Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.
Органикалық өндіріс заңмен реттеледі
550
оқылды

Онда депутаттар «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ ЕАЭО мемлекеттерінің бірлескен кооперациялық жобаларын жүзеге асыруға қаржылық көмек көрсету туралы және Ресей мұ­найын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау саласындағы ынты­мақтастық туралы екі хаттаманы ратификациялады.

Жұмыс тобының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров «Органикалық өнімдерді өндіру және оның айналымы туралы» заң мен оған ілеспе түзетулер туралы баян­дама жасады. Ол жобаны депутаттар ор­ганикалық өнімдерді өндіру және ай­налымы саласындағы заңнаманы же­тілдіру, сондай-ақ оны органикалық өн­діріс­тің халықаралық стандарттары мен тәжірибесімен үйлестіру мақсатымен әзірлегенін айтты. 

Негізгі заңда органикалық өнімдерді өндіруге көшу шарттары, оларды өн­діруге, айналысқа және таңбалауға қойы­­латын талаптар қарастырылады. Сон­­дай-ақ органикалық өнімдерді есеп­ке алу мен қадағалау жүйесі және оларды өн­дірушілердің тізілімі жасалады. Баян­дамашының айтуынша, өзгерістер ор­ганикалық өндірісті сұраныстар мен өт­кізу нарығының қалауына байланысты таң­далған стандарттың талаптарына сәй­кестігін сертификаттауға мүмкіндік бе­реді. Бұл ретте сертификаттау объек­тілерінен органикалық өнімдер алынып тасталады, тек өндіріс процесі ғана сертификатталады. 

«Органикалық өнімдерді сату кезінде де бақылаулар енгізіледі. Бұл тұтыну­шылардың құқықтары мен халықтың ден­саулығын қорғауға, «органикалық» деп сатылатын органикалық емес өнім­дер айналымының жолын кесуге, отан­дық органикалық өнім өндірушілерді жалған таңбалауға байланысты азамат­тарымызды адастыратын импорттаушы­лар тарапынан жосықсыз бәсекелестіктен қорғауға көмектеседі», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Ілеспе жобада сәйкестік сертификаты құнының 50 пайызын субсидиялау және органикалық тыңайтқыштарды субси­диялау көзделген. Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы кодекске енгізілген өз­герістерде жергілікті атқарушы орган­дарда бақылаудың тиісті функцияларын алып тастауға байланысты органикалық өнім өндіру саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік алынып тасталады. Осылайша, органикалық өнімді өндіру және оның айналымы жөніндегі қызмет мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаусыз қалмайды. Оны сәйкестікті растау, сондай-ақ ха­лық­тың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдар жүзеге асырады.

Талқылау нәтижесінде депутаттар заңдарды екінші оқылымда қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді.

 Мәжіліс 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа одаққа мүше мем­лекеттердің өнеркәсіп салаларындағы бір­лескен кооперациялық жобаларын іске асыруына қаржылық көмек көрсету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратифи­ка­ция­лады.

Құжат жөнінде Өнеркәсіп және құ­рылыс министрі Қанат Шарлапаев баян­дады. Оның айтуынша, одақ шең­берінде өзара инвестицияларды арт­тыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс актив­терінің тұрақтылығын арт­тыруға мүм­кіндік беретін қаржылан­дыру­дың жаңа форматы әзірленген.

«Қаржылық жәрдемдесу механизмі 5 жыл мерзімге пилоттық режимде бекі­тіледі. Арнайы, демпингке қарсы және өте­мақы баждарынан түсетін жалпы сома­ның 10 пайызы қаржыландыру көзі болады. Бір жобаға субсидияның макси­малды көлемі жылына 1,890 млрд теңгені құрайды. Қаражат Еуразиялық экономи­калық комиссия мүше мемлекеттердің ұлттық қаржы ұйымдарына және Еура­зия даму банкіне базалық мөлшерлеменің 100 пайыз көлемінде субсидия түрінде беріледі», – деді Қ.Шарлапаев.

Бұдан соң депутаттар Ресей мұнайын Қазақстан аумағы арқылы Қытайға та­сымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей үкіметаралық келісіміне түзетулер енгізу туралы хатта­маны ратификациялады. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев хаттамада транзит көлемі, тарифтер және мұнай транзиті үшін есеп айырысу қарастырылғанын айтты. Сон­дай-ақ жыл сайын 10 млн тонна көле­мінде Ресей мұнайы транзитімен келі­сімді 10 жылға ұзарту көзделді. Бұл ретте мұнай айдау тарифі тоннасына 15 доллар болып бекітілді.

«Осы хаттаманы қабылдаудың еліміз үшін тиімді тұстарын атап өткім келеді. Біріншіден, Қазақстан Ресей мұнайын алмастыру арқылы өз мұнайын сатуға мүм­кіндік алады. Екіншіден, Ресей мұ­найын Қазақстан арқылы тасымалдау үшін елге жыл сайын 171 млн АҚШ дол­лары түседі. 10 жылда бұл 1,7 миллиардтан асады. Үшіншіден, Павлодар мұнай өң­деу зауытының өндірістік қуаты артады», – деді жұмыс тобының жетекшісі Вера Ким қосымша баяндамасында.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құ­рам­дастырылған жүк тасымалдары ту­ралы келісімді ратификациялау ту­ралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жал­пы отырыс соңында мәжілісмендер өзек­ті әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле­лер бойынша жауапты мемлекеттік ор­гандарға 16 депутаттық сауал жолдады. Мә­селен, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-Министрге жолдаған сауа­лында делдалдар компанияларды жою туралы ұсыныс айтты.

«AMANAT» партиясы өз сайлауалды бағдарламасында ескі Қазақстанның жүйесі болған барлық деңгейдегі дел­далдарды жоюды іске асыруды негізге алып отыр. Осыған дейін аманаттықтар, газ және теміржол саласындағы «прок­ладка» ұйымдарды реттесе, енді электр энергетика саласында тәртіп орна­та­тыны анық. Өйткені сайлаушы­лар­мыз­бен кездескенде олар бізге электр энер­гия­сының тарифтерін негізсіз көтеріп отыр­ған, ел аузында «ЭСО» деп аталып кет­кен, энергиямен жабдық­таушы ұйым­дарға тыйым салуды аманат етіп отыр.

Қазір дистрибьюторлық қызмет ат­қаратын осындай делдалдардың нарықта реттелетін және реттелмейтін екі түрі жұмыс жасап отыр. Ұлттық оператор KEGOC-тың мәліметі бойынша, елі­міздің тұтынушыларына жіберілетін электр энергияның 18 пайызы тарифі осындағы реттелмейтін жүздеген «ЭСО»-лар арқылы сатылуда екен. Яғни, дел­далдар арқылы миллиардтаған қаржы өтеді. Біздің болжамды есебіміз бойынша әрбір делдал жылына кемінде 1 миллиард теңге таза пайда көреді екен. 120-дан ас­там реттелмейтін ЭСО-лардың бір жыл­дық таза табысы кемі 150 миллиард тең­гені құрайды. Бұл әзірше болжам цифрлар, нақтысын ешкім білмейді. Өйткені бұлар ешкімге есеп бермейтін, тек делдалдық қызмет арқылы кеңседегі азғантай ғана қызметкерлерімен, халық­тың адал табысынан миллиардтап қар­жы тауып отыр. Сорақысы, бұл ұйым­дардың балансында бір метр электр же­лісі, тіпті электр бағаны мен трансфор­маторы жоқ. Бұл не деген батпан құйрық?!» – деп ашынды депутат.

Оның айтуынша, кейбір өңірлерде делдалдардың тарифіндегі таза пайда бір кВт сағат үшін 25 теңгеге жеткен. Ал Қа­з­ақстандағы ең ірі Екібастұз 1-ші электр стансасының 1 кВт сағат электр энер­гиясын өндіру тарифі 8 теңгені құрайды. Делдалдар ештеңе өндірмей-ақ станса­лармен салыстырғанда кемі 3 есе пайда көріп отыр. Қынжылтатыны, сол таза табыстарынан энергетика саласына бір тиын инвестиция салмаған. Тіпті, бірде-бір есептегіш құрал да орнатпаған. Тір­лік­тері тек қана қалтаны томпайту, пай­да табу. Мәжілісте олигарх топтардың дел­далдық ұйымдарының ашық қарсы­лығына қарамастан «прокладка» ұйым­дарды жою бойынша нақты заң нормасы дайындалып, енгізілген. Ендігі кезекте делдалдардың артындағы олигархтардың әлеуетін және олардың биліктегі бай­ланыстарын ескере отырып, Үкімет тез арада келесі нақты шешімдерді қабыл­дауы қажет.

«Делдал ұйымдарды нарықтан то­лық­тай алып тастау. Электр энергетика на­рығында делдалдарсыз жаңа құры­лымға өту тәртібін әзірлеу. Тұтынушылар үшін ашық және әділ тарифтерді қам­тамасыз ету және оларды қатаң бақылауға алу. 2023 жылдың шілдесінде энергетика нарығында арнайы бірыңғай сатып алу моделі енгізіліп, энергиямен жабдық­таушы ұйымдардың қызметі онсызда мағынасын толығымен жойды. Ендігі кезекті осы мәселені Мәжілісте заңмен бекітіп, ал Үкімет нақты іске асырушы механизмдерді жасақтап, орындауы тиіс», – деді Еділ Жаңбыршин.

Ал өз кезегінде депутат Аманжол Әлтай Премьер-Министр Олжас Бек­теновке жолдаған депутаттық сауалында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Жұ­мажанов ауылының тұрғындары ауыл іргесіндегі таяқ тастам жерге төгілген мұнай қалдықтарынан зардап шегуде екенін жеткізді. Елді мекеннен небәрі 500 метр жердегі мұнай қалдықтары төгілген полигонның залалын ескертіп тұрғындар дабыл қаққалы көп болған екен. Бірақ өкінішке қарай, қарапайым халықтың талап-тілегімен ешкім санасар емес.

«Ауыл халқының тынысын тарыл­тып, тамағын қырнаған мұнай қалдық­тарының жағымсыз иісі тұрғындардың мұңына айналуда. Денсаулығына алаң­даған жұрттың жанайқайын СЭС ма­мандары да, экологтер де назарына ал­май келеді. Ауа райының күрт жылынуы себепті кеше сол мұнай қалдықтарын жинақтайтын полигонды су басып кетті. Қар суымен араласқан зиянды мұнай қалдықтары Сарысу өзенінің арнасына құйылса, оның экологиялық залалы үлкен болмақ. Суда жүзген балықтың, жүгірген аңның, жұттан қалған азын-аулақ малдың қырылуына себеп болуы бек мүмкін. Сол себепті халықтың келе­сідей талап-тілектерін шұғыл орын­дау қажет. Біріншіден, дереу су ағып жатқан аумақта мұнай қалдықтарының төгілу дә­лел­дері анықталсын. Арнайы ко­мис­сия құрылып, сараптама жүргізу қажет. Екіншіден, ауыл тұрғындарының ден­сау­лығына зиян келтіріп отырған іргедегі мұнай қалдықтары полигоны жабылсын. Үшіншіден, тексеріс нә­ти­жесінде заң­бұзу­шылық анықталған жағ­дайда өн­дірістік мұнай тасымалдау мекемесіне қатаң шаралар қолда­ныл­сын», – деді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ