Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті. Осы орайда біз «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Данабек Исабековпен сұхбаттасқан едік.
– Данабек Ержанұлы, Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет атқарған жылдардағы тәжірибеңізге сүйеніп, уақытылы әрі сапалы қызмет көрсету және осы саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталып, алдымен шешілуге тиіс мәселелер туралы айтсаңыз...
– Мемлекеттік қызмет көрсету саласы халықтың өмір сүру сапасын арттыруда үлкен мәнге ие. «АMАNАT» қызмет көрсетудегі әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым басымдық береді. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында мемлекет, қоғам және азамат арасындағы қарым-қатынасты барынша цифрландырудың, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет алудың барлық сатысынан адами факторды алып тастаудың маңыздылығы ерекше атап көрсетілді. Қоғамда адамдар мемлекеттің жұмысын қызмет көрсету сапасы бойынша бағалайды. Егер бір адамға мемлекеттік қызметті уақытылы әрі сапалы көрсете алмаса, онда мемлекеттік басқарудың басқа да барлық саласында жағдай шамамен осындай деген пікір қалыптасады. Әрине, осы кезеңге дейін қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша өте көп жұмыстар атқарылды.
Электронды үкімет порталын дамыту, халықтың компьютерлік сауатын көтеру, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін жақсарту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында бірқатар жетістіктерге жеттік.
Цифрландыру ісі қарқынды түрде дамыды, әлі де дамуда. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністер мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болған E-Otinish электронды өтініштер жүйесі қоғамдағы кейбір мәселелерді шешуге көмектесуде. Халықтың мемлекеттік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыру бағытында өте көп бастамалар жүзеге асырылуда.
Шешілуге тиіс мәселеге тоқталсам, қазір заман талабына сай ақпараттық жүйелер арасындағы ықпалдастыру жүйесін жетілдіру қажеттілігі туып отыр. БМЖМК (ЕКГН) дерекқорларының іркілуі, Мемлекеттік қызмет көрсетудегі дерекқорлардың жиі іркілуі, жер саласының архивтерін цифрландыру, жалпы мұрағат жүйесін цифрландыру, АХАТ саласы мен әлеуметтік салалардың дерекқорларын ықпалдастыру мәселелері шешілсе, қызмет көрсету сапасы жоғарылауына үлкен тетік болары сөзсіз.
– «Азаматтарға арналған үкімет» тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылауды күшейту және оны цифрлық форматқа ауыстыру, қызмет алудың барлық сатысынан адами факторды алып тастау бағытындағы жұмыстардың нәтижесі қандай?
– Қызмет көрсету сапасына бақылау Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, қоғамдық қорлармен, ведомствоаралық комиссиялармен, партия тарапынан, әр қызмет алушы тарапынан қадағаланады және бағаланады. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 1 354 мемлкеттік қызмет түрін алуға болады, соның ішінде 1 214 қызмет түрі «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу рәсімдердің мерзімін едәуір қысқартып, оларды орындаудың жеделдігімен және барлығына қолжетімділігімен, қызмет алудың барлық сатысынан адами факторды мүмкіндігінше алып тастаумен ерекшеленеді.
Бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн алуға мүмкіндік туды, қажетті құжаттар тізбесі көбейді. Әсіресе, Egov Mobile қосымшасымен мемлекеттік қызмет түрлерін алуға болады.
Қазір сіз өз пәтеріңізден шықпай-ақ қызметтерді алуға сұраныс жасай аласыз. Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет, оның көмегімен мемлекеттік қызметтің 90 пайызын ала аласыз. Электронды түрде қызмет көрсету сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, мемлекет пен азаматтардың қаржылық шығынын қысқартып, адами факторды азайтады. Еліміз электронды үкімет пен финтехті дамыту индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында.
– Өңірлердегі Халыққа қызмет көрсету орталықтары ғимараттарына қатысты мәселе жиі айтылады. Мәселен, ғимараттың сауда орындарында немесе апатты жағдайдағы мекемелерде орналасу мәселесін шешу бойынша қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Республика бойынша 20 филиал, 353 фронт-офистер, 446 бэк-офистер жұмыс істеуде. Осы кезеңге дейін әртүрлі жұмыс топтары құрылып, ХҚО ғимараттарының жағдайы, санитарлы тораптарының апатты жағдайлары, көпшілікке бейімделмеген ғимараттарда орналасуы, жолсілтемелері, автотұрақтардың жоқтығы және басқа да кемшіліктер анықталып, айтылып та жазылып та жүр. Ол мәселелерді шешу мекеме басшылары тарапынан кезең-кезеңмен жасалуда. Ғимараттарға күрделі және ағымдағы жөндеу жасау Даму жоспарларына енгізілген. Ғимараттары бар кәсіпкерлермен келісімшарт жасап, заманауи ғимараттарды тегін пайдалану, шалғайда орналасқан ғимараттарға халықты шақырып, жанындағы сауда мекемелерінің саудасын жүргізе отырып, жергілікті басқарушы органдардың тарапынан жол, аялдама басқа да инфрақұрылымдарды тартып бір-бірінің дамуына үлес қосып келеді. Біраз ғимараттар модернизациядан өтіп, жаңа форматта «New ХҚО»-лар қызмет көрсетуде. Әрине, тез арада толық шешілетін мәселе емес, бұл өзекті мәселені бақылау мен үнемі назарда ұстауды қажет етеді.
– Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы фронт-кеңселердің тиімділігі қандай?
– Бүгінде республика бойынша 353 фронт-офистер (Халыққа қызмет көрсету бөлімдері) жұмыс істейді. Әрбір офисте күн сайын мыңдаған азаматтарға қызмет көрсетіледі. Фронт-офистерде кедергісіз қызмет көрсету, бірыңғай электрондық кезек енгізілген. Фронт-офист ерде кеңес беру аймағынан (ресепшн) барлық мемлекеттік қызмет түрімен қатар, сервистер бойынша да ақпарат пен кеңестер беріледі. Жаңа модернизацияланған халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде цифрлық кеңселер бар, ол жерде дәстүрлі мемлекеттік қызметтермен қатар, азаматтардың ыңғайлығы үшін арнайы аймақтар бар. Халыққа қызмет көрсету орталығында 10 минут ішінде қызмет алуға болатын жылдамдық аймағы, әлеуметтік қызмет көрсету бөлігі, оның ішінде ЭЦҚ-ны оператордың көмегінсіз дербес алуға арналған байланыс аймағы бар. Сонымен қатар 1414 бірыңғай байланыс орталықтары арқылы үйден шықпай-ақ, кез келген мемлекеттік қызметтер немесе сервистер бойынша сұрақтарыңызға жауап ала аласыздар.
– Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке су үнемдеу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдадыңыз. Судың стратегиялық ресурс ретіндегі маңызы қандай?
– Цифрланған ХХІ ғасырдың жетістіктері көп. Сонымен қатар сын-қатерлері аз емес. Энергетикалық және азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі, экология мәселесі алдымыздан шыға бастады. Бастысы, судың тапшылығын адамзат сезінуде. Жер бетінің 74 пайызын су алып жатса, соның 2,5 пайызы – тұщы су қоры. Оның көп бөлігі – Гренландия мен Антарктида мұздығына тиесілі. БҰҰ мәліметіне сенсек, әлемде 2,5 миллиард адам су тапшылығын сезініп отыр. Африканың тұрғындары сапалы ауызсудың жетіспеушілігінен гастроэнтерит, холера, іш сүзегі сынды ауруға ұшырауда.
Елдегі аз ғана су ресурсын қорғап, тиімді пайдалануды жолға қоймасақ, африкалықтардың күйін кешпеуімізге ешкім кепілдік бере алмайды. Қазірдің өзінде халықты ауызсумен қамтамасыз етуде түйткілдер бар. Біріншіден, инфрақұрылымның тозығы жетті. Бұл салада автоматтандыру мен цифрландырудың деңгейі төмен. Ағын судың режимі мен су қоймаларын зерттеу үшін 800 гидрологиялық бекет керек болса, соның 310-ы ғана жұмыс істейді. Бұл су ресурстарының мөлшері мен сапасын мониторингілеуге және экономиканың саласын сумен қамтамасыз ету жөніндегі нақты теңгерімі жоқ. Бәрінен бұрын, су шаруашылығы инфрақұрылымын түрлі мемлекеттік орган басқарады, соның салдарынан су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізу қиындайды.
Біз суды стратегиялық ресурс ретінде бағалап, оны үнемдеуіміз керек. Әсіресе, Орта Азия елдері бірлесе Сырдария өзенінің суын пайдалануды жолға қою керек. Онсыз елдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуы қиын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осыны ескертті әрі арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігін құруға пәрмен берді. Жауапты министрлік қандай іс-шаралар атқаруда бізге осыны білу маңызды.
Жақында Парламентке заманауи тәсілдерді белгілейтін Су кодексі ұсынылды. Әріптестерімізбен бірге кодексті талқылап, мемлекеттік деңгейде суды тиімді пайдалану және ресурс ретінде бағалау саясатын жетілдіруге мән беретін боламыз.
– Шынында да, қазір қай қала болмасын көлік жуатын орындар көбейген. Суды рәсуа қылмай, «көлеңкелі су нарығын» реттеу мәселесіне қатысты қандай ұсынысыңыз бар?
– Депутаттық сауалымда шаруашылық су мен ауызсудың нормативін анықтап, көлік жуу орталықтарына ауызсуды қолдануды шектеу керектігін атап айттым. Жасыратыны жоқ, қазір көлік жуу орындарынан бастап кейбір ірі-ірі өндіріс орындары ауызсуды өндірістік мақсатта пайдаланады. Міне, осыны қайта қарауды ұсындым. Әрине, хабарласып, өз ренжісін білдіргендер де болды. Алайда елдің ортақ мүддесі бәрінен жоғары деп ойлаймын.
Шымкент қаласында ресми тіркелген 195 көлік жуу орны бар. Бір көлікті жууға 80-100 литр су кетеді деп есептесек, бір көлік жуу орны күніне 10 көліктен жуғанның өзінде қаншама тонна су ысырап болып жатқанын есептеуге болады.
Енді оған еліміздегі барлық кент пен қаланы қосыңыз. Сонда күніне қанша тонна су шығындап жатырмыз. Айналып келгенде, бұл біздің ұрпағымыздың несібесі ғой!
Суды үнемдеуде және көлеңкелі су нарығын реттеуде озық елдердің тәжірибесіне сүйену керек. Біріншіден, тұрмыстық және ауыл шаруашылығы секторына керекті суды тиімді пайдалану жолын қарастыру маңызды. Екіншіден, қолда бар су ресурсын қорғап, оны цифрлы технологияны қолдану арқылы өндіріп, тасымалдау тәсілін жаңғырту керек. Үшіншіден, суды көп пайдаланатын егін шаруашылығы мен ірі өндірістерде суды цифрландыру тәсілімен қолданған жөн. Бұл туралы Президент нақты айтты да. Яғни, әрбір каналдарға жіберілген судың мөлшері есептеліп, цифрландыру маңызды. Сонда егін шаруашылығы саласы жаңбырлатып, тамшылатып суару тәсіліне басымдық берер ме еді?! Өйткені су – өмірдің өзі, экономика көзі.
– Сіздің ойыңызша, мемлекетаралық комиссияларда ел мүддесіне сай трансшекералық өзендерден алатын судың нақты көлемін белгілеп, ел аумағында тездетіп су қоймаларын салуды шешу мәселесі қалай жүзеге аспақ?
– Әрине, гидротехник маманы болмасақ та, суға қатысты мәселелерден хабарымыз бар.
Соңғы 30 жылда Орта Азия елдерінде халықтың саны бірнеше есеге көбейді. Бұл экономиканың су тұтынатын секторларына айтарлықтай салмақ салып, жыл сайын су тапшылығын тудыруда. Қазақстандағы судың 42 пайызы трансшекаралық өзендер – Жайық, Ертіс, Іле, Талас, Сырдария өзеніне тиесілі. Өз кезегінде, олар басын Ресей, Қытай және Орта Азия елдерінен алады.
Білуімше, халықаралық тәжірибеде суды бөлісудің екі жолы бар. Біріншісі – тарихи негіз бойынша, яғни ертеректе өзен немесе көлдің ағыны қалай болды, соны негізге алып суды бөлісу. Екіншісі – қазіргі уақытта кім қанша пайдаланып отыр, сол бойынша есептесу. Бұл – кімде қанша халық бар, қанша суармалы жері бар, соған сүйену деген сөз.
Егер екінші тәсіл бойынша суды бөлісетін болсақ, сөзсіз біз ұтылып қалуымыз мүмкін. Өйткені 1991 жылы 2 миллион 485 мың гектар суармалы жер болса, 2019 жылы оның көлемі 1 миллион 435 мың гектарды құрады. Яғни, суармалы егістіктің көлемі екі есеге қысқарды.
Қытайдан бастауын алатын Ертіс, Іле және тағы басқа шағын өзендер бар. Кейінгі жылдары Қытай билігі түрлі бағдарламалар қабылдап, Шыңжаң және Іле өлкесін игеруге мән беруде. Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан аумағынан өтетін Сырдария өзені 30 миллионнан астам халықты асырап отыр. Қырғызстан мен Тәжікстан электр энергиясын өндірсе, Өзбекстан дария суын ауыл шаруашылығы бағытында тұтынады. Ресейден келетін Жайық өзенінің суы да жыл өткен сайын тартылып келеді. Өзен суларын бөліскенде ел мүддесі бәрінен де жоғары болуы керек дегеніміз – сондықтан.
Су тапшылығының алдын алу үшін су қоймаларын салу да маңызды. Әсіресе, көктемгі қарғын су мен жауын-шашыннан су көбейген өзендердің суын жинап, жаз айларында тұтынатын су қоймалары керек. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі толық ақпарат береді деп ойлаймын.
– Рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ