Астанада тыйым салынған темекі қоспасымен белсенді күрес жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Елорданың барлық ауданында вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде.
Полицейлер сауда орындарын тексеріп, таратушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Рейдтік іс-шаралар апталығында елорданың бес ауданында 500-ден астам сауда орны тексерілді.
Полиция департаментінің қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шегілмейтін темекі өнімдерін сатудың 70-ке жуық фактісін, оның ішінде насыбай өндірісі бойынша жерасты цехтарын анықтады.
Рейд барысында Байқоңыр ауданында полиция қызметкерлері насыбай өндіретін цехты тапты. Тәркіленген заңсыз өнімнің жалпы сомасы 10 млн теңгеден асады.
Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері рейд барысында Омаров және Асан Қайғы көшелерінің қиылысындағы жеке үйде 2 тонна насыбай сақталғанын анықтады.
Нәтижесінде, заң бұзушыларға 25 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу түрінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық өнімдер тәркіленді.
Елорданың сауда орындары бойынша рейдтер күн сайын жүріп жатыр.