Гүлмира Сатыбалдыға қатысты жаңа тергеу аяқталды. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуды жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы жұбайына қатысты тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысты. Антикор мәліметінше, Алматы тергеу сотының санкциясы бойынша Гүлмира Сатыбалды қамауда отыр.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Г. Сатыбалды мен басқа адамдардың Қазақстан Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы ("Бас бостандығынан заңсыз айыру абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса" – еск.), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Қорқытып алу, аса iрi мөлшерде жасалса" – еск.) және 389-бабтың 4-бөлігінде ("Өзiнше билiк ету, осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер" – еск.) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдік бойынша тергеуді аяқтады", – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Tengrinews.kz ресми сауалына жауабында.
– Басқа ақпарат жариялауға жатпайды, – деп хабарлады Антикор.