Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 60 келі салмақта Талғат Сырымбетов салды.
«Ұлы Жібек жолы» турнирі: қазақстандық боксшылар 3 алтын алды
Фото: vesti.kz
857
оқылды

Әзербайжан астанасы Баку қаласында бокстан өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 60 келі салмақта Талғат Сырымбетов салды.

Талғат финалда әзербайжандық Азрар Бабировты үш раунд бойы тықсырып, төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді.

Сондай-ақ 71 келі салмақта тағы бір отандасымыз Дархан Дүйсебай соңғы бәсекеде өзбекстандық Бекзод Хамидовтан басым түсті.

Бұл күні сенсация жасаған Сағындық Тоғамбай болды. Ол 92 келі салмақта 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2021 жылғы әлем чемпионы, 2023 жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Әзербайжан атынан шығып жүрген атақты кубалық Лорен Берто Альфонсо Домингесті үш раунд бойы қақырата ұрып, төрешілердің бірауыздан шешімімен қапы қалдырды.

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов 48 келі салмақта жергілікті боксшы Хасан Маликовпен қолғап түйістірді. Төрешілер Х.Маликов ұтты деп тапты.

Сол секілді Тимур Қабдеш 54 келі салмақта күміс медальді қанағат тұтты. Өзбекстандық Хужаназар Нортожиевпен айқаста екінші раундта Тимур қарсыласын нокдаунға жібергенімен, үшінші кезеңде қабағы жарылды. Соның салдарынан жекпе-жек тоқтатылып, жеңіс өзбек боксшысына берілді.

Бақтияр Смағұлов (67 келі) пен Бекзат Таңатар (86 келі) қола жүлдеге ие болды.