Менің Қожанасырым келді де:
– Қара шеңгел дегенді білесің бе? – деп сұрады.
Ауызбастырық
469
оқылды

Қара шеңгелді кім білмейді? Тіпті, ақ шеңгелді де білеміз. Бұл кісі де сұрамайтынды сұрап, адамның жынын келтіреді екен. Өкпелеп қалдым. 

–  Сен бекер бұртиясың, – деді Қожекең күлімсіреп. – Баяғыда ен тоғайды қалың шеңгел басушы еді. Ол арасынан өткен қотыр ешкінің онсыз да си­рек жүнін, қанын шы­ға­рып жұлып алып қала­тын. Ешкі байғұс бақырып, жан дауысы шығушы еді.

– Мұны маған неге ай­тып отырсыз? – дедім Қожа­насыр ағатайыма.

– Неге айтпаймын? Қазір қара шеңгел сықылды әрі өткен­нің, бері өткеннің қалтасын сы­пы­рып алатын қара шеңгелдер көбейді ғой.

– Рас, – дедім мен мойындап.

– Рас  болса, мен бір-екі айғақ айтайын. Әрі қарай өзің салмақ­тарсың, –деп қойды ағатайым.

– Осыдан шамалы ғана уақыт бұрын Ақтөбеде Есентұр Қадыров деген  прокурор өте жанашыр жан еді, шіркін. Сол жалған кәсіпкер­лік бойынша айыпталған азамат­ты «судан таза, сүттен ақ» етіп шығармақ болады. Бірақ оның бұл жанашырлығын жоғары жақтағылар сезіп қалса керек. Істі қайта қарауға жібереді. Біздің прокурор бұл іске қайта араласып, тағы да кәсіпкерді ақтап алмақ болып жанталасыпты. Білесің бе, әлгі азаматтың әрекетінен мемле­кетке 6 миллиард зиян келген ғой. Ал ол соны ақтап әлек. Болмаған соң  Бас прокуратураның өкілі араласады. Бұл оған 40 мың дол­лар  ауызбастырық бермек бола­ды. Бірақ аталған ведомствоның өкілі аяғын шалыс баспай­тын адал жан екен. Ұсыныс­ты басшы­ларына айтып келеді. Қадыров Бас прокуратура­ның өкіліне ауызбастырық беріп жатқан жерінде құрық­тала­ды. Ол сот шешімімен 7 жылға кесілді. Бұл қалай енді?

Қожанасыр ағатайым маған алара қарады. Мен – ұрлық жасаған баладай төмен қарадым.

– Ал тыңда, тағы да. Ақтөбе облысы Әйтекеби аудандық білім бөлімінің басшысы Қаныш Жарымбетов 22 мектеп пен 1 ин­тернатқа бейнебақылау орнату үшін конкурсқа қатысқан Е.Мур­забаевқа ұсыныспен шығады. «Сен конкурста жеңімпаз бола­сың, әрі қарай менің қамқор­лығымдасың» демей ме оған. Ал осы жұмыстарды атқару үшін мемлекеттен 40 миллион теңге бөлінген болатын. Қаныш осы еңбегінің өтеміне 7 миллион теңге сұраған көрінеді. Бірақ тергеу бөлімі оны нақты ұстай алмаған. Есесіне мердігер мекеме өкілі мен бөлім басшысы арасын­дағы хабарламалар әшкере бол­ған. «Сонымен қатар Сарат, Бес­құдық және Үшқатты ауылдық округтерінде орналасқан балабақ­шаларына бейнебақылау жүйесін орналастыруға бір көзден сатып алу бойынша келісімшарт жасауға ықпал еткені белгілі болған», – дейді облыстық мемлекеттік Қыз­мет істері департаменті мемле­кеттік қызмет сапасын бақылау басқармасының бас маманы Ләззат Қонаева. Әдеп жөнін­дегі кеңес өкілдері оның осы әрекеттерін майшаммен қараған көрінеді. Ал бұған не дейсің? – деп Қожанасыр көкем тағы қабағын түйді.

Екеуіміз тоғай аралап, жүріп келеміз. Қожекеңнің екі қолы арқасында. Ләм-мим деп тіл қатар емес. Әлден соң құлаған бір ағаштың түбіне келіп отырдық. Ағатайым шапанын шешіп, бөре­не үстіне қойды.

– Тағы бір ауызбастырық ту­ралы айтайын. Ақтөбе облыстық Экология департаментінің бұрынғы басшысы Нұржан Аққұл да кәсіпкерге қамқорлық жасағысы кеп кеткен ғой. Бұл да жоғарыдағы прокурор сияқты тым жаны ашығыш болса керек. Оның да ауызбастырық алғаны белгілі болды. Бірақ ол айыппұл­мен жазадан құтылып кетті. Осы облыстағы старшина Бижанов, старшина Еркінов және сержант Шадыманов деген жол-көлік полициясының қызметкерлері тәртіп бұзған жүргізушілерді жазадан құтқару үшін үнемі ауыз­бас­тырық алып отырған. Кезекті жорықтарында жүргізушіден 80 мың теңге пара алып жатқанда құрыққа ілінген. Міне, Ақтөбедегі ахуал осындай. Ақтөбе деген аппақ арына көлеңке түсіріп тұр, – деп Қожанасыр ағатайым ауыр күрсінді.

Ол  парақорлық туралы тағы бірер айғақ айтқалы келе жатыр еді, уақыт шіркіннің шыр айналып келіп қалмасы бар ма. Қожекең ауызашарға бармақ екен.

– Айлардың сұлтаны – Рама­зан айында қайдағыны айтып, басыңды ауырттым білем. Қай­тейін, айтпасыма болмады. Кешір, айналайын, – деп Қоже­кең көлігіне, байырғы есегіне отырды.

Қамшыны үсті-үстіне ұрып бара жатқанына қарағанда ашуы әлі тарқамаған сыңайлы...

Әл-СОЗАҚИ