Ресейде «Крокус» концерт залында болған лаңкестік әрекетке қатысуы мүмкін деген күдіктілерге айып тағылды.
Мәскеудегі теракт: күдіктілерге айып тағылды
Артем Геодакян/ ТАСС
900
оқылды

Ресейдің Тергеу комитеті 137 адам мерт болған «Крокус сити холл» концерт залында жасалған террористік актіге қатысуы мүмкін күдіктілерге айып тақты. Бұл туралы ресейлік ТАСС агенттігі күдіктілерді тұтқындау туралы ұсыным түскен Басман сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Рачабализода Саидакрами Муродали мен Мирзоев Далерджон Баротовичке 3-бап, «б» бөлігі мен 205-тармақшасы бойынша (адамдармен топтасып, кісі өліміне алып келген теракт жасау) айып тағылды», – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Айыпталушы екі адамды да сотқа Федералды қауіпсіздік қызметінің арнайы мақсаттағы бөлімше қызметкерлері алып келді. Сот отырысы тергеу құпиялылығын сақтау мен сот процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жабық режимде өтеді. Кешірек тергеу комитеті «Крокус сити холл» залындағы терактіге қатысты деген айыпты тағы екі адамға тақты. Олардың екеуі де тиісті шешім қабылдау үшін Басман сотына жеткізілді.

«Сотқа Файзов Мухаммадсобир мен Фаридуни Шамсидин жеткізілді. Оларға РФ ҚК-нің 3-бабы «б» бөлігі 205-тармақшасы бойынша (адамдармен топтасып, кісі өліміне алып келген теракт жасау) айып тағылды», – деп хабарлаған ТАСС агенттігіне соттың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 22 наурыз күні Мәскеудің солтүстік-батысындағы «Crocus City Hall» концерт залында камуфляж киген адамдар ғимарат ішінде жүргенге оқ жаудырған. 150-ден астам адам жарақат алып, 100-ден астамы мерт болған. Олардың ішінде балалар да бар.