Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады
Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады – Мемлекет басшысы
672
оқылды

Мемлекет басшысының айтуынша, шикізаттың аса маңызды түрлерін өндіру Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың тағы бір перспективті бағыты саналады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Боао Азия форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды

– Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде еліміздің жаңа экономикалық бағытына айрықша назар аударды.

– Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін мен жаңа экономикалық бағытты жарияладым. Бұл бастама күшті әрі қарқынды дамыған мемлекет құруға бағытталған құрылымдық реформаларды жүзеге асыруды көздейді. Қазақстандағы ашық есік саясаты, мол ресурстар және либералды нарықтық реформалар көптеген шетелдік, соның ішінде қытайлық компаниялардың да назарын аударды. Осы орайда біз азиялық серіктестерімізді экономикамызға инвестиция құюға, өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға шақырамыз.

Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді.

Бұл ретте Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев БАФ қонақтарын 2024 жылдың маусым айында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Жиында БАФ Директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи, Науру Президенті Дэвид Аданг, Шри-Ланка Премьер-министрі Динеш Гунавардена, Доминика Достастығының Премьер-министрі Рузвельт Скеррит, «Ақсақалдар кеңесі» халықаралық үкіметтік емес ұйымының төрағасы Мэри Робинсон, ЭЫДҰ Бас хатшысы Матиас Корманн, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг және Камбоджа Корольдігі Халықтық партиясының төрағасы Хун Сен сөз сөйледі.