Бұл жайт бойынша ауыл әкімдігі, мектеп басшылығы және көлік иесінің жауапкершілігін қарастыру бойынша мәселе қаралып жатыр.
БҚО-да оқушыларды ҰБТ тапсыруға трактормен алып барған
Фото: видеодан кадр/ZTB
808
оқылды

Батыс Қазақстан облысында ҰБТ тапсыруға бара жатқан оқушыларды трактор тіркемесімен тасымалдаған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралды. Aikyn.kz бұл туралы Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен мәлім еткеніндей, оқиға 17 наурыз күні Мұратсай ауылында болған. Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, А.Құсайынов атындағы мектептің бір топ оқушыларын Орал қаласына ақылы тестілеуге қатыстыру үшін балалардың ата-аналары Мұратсай ауылынан республикалық Сайқын-Өнеге-Орал жолына дейін жеткізуге жеке тұлғамен келіскен. Трактор көлігімен жүретіндігі туралы жергілікті әкімдікті және полиция бөлімін ескертпеген. Барлық оқушылар Орал қаласына аман-есен жеткен.

«Бұл жайт бойынша ауыл әкімдігі, мектеп басшылығы және көлік иесінің жауапкершілігін қарастыру бойынша мәселе қаралып жатыр. Ауыл әкімі, мектеп директоры және учаскелік инспектордан түсініктеме алынды. Соңғы күндері қар еріп, оған қоса жаңбыр жауып, күн райы күрт бұзылды. Сол себепті де Мұратсай ауылынан республикалық Сайқын-Өнеге-Орал жолына дейінгі аудандық жолдың жағдайы нашарлады. Аталған 18 шақырым кірме жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалды, жұмыстарды бастау үшін бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі таңда мердігерді анықтау бойынша конкурс өткізілуде. Жобаны 2024-25 жылдары жүзеге асыру жоспарлануда», - деп хабарлады Бөкей ордасы ауданы әкімдігінен.