ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша айыпталған әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұған дейін бірінші сатыдағы сот әскери қызметшінің іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты оны ақтаған.
Жоғарғы соттан хабарлағандай, қылмыстық іс жабық сот отырысында «құпия» белгісімен қаралған. Апелляциялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде істі қайта қарады.
«Сот алқасымен анықталғаны: 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында сотталушы Ж. блок бекетінде бола тұра, оның қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде, алған оқ жарақаты салдарынан жас бала (2017 ж.т. А.Мелдехан) қайтыс болып, ал кәмелетке толмағанға (2006 ж.т. Ж.Мелдехан) 5 оқ жарақатынан денсаулығына ауыр зиян келтірілген», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді.
«ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес ҚК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сот алқасы ҚР Қорғаныс министрінің атына әскери қызметшілердің жол берген заңбұзушылықтары, сондай-ақ оларды жою және одан әрі болдырмау жөнінде шаралар қабылдау үшін қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар туралы жеке қаулы шығарды.
Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2022 жылдың 7 қаңтарында кешкі сағат 19.00 шамасында кішкентай Айкөркем отбасымен бірге азық-түлік сатып алуға кетіп бара жатқанда болған еді. Төрт жасар қыз басына оқ тиіп, қаза тапты.