасалған сарбаздың аспабын тартып көріп, одан шыққан әсем үнге таңғалып, оны «Қобыздың атасы» деп бағалады. Сол аспаптың тоғыз данасын жасадым. Оның бесеуі Түркі мемлекет­терінің президент­теріне сыйға тартылды. Ал қалған төрт қобыздың бірі елордадағы Халықаралық түркі академиясының мұражайында тарихи-құнды жәдігер ретінде сақталып тұрса, енді біреуі Париждегі ЮНЕСКО-ның музейіне қо­йыл­ған. Қалған екі қо­быз­дың бірін Алма­ты қаласындағы Ықы­лас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыка­лық аспаптар мұражайына тапсырдым. Ең соңғы тоғызыншы қобызды қоғам қайраткері әрі ғалым Мырзатай Жолдас­бековке  сыйға тарттым, – дейді Қанат Дотаұлы.Шебер түрлі байқауға қатысып, жүзден жүйрік те шыққан. Мәселен, 2006 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған «Дана қобыз» айтты байқауда оның жаса­ған аспабы теңдессіз деп танылған. Бұдан бөлек, Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби-мемориалдық музейіндегі Молықбай Байсақаұлының ертедегі қобызын қайта өңдеу жұмысы шулық шеберге тапсырылған. Қазақтың құлагер ақыны атанған Ілияс Жансү­гіров­­тің атақты қобызшы Молықбай Байса­қаұлына арнап жазған «Күйші» поэмасын білмейтін адам кемде-кем. Сол қобызды Қанат Қазақбаев Шу жерінде аз ғана уақыттың ішінде қайта өңдеп, қалпына кел­тіріп, күйшінің 150 жылды­ғына арна­лып ұйымдастырылған ғылы­ми-таным­дық конференцияға дайындап берген. 

Бүгінде ерекше талант иесі Қанат Дотаұлы жұбайы Әсел Тірібосыновамен төрт бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өнегелі отбасы. Ал Қанат­ты қазіргі заманның Антонио Стра­дивариі десек те болады. Себебі оның тудырған туындылары бірнеше елдің музейлеріне қойылып, әлемдік мұраның алтын қорына айналып отыр. Сондықтан Қанат шебердің өнері мен еңбегі қандай мақтауға да лайық. Енді бабадан балаға мұра болып келе жатқан осынау ұлттық өнерді дәріптейтіндердің саны артып, кейінгі ұрпақ үлгі-өнеге алса екен деп тілейміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы