Еліміздің сот жүйесінің негізгі қағидаттары Конституцияға сәйкес жүзеге асырылады. Ата Заңы­мыз­дың негізінде Қазақстан Рес­пуб­ликасында сот төрелігін тек сот қа­на жүзеге асырады.
Татуластыру – ел бірлігінің негізі
656
оқылды

Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрі тәуелсіз Қазақстанның тарихында сот жүйесіндегі татуластыру рәсімдерімен жалғасты. Қазір соттар тараптардың та­туласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында рет­­теуде жәрдемдеседі. Өзара келісімге келген тараптар татуласу келісімін, медиациялық немесе партисипативтік келісім жасап, дауды реттей алады. 

Бұл ретте Қызылорда облысының соттары да сот төрелігін тәуелсіз, бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ете отырып, адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі қызмет атқарып, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, халық ара­сындағы дауласу деңгейін азайтуға өз үлесін қосып келеді. 

Бүгінде сот жүйесінде даулардың және құқықбұзушылықтардың кейбір санат­­тарын тараптардың татуласуымен аяқтауға мүмкіндіктер берілген. Мәселен, Қыл­мыстық кодекстің 68-бабы татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға арналған. Онда қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен бай­ланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәр­­тібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауап­тылықтан босатылуға жататыны көр­сетілген. 

Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, жас балалары бар әйелдер, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, егер олар жәбір­ленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.

Дегенмен де қылмыстық құқық­бұ­­­зушылықтар бойынша кейбір санаттағы қылмыстық істерді тараптардың тату­­ласуымен аяқтау мүмкін емес. Атап айт­қанда, азаптаулар, кәмелетке толма­ған­­­дардың жыныстық тиіспеу­­шілігіне қарсы қылмыстар, абайсызда адам өліміне не екі және одан көп адамның өліміне алып кел­ген қылмыс, сыбайлас жемқорлық қыл­­мыс, террористік қылмыс, экстре­­­мис­­­тік қылмыс, қылмыстық топ құрамында жа­сал­ған қылмыс жасаған адамдарға ме­диация тәртібі қолда­нылмайды.

Осы ретте статистикалық мәліметтерге тоқталып өтсем. Қылмыстық істер бо­­­йынша медиация рәсімі қолданылатын істердің санатында Қызылорда соттарында татуласумен аяқталатын істердің көбей­­­генін байқаймыз. Былтыр Қызылорда соттарының өндірісіне 1 148 қылмыстық іс түскен. Істердің түсуі алдыңғы жылмен салыстырғанда көбейген. Барлығы 1 141 қылмыстық іс 1 212 адамға қатысты аяқ­­талса, осы істердің ішінде 17 адам сот үкімімен кінәлі деп таныла отырып, жазадан босатылған. Яғни, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігіне бойынша сот үкіміне сәйкес жәбірленушімен татула­суына және келтiрiлген зиянды қал­пына келтіруіне байланысты қылмыстық жауап­тылықтан босатылған.

Сонымен қатар қылмыстық істер бойынша 177 адамға қатысты 152 қыл­мыстық іс қысқартылса, оның ішінде 147 іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған. Мұның өзі, әрине көңіл қуантарлықтай нәтиже. Қылмыстық құқық­бұзушылық орын алса да, азамат­тардың өзара келісімге келіп, істі ымы­рамен аяқтауға тырысқандары қуантады. 

Азаматтық істер бойынша статис­­тикалық мәліметтерге тоқталып кетсек, 2023 жылы Қызылорда облысы соттарының өндірісіне 21 670 талап қою түскен. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, талап қоюдың түсу көрсеткіші 3 213-ке немесе 14,82%-ға көбейген.

Көбею көрсеткішінің басым бөлігін банктік келісімшарттар бойынша және нотариалдық іс-әрекеттерге шағым жасау санатындағы арыздар мен шағымдар құраған және бірнеше рет қайталанып түсіп отырған.

Былтыр Қызылорда облысының сот­тарында барлығы 17 435 азаматтық іс аяқ­талған. Оның ішінде татуласу рәсім­­дерімен 2 563 іс бойынша іс жүргізу тоқ­татылған. Жекелей тоқталатын болсақ, татуласу келісімімен 77 іс, партисипативтік тәр­­тіппен 24 іс, медиация тәртібімен 2 324 іс аяқталған. 

Татуласу рәсімдерінің көмегімен істерді аяқтау барысы әкімшілік істерде де нәтижелі жүзеге асып келеді. Өткен жылы Қызылорда облысының соттарында әкімшілік істер бойынша 1 239 әкімшілік іс қарауға түскен. Бұл көрсеткіш 2022 жыл­мен салыстырғанда 50,2%-ға көбейген. Істердің санаттары туралы айтсақ, жер дауы, сот орындаушыларының әрекетіне дау айту, мемлекеттік сатып алу, салық дауы, тұрғын үй даулары, еңбек дауы, мүлік­­тік даулар, мемлекеттік қызмет сала­­сындағы даулар, құқық қорғау саласындағы даулар әкімшілік соттардың қарауына жиі түседі. 

2023 жылы барлығы 1 137 әкімшілік іс аяқталған. Оның ішінде 295 іс татуласу рәсімдерімен аяқталған, 292 медиация, 3 бітім келісімі бекітілген. Бұл барлық аяқталған істердің 25,9%-ын құрайды және республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. 2022 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш үш есеге жуық артқан. 

Сонымен қатар былтыр 595 әкімшілік талап қою қайтарылған, оның ішінде 295 әкімшілік талап тараптардың өзара бітімгершілікке келіп, дауды келісіммен аяқтау туралы ымыраға келуіне байланысты қайтарылған. 

Қазақ халқы ертеден сөзге тоқтай білген. Сол себептен болар, сот жүйесінде іске асырылып жатқан татуластыру шара­­лары өзінің тиімділігін көрсетуде. Бұл ретте халықты татуластыруға, дауларды азай­туға Қызылорда облысының соттары ерекше үлестерін қосуда. 

Би-шешендеріміз ұлт бірлігін нығайту мәселелерін келелі жиындарда талқылап, халық арасындағы келіспеушіліктен туындайтын дауларды шешетін болған. Қызу айтыс-тартыстар ушығып кетер тұста, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін билер айтқан. Бүгінде билердің төрелік айту дәстүрі сот жүйесінде татуластыру рәсімдері арқылы жалғасын тауып, халық арасындағы дауды азайтуға септігін тигізуде деп сеніммен айта аламыз. 

Әділхади ШЫҒАМБАЕВ, 

Қызылорда облыстық сотының төрағасы