Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орда­сын­да белгілі ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­те­тінің про­фессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбектері қойылған көр­ме өз жұмысын бастады.
Сыдықназаровтың көрмесі өтіп жатыр
520
оқылды

Наурыз мерекесінен кейін Ақ­жайық өңіріне белгілі ғалым, Л.Гу­ми­лев атын­да­ғы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің про­фессоры Мұхит-Ардагер Сы­дық­на­за­ров келді. Ғалымның аймаққа келуіне орай жастармен бір­неше кез­­десу өтті. Бұл мәдени күн­дердің ішін­де­гі халықтың есінде ұзақ сақ­талатыны – «Атамекен» өнер орда­сын­да басталған көрме. Себебі мұндай та­ри­хи карталар көрмесі облыста тұңғыш рет өтіп отыр. Мә­дени-тарихи шараға көр­ші­­­лес облыс­тар­дан келген тарихшылар, жер­гілікті өл­кетанушы­­лар, зиялы қауым өкіл­дері, жо­ғары оқу орын­дарының рек­­­­тор­лары мен сту­денттер қатысты. Көр­ме­нің тұсау-ке­серінде алғаш болып сөзді облыс әкі­мі­­нің орынбасары Бақытжан На­­­­рым­­бетов алды. 

– Тарих – тәуелсіздігімізді нығай­та­тын, ұлтты ұйыстыратын негізгі фактор. «Ха­лықсыз тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ» дейді дана халқымыз. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Атырау қаласында өткен ІІІ Ұлттық құрылтайда елдің саяси реформаларына қатысты жаңа міндеттерді тапсырды. Әсіресе, мем­лекеттік ішкі саясатқа, ақпараттық-идеологиялық жұмысты нығайтуға бай­ланысты ауқымды ойлар, Наурыздың жаңа форматта атап өтілуіне, зиялы қауыммен ұлтымыздың ұйысуындағы тарихтың рөліне ерекше мән берілді. Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақ­тап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақ­стан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің ті­келей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы Ұлы­сы Орталық Еуразияның байтақ дала­сын­дағы ең қуатты мемлекет ретінде мойын­далған. Жошы әулеті алты ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы – тарихи мұрасымен ты­ғыз астасып жатыр. Ендеше Алтын Ор­да ту­ралы халықаралық аренадағы тү­сінік Қа­зақстанмен тікелей байла­ныс­ты болуы керек деп төл тарихымыз тура­лы терең ой білдіргені мәлім. Қазақ мем­­ле­кет­тігі – тарих толқынындағы Қа­зақ­стан­­ның үзіліссіз мемлекеттігінің ны­-ша­­ны. Бүгінгі көрмедегі XV-XIX ға­­­­­­­­­­­­­сыр­­­­­­лар­­дағы қазақ мем­лекетінің еу­ро­па­лық және америкалық карталары со­ның айғағы деп білеміз, – деді Бақытжан Нарым­бетов. 

Бақытжан Хаберұлы өз сөзінде 2023 жы­лы Батыс Қазақстан облысының білім саласына ғалым­ның қазақ мем­ле­­­­­кет­­­тілігінің тарихын бей­нелейтін 430 да­на картасы сатып алынғанын атап өтті. 

– Бүгінде  көне карталар білім ошақ­тарында, мектеп пен колледждерде оқу-тәр­бие жұмысында, патриотизмнің қай­нар көзі, ел тарихын терең меңгеру бары­сында, құрал ретінде пайдаланып отыр, – деді аймақ басшысының орын­басары Бақытжан Хаберұлы. 

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Мұ­хит-Ардагер Сыдықназаровтың өзі бол­са, Бөкей Ордасын толыққанды зерт­теу қажет, ол жердің тарихы көп сыр­ды жасырып жатыр, әлі ашылған жоқ деген ойын айтты. 

– Екі ұсыныс айтқым келеді. Бірін­шісі, жастар осы өлкенің тарихына қа­тыс­­ты дүниелерді оқып, жаттап өсуі үшін Бөкей Ордасы оқуларын өткізу керек. Мұны тек заманауи форматта жа­са­ған дұрыс болады. Екінші ұсынысым, Бөкей Ордасының тарихын зерттейтін орталық ашылуы керек. Себебі Бөкей Ор­дасы әлі зерт­телген жоқ. Бөкей Орда деген фено­мен ғой. Тұнып тұрған тарих. Оны дұрыс­тап зерттеп, жарыққа шығару керек, – деді ғалым Мұхит-Ардагер Сы­дық­назаров. 

Көрмеге Мұхит-Ардагер Сыдық­на­заров­тың әлемдік мұражайлар мен ар­хивтерді ақтарып жүріп жасаған тың зерт­­теулерінен құралған карталар қойыл­­ған. Жалпы, Мұхит-Ардагер Қар­жаубайұлы – тұңғыш рет әлем карта­ла­рында қазақ мемлекетінің белгіленге­­нін анықтаған адам. Ғалым оны анықтап қана қоймай, сонау XV- XIX ғасырларда Еуропа және Америка елдері қазақты та­нып, картаға таңбалаған деген тұжы­ры­мын жасаған ғалым. Көрмеге жинал­ған өлкетанушылар мен тарихшылар мұн­дай көрмелер жастар үшін рух бере­тін орта деген баға берді. 

– Өзім қатты толқып тұрмын. Мынау де­ген біздің тарих қой. Бұл көрмені жас­тар көру керек. Рухтанып, жігерленіп шы­ғады. Жастардың рухын көтеріп, ел­дік қасиетті бойларына дарытамыз де­сек осындай мәдени шараларды көбі­рек өткізген абзал, – деген ойын айтты та­рих ғылымдарының кандидаты Бақ­ты­лы Боранбаева. 

Көрме жұмысы Мұхит-Ардагер Қар­жау­байұлының лекциясымен жалғасты. Ашық өткен лекцияға жастар мен тарих­шы ғалымдар, өңірге танымал тұлғалар қатысты. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы