Бакуде (Әзербайжан) өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» турнирінің финалындағы Қазақстан боксшыларының қарсыластары белгілі болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Теміртас Жүсіпов (48 келі) финалда әзербайжандық Хасан Маликовпен жұдырықтасады. Айта кетейік, Маликов – Әзербайжанның қазіргі чемпионы. Сондай-ақ екі жыл бұрын Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнирде жеңімпаз атанған.
Тимур Қабдеш (54 келі) финалда Өзбекстан чемпионы Хужаназар Нортожиевпен кездеседі. Еске салсақ, ақпан айында Софияда (Болгария) өткен шағын әлем чемпионаты деп те аталатын Странджа турнирінде өзбекстандық алтын медаль жеңіп алған.
Талғат Сырымбетовтің (60 келі) ақтық сындағы қарсыласы былтыр Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанған Әзербайжан боксшысы Азрак Бабиров болмақ. Бабиров кәсіпқой рингте де өнер көрсетеді. Әзірге ол жерде бір ғана жекпе-жек өткізген (1:0).
71 келі салмақтағы Дархан Дүйсебай өзбек боксшысы Бекзод Хамидовпен жұдырықтасады. Өткен жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында (22 жасқа дейін) Хамидов алтын медаль жеңіп алған болатын.
Финалдағы ең салмақты қарсылас Сағындық Тоғамбайға (92 келі) түсті. Отандасымыз финалда Әзербайжан атынан сынға түсетін кубалық боксшы Лорен Берто Альфонсо Домингеспен жұдырықтасады. Ол – 2020 жылы Токиода (Жапония) өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы және 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.