Қазіргі уақытта Қызылқоға ауданындағы Миялы және Сағыз ауылдарын су басу қаупі төніп тұр.
Атырауда Қызылқоға ауданында тасқынға байланысты ахуал күрделеніп бара жатыр
4,998
оқылды

Қазіргі уақытта Қызылқоға ауданындағы Миялы және Сағыз ауылдарын су басу қаупі төніп тұр.

Жағдайдың нашарлауына байланысты, Қызылқоға ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, Миялы ауылы маңында, айналма жол бойында, Сағыз-Миялы-Қарабау тасжолында қосымша су бөгеттері салынуда.

«2023 жылы аудан бойынша 26,5 шақырым бөгет салынса, 2024 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында қосымша 2,7 шақырым бөгет салынды.

Бүгінгі күні Сағыз ауылының Ноғайты өзені бойындағы қауіпті учаскелерінде 500-ге жуық қапшық топырақ дайындалып, нығайту жұмыстары жүргізілді», – делінген мәліметте.

Сонымен қатар, 27 наурыздан бастап Миялы ауылдық округінің суға кету қаупі бар қауіпті учаскелеріне 7000-ға жуық дана қап төселді. Бөгеттерге 350 тонна топырақ төгіліп, нығайту жұмыстары жүргізілді.

Жергілікті тұрғын Есенбай Нұров бөгеттердегі кезекшілікке жергілікті тұрғындарды да араласуға шақырып отыр. 

– Тек Миялы ауылына ғана емес, тасқын су келетін елді мекендердің бәріне де бөгет салу қажет. Жауапкершілік тек аудан, округ әкімдеріне немесе құзырлы органдарға ғана жүктеледі деген түсінік дұрыс емес. Әлеуметтік желілерде жазып, бірақ ортақ іске атсалыспайтындар бар. Тұрғындар да бөгеттердегі кезекшілікке тартылуы тиіс. Мүмкін болса, облыстан адам жіберіңіздер, – деді.

Аталған жұмыстарға 350-ге тарта адам (ТЖД қызметкерлері, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары), 10 арнайы техника және қосымша техникалар жұмылдырылған. 

Қызылқоға ауданында бөгеттерді нығайту жұмыстары жалғасуда.

Баян Жанұзақова