Форумға 46 мыңға жуық партия мүшесін біріктіріп отырған 206 бастауыш ұйымның төрағалары қатысты.
«AMANAT»: Бастауыш партия ұйымдарының жұмысы жетілдіріледі
787
оқылды

Бүгін Сыр өңірінде «AMANAT» партиясы бастауыш партия ұйымдарының облыстық форумы өтті. Онда бастауыш ұйымдардың мәртебесі мен белсенділігін арттыру,  алдағы жұмысын жетілдіру жолдары талқыланды. Форумға 46 мыңға жуық партия мүшесін біріктіріп отырған 206 бастауыш  ұйымның төрағалары қатысты.  

Қай кезде де бастауыш ұйымдар партия бастамаларын халыққа жеткізумен қатар, қоғамның әрбір мүшесіне бағытталған партиялық жобалардың іске асыруға сүбелі үлес қосып келеді. Бұған қоса  Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай халықпен кері байланысты нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бақытталған  шараларды іске асырып жатыр.

«Соңғы жылдары елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Президент, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының жаңа форматы, ауылдар мен аудандар әкімдерін сайлау секілді ауқымды саяси өзгерістер болды. Бастауыш ұйымдар бұл саяси өзгерістердің бел ортасында болып, партияға жүктеліп отырған жаңа талаптарды зор сенім, аса жауапкершілікпен жүзеге асыруға атсалысты»,- деді форум жұмысына сәттілік тілеген партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов.

Филиал төрағасының айтуынша, бүгінде  партияның облыстық филиалы 500-ден аса партия мүшесі бар 11 ірі бастауыш ұйым алаңында депутаттар мен мекеме басшыларының қоғамдық қабылдауларын ұйымдастыруды тұрақты жолға қойған. Мәселен, жыл басынан аталған ұйымдарда 14 қабылдау өтіп, тұрғындардан түскен өтініштердің 21-і оң шешілсе, 12 мәселе бойынша қолданыстағы заңнамалар аясында кеңестер берілген.  Осы арқылы сайлаушылардың партияға деген сенімі артып,  ұйымдар жұмысының  бағыты айқындалды. 

Форум барысында партия жұмысының бастауыш ұйымдарға қатысты негізгі бағыттары бойынша арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік құралдар ұсынылды. Сонымен қатар, жұмыс барысында туындайтын ортақ проблеммалық мәселелер талқыға салынып, оларды шешудің нақты жолдары айтылды.

Жалпы өңірде партия филиалымен атқарылған жұмыстар аз емес. Бастауыш ұйымдар партияның әрбір бастамасын жергілікті жерде табысты жүзеге асыруға белсене атсалысып жатыр. Мәселен, екі айда «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 1000-ның үстінде өңір тұрғыны қаржылық сауаттылығын арттырса, өткен жылы «Жер аманаты» жобасы шеңберінде 225,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына 3 млрд теңгені құрайтын 406 жобаға несие берілген.Бұл игілікті істер бастауыш ұйымдарға топтасқан партия белсенділерімен биыл да жалғасын таппақ.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы