Қазақстанның теңіз порттары шын мәнінде тәуелсіздіктің берік тірегіне айнала бастады.
Қазақ порттары азаттықтың ұстынына айналады
326
оқылды

Олардың арқасында еліміз экспорт-импорт, транзит-жүк тасымалы мен логистика мәселесінде Ресейге тәуелділіктен құтылады. Бұрындары теңіз айлақтары құрлықтағы бағыттардың көлеңкесінде қалып, жете дамымады. Ел тарихында алғаш рет оларды кешенді дамытудың ортақ стратегиясы қабылданғалы тұр.  

Каспий теңізі республика үшін ұшан-теңіз табыс айдынына айналды. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы еліміздің Ақтау және Құрық порттары ар­қы­лы 7 миллион тоннадан астам жүк тасы­малданған. Яғни, 2022 жылмен салыс­тыр­ғанда, бір ғана жыл ішінде үштен бірге артты. Жүктердің басым бөлігі – қазақ­стандық өндіру­шілердің Еуропаға өткізген экспорттық тауарлары.

Бүгінде ел Үкіметі келесі биік межені белгіледі. Ресейді айналып өтетін Транс­каспий халықаралық көлік бағытында ин­фра­­­­құрылым мен терминалдық қуаттарды жақсарту, порттарды кеңейту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтау портында контейнерлік хаб құру, айлақтарды рекон­струкциялау, сондай-ақ жүк тиеу жабдық­тарын жаңарту жұмыстары қолға алынады.

Былтыр Құрық портында Abu Dhabi Ports компаниясымен бірлескен астық терминалы іске қосылды. Сондай-ақ Каспийдің суы қа­шып, таяздандануына байланысты 2024-2025 жылдары Ақтау және Құрық порттары­ның акваторияларында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 

Мұның бәрі 2027 жылға қарай теңіздегі порттарымыздың өткізу қабілетін жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыруға мүм­кіндік береді.

Және бұл дамудың бастауы ғана: Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазірдің өзінде елімізде теңіз көлігі бойынша Ақтау және Құрық порттарының жиынтықты өткізу қуаты 21 миллион тоннаны құрайды. Порттарымыз астықты, құрғақ жүктерді тиеу және теміржол вагондары мен автокөліктегі жүктерді паромдар арқылы жөнелтуді қам­тамасыз етеді. Олар арқылы мұнай да сонау Еуропаға дейін жеткізіліп жатыр. 

Әзірге Қазақстанның төл сауда флоты 20 кемеден ғана тұрады. Бірақ оның бәрі Каспийде емес. Тарата айтсақ, Қара теңіз бен Жерорта теңізінде мұнай тасымалдайтын 2 танкеріміз бар, әр кеменің тасымалдау әлеуе­тін – 115 мың тонна. 

Нәтижесінде, Каспий теңізінде 11 танкер ғана бар. Оның екеуін былтыр «ҚазМұнайГаз» бен шетелдік инвестор «Әбу Даби Портс» бірлесіп сатып алды. Олар Каспий теңізінде қазақстандық мұнай тасымалында қолда­нылады. Мұның сыртында тек құрғақ жүк­терді таситын 4 кеме мен 3 контейнер-тасы­мал­­дағыш қызмет етеді. Демек ел алдында Каспийдегі флотты арттыру міндеті тұр.

Бәсекелестің порттық әлеуеті әзірге басым

Таяуда ел Үкіметі «2024-2029 жылдарға ар­налған Құрық портын логистикалық клас­тер ретінде құруды қоса алғанда, Қазақ­станның теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспарын» қабылдайды. Осылайша, қарт Каспийдегі мемлекеттік Ақтау, Құрық порттары, сондай-ақ Баутино, Саржа сияқты жекеменшік порттары – әрқайсысы жеке-жеке емес, барлығы бірге, өзара үйлесімді, кешенді дамытылатын болады. Осы мақсатта аталған порттарды бір-бірімен жалғайтын теміржолдар, трассалар төселіп жатыр.

Атап өтер жайт, 2023 жылы Ақтау порты арқылы жаһандық нарықтарға жөнелтілетін қазақ мұнайының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда, бірден 2 есе – 1 миллион 108 мың тоннадан былтыр 3 миллион 376 мың тоннаға өсті. Алайда бұл көрсеткішті де қазірден екі еседен астам ұлғайтуға болады. Тек танкер жетіспейді. 

Ақтау, Құрық және Баутино теңіз порт­тарының қолданыстағы инфрақұры­лымы жылына 21 миллион тонна жүк өт­кізуге қабілетті. Соның ішінде мұнай құю терми­налының жобалық қуаты 7,5 миллион тонна шикі мұнай мен мұнай өнімдерін ауыстырып тиеуді қамтамасыз ете алады. 

Бұдан бөлек порттардағы астық терми­налдары – 2 миллион тонна астық өткізе алады. Сондай-ақ құрғақ жүк терминал­дары­ның – 3,5 миллион тонна, әмбебап терминал­дың – 2 миллион тонна, паром кешенінің – автомобиль және теміржол паромдарынан 6 миллион тонна жүк қабыл­дап, жөнелтуге мүмкіндігі жетеді.

Оларға кірме жолдардың барлық түрі бар: порттар порталдық және жылжымалы кран­дармен, қайта тиеу техникасымен және басқа­сымен техникалық жарақтандырылған. Осы­ның арқасында олар құрғақ, бас (гене­раль­­ный), құйма, габаритті емес жүк­тер­дің кең номенк­латурасын тиеп-түсіру жұмыс­тарын, сондай-ақ вагондағы жүктерді және жүк көліктерін орау­ды, шығаруды жүзе­ге асыра алады. 

Бұрынғыдай емес, бүгінде қазақстандық теңіз порттары жыл бойы жұмыс істейді.

Бұған дейін порттарда қабылданатын жүк түрлері бойынша қаптаған шектеу болды. Қазір ассортимент күрт кеңейтілген көрінеді. Дәнді дақылдар, шикі мұнай және мұнай өнімдері, метал, тыңайтқыштар, химиялық өнім­дер, халық кең тұтынатын тауарлар және басқалары Иран, Ресей, Әзербайжан, Түрік­менстан ар жағында Грузия мен Қара теңіз арқылы Еуропа мен Түркия бағытында шы­ғыс­тан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке жә­не кері қарай та­сылады. Соның ішінде Әзербайжан бағыты белсенді өркендеп жатыр.

Орталық Азия көлік-логистикалық се­рік­тестік төрағасы Лариса Кислякованың ай­туынша, Каспийде Қазақстанның басты бәсекелесі – Түрікменстандағы Түрікмен­­башы халықаралық теңіз порты (Türkmenbaşy halkara deňiz porty) саналады. Каспий бойын­ша көрші Ресейдің адымын санкция­лар шек­­­тейді. Иран мен Әзербайжанның портт­а­­ры бізге бәсекелес емес, қайта серік­тес: Қазақ­станды әлемдік нарықтарға шыға­ратын өріс.

Ал Түрікменстанның ірі портындағы инфрақұрылым да заманауи, әрі бір тонна жүк үшін алынатын тарифі де бізден арза­нырақ. Әлемдік алып компанияларды бұл елдің жабықтығы үркітетін болса керек. 2023жылы Түрікменбашы порты арқылы тасыл­ған жүк көлемі 19,7% артты, соның өзінде 2,26 миллион тоннаны ғана құрады.

Әйткенмен түрікмендердің алға озатын мүмкіндігі жеткілікті. Түрікменбашы халық­аралық теңіз порты бастығының міндетін уақытша атқарушы, «Туркмен дениз деря иол­­лары» Теңіз және өзен қатынастары агент­тігі төрағасының орынбасары Сейітқұл Байсейітовтың айтуынша, Түрікменбашы – әзірге Каспий теңізіндегі ең ірі заманауи кешен болып табылады. 150 гектардан астам алаңды алып жатқан осы бір ғана теңіз айлағының әлеуеті, егер толыққанды жұмыс істеуге көшсе, қазірден жылына 17 миллион тонна жүк тасымалдауға жетеді. 

Алда тұрған алты міндет

Каспийдегі конкурентін шаң қаптырып кету, 3 порт арқылы тасымал көлемін 21 мил­лион тоннаға дейін жеткізу үшін Қазақ­стан не істеуі керек? Көлік министрлігі маман­­дары­ның түсіндіруінше, 6 басым міндет орындалуы тиіс. Біріншісі әрі бастысы – теңіз порттары акваториясының түбін терең­дету болмақ.

Каспий суы деңгейінің төмендеуі 1998 жыл­дан басталды. Соның ішінде тек 3 жылда – 2019-2022 жылдары теңіз деңгейі 72 сантиметрге құлдыраған. Таязданған теңіздің әр тұсында ат төбеліндей қайраңдар пайда болған, байқамаса, оларда кемелер қайраңдап қалуы мүмкін. Ең қиыны, порт­тар­­да кемелер мен танкерлер өз қуаттының 70-80 пайызы көлемінде ғана жүк тиеуге мәжбүр. Әйтпесе түбі теңіз табанына шөгеді.

Осыған байланысты теңіз порттарының акваториясын және жақындау каналдарының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жұмыс­тары басталды. Экологтер мұның Каспий теңізінің фаунасы мен флорасына үлкен за­лал келтіруі мүмкін екенін айтып, дабыл қа­ғып жүр. Олардың да орынды ақыл-кеңес­тері ескерілгені маңызды. 

Көлік министрлігінің дерегінше, Құрық портының акваториясын батиметриялық зерттеу жұмыстары былтырғы желтоқсанда жүзеге асырылды. Тереңдету жұмыстары 2024 жыл­дың шілде айында негізінен аяқ­талады. Бұл жұмысқа еуропалық ірі Jan De Nul компаниясының техникасы жұ­мыл­дырылды.

Екінші міндет – терминалдық қуаттарды дамыту және олардың негізінде бонд аймақ­тарын құру. Үшіншіден, порттарға баратын теміржол инфрақұрылымын дамыту қажет. «Достық – Мойынты» теміржол учас­кесінің екінші жолдары төселеді. Ақтау және Құрық порттарына жүктерді автомобильмен жеткізу уақытын қысқарту үшін ұзындығы 515 шақы­рым болатын республикалық маңызы бар «Шалқар – Бейнеу» автожолын салу жоспар­ланған.

Төртіншіден, көлік дәліздерін цифр­лан­дыру керек. Бесіншіден, сауда фло­тының – кемелер мен танкерлердің санын арттыру міндеті тұр. Және алтын­шыдан, навига­циялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.

Сонымен қатар тасымалдау процесін жеделдету үшін қазақстандық KTZ Express АҚ, әзербайжандық Алят теңіз порты мен «АМТП» ұлттық компаниясы арасында ал­дын ала ақпараттандыру бөлігінде инте­грациялану жолға қойылды. Ұқсас жұмыс «Грузин темір жолы» АҚ-мен де жүргізіліп жатыр. Осының арқасында Каспий порт­тары арқылы аттанатын жүктердің Әзер­байжан мен Грузия аумағынан Еуро­паға, Түркияға жеткізілуі жеделдеуі тиіс.

Айхан ШӘРІП