Аталған хаттама Мәскеуде 2023 жылғы 25 мамырда жасалған және өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсетуге бағытталған.
Мәжіліс ЕАЭО елдері кәсіпорындарына қатысты құжатты ратификациялау туралы заңды қабылдады
250
оқылды

ҚР Парламенті Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған хаттама Мәскеуде 2023 жылғы 25 мамырда жасалған және өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсетуге бағытталған.

Хаттаманың мақсаты – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарын кеңейту, өзара инвестициялардың өсуін ынталандыру және бірлесіп өндірілетін өнім шығаруды ұлғайту.

«Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ бюджеті есебінен өнеркәсіп салаларындағы кооперациялық жобаларды қаржыландыру үшін құқықтық негізді қалыптастырады. Бұған дейін бизнес-қауымдастықтар жағынан ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперацияны дамытатын қосымша қолдау құралдары қажет екені атап өтілген болатын. Осыған байланысты, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өзара инвестицияларды арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс активтерінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін қаржыландырудың жаңа форматы әзірленді. Бұл механизм Алқа, Кеңес, Еуразиялық үкіметаралық кеңес және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қаралып, мақұлданды», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Осылайша министр қаржылық жәрдемдесу механизміне тоқталып өтті.

«Механизм 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекітіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін жалпы соманың 10 пайызы қаржыландыру көзі болады. Бір жобаға субсидияның максималды көлемі жылына 1 млрд 890 миллион теңгені құрап, 5 жыл ішінде 9 млрд 450 миллион теңгеге жетеді. Қаражат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық банктері белгілеген базалық ставканың 100% мөлшерінде мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еуразиялық Даму Банкіне субсидия түрінде беріледі. Бұл ретте, кредиттің коммерциялық мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден 6,5% аспауы қажет.

Қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылдың желтоқсанында Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітті. Тізбеге Қазақстаннан 15 қаржы ұйымы енгізілді. Оның ішінде Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық банкпен келісілген екінші деңгейдегі 11 банк және «Бәйтерек» холдингіне еншілес 4 компания бар», – деді ведомство басшысы.

Қаржылық жәрдемдесу тетігі аясында кооперациялық жобаларды іріктеу кезінде мынадай негізгі шарттар белгіленген:

– кемінде ЕАЭО-ға мүше үш мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы;

– кооперациялық жоба шеңберінде өндірілетін өнім мүше мемлекеттерден шығарылуы тиіс;

– жобаны іске асыру мерзімі 5 жылдан аспайды.

«Кооперациялық жобаларды іріктеу бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Алдымен, қарыз алушы қаржы ұйымына өтінім береді. Өтінімді қарау қорытындысы бойынша жоба белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияның сараптама тобында және өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитетінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырысында қаралады. Жобаны қараудың барлық кезеңдеріне мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысады. Жобаны мақұлдау және субсидия беру туралы шешім Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесінде қабылданады. Бұл Кеңеске Қазақстаннан Премьер-Министрдің орынбасары мүшелік етеді», – деді Қ. Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстаннан басқа барлық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер хаттаманы ратификациялау рәсімін аяқтаған.