South China Morning Post басылымының мәліметінше, қазір қытайлық ғалымдар жануарлар эмбриондарын өсіруді сынап жатыр. Олар өздері жасап шығарған in vitro жүйесінде (құнарлы қоректік заттар толтырылған ыдыс – ред.) тышқандардың ұрығын өсіреді. Жасанды интеллект негізіндегі робот күтуші бүкіл процесті, яғни эмбрионға қажетті ауа мен қоректің жеткілікті болуын бақылай отырып, ұрықтың даму процесінің морфологиялық сипаттамаларын тіркеп, бағалайды.
Ал адам эмбрионына келер болсақ, қазір репродуктивті медицинада экстрокорпаральді ұрықтандыру (ЭКО) арқылы «сынауықтан» дүниеге сәби әкелу тәжірибесі бар. Дүниежүзінде ЭКО жолымен құрсаққа біткен алғашқы нәресте 1978 жылы дүниеге келсе, біздің елімізде тұңғыш «құтыдағы бала» 1996 жылы дүние есігін ашты. Елімізге танымал репродуктолог-эмбриолог, ғалым Салтанат Байқошқарованың айтуынша, ЭКО арқылы жасанды жолмен бала сүю – ол өзінің ұрығымен жетілген, өзінің жатырынан шығатын баланы дүниеге алып келу.
«Бұл процесс жасанды жолмен ұрықтандыру деп аталғанымен, 95-98 пайыз жағдайда бала ананың өз жатырынан шығады. Бірақ бірнеше тәулік қана, көп болса алты тәулік эмбрион ананың ағзасынан бөлек дамиды. Одан кейін анасының жатырына салып береді. Ол ешқандай да жасанды бала емес, табиғи бала», – дейді Салтанат Байқошқарова.
Яғни, ғалымдар адам эмбрионын жасанды ортада өсіру туралы әзірге ештеңе айтпайды. Қазір халықаралық құқық бойынша «сынауықта» ұрықтандыруға 14 күннен асып кетсе, адам эмбрионына тәжірибе жасауға тыйым салынған. Демек бүгінде бүкіләлемдік медицина адамды 9 ай 9 күн бойы құтыда ұрықтандыруға рұқсат бермейді. Ал репродуктолог-эмбриолог маманның айтуынша, ұрық «құтыда» 5-6 күн жетіліп, кейін анасының жатырына салынуы керек. Мұндай әдіспен елімізде 25 мыңнан астам нәресте жарық дүние есігін ашқан. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, бүкіл әлемде «құтыдан шыққан» 10 миллионнан астам адам жер басып жүр. Қоғам алғашында ЭКО-ға үрке қарады. Жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген бала келешекте ұрпақ сүйе ала ма деген де сұрақтар болды. Дегенмен елімізде жасанды ұрықтандыру арқылы 1997 жылы дүниеге келген қыз бала 2019 жылы 22 жасында табиғи жолмен ұл бала босанды.
Қытайдағы «бала өндірісінің» дақпырты
Әлемде гендік инженерияның (CRISPR гендік түзеу технологиясы) қарыштап дамып жатқанын ескерсек, супер адам жасауға ұмтылған репродуктивті медицина келешекте әйелдердің жүкті болып, толғатып әуре болмай-ақ бала сүюіне жағдай жасап, адам өндіріп алуы да ғажап емес. Қытайдағы «бала өндірісінің» дақпыртын дабырайтып тұрған мәселе де әлемдегі гендік инженерияның дамуымен байланысты болуы мүмкін. Егер жасанды жатыр арқылы дүниеге бала келетін болса, әйелдер босанбай-ақ балалы бола ала ма? Біз бұл сұрақтың жауабын Салтанат Берденқызынан сұраған едік.
«Әр нәрсе басында фантастика болып басталады. Одан кейін фантастика өмірдегі шынайы затқа айналады. Негізі бұл салада ізденіс жүріп жатыр. Жүре де береді. Сондықтан болашақта ондай жағдай болуы мүмкін. Бірақ ол жасанды жатырды әйелдің ағзасына салып бермейді. Ғалымдар сыртта өсетіндей, жетіліп бала туатындай жағдай жасауға тырысып жатқаны туралы еміс-еміс ақпарат естіліп қалады. Егер құрылғы жасалып, онда эмбрион толық жетіліп шыға алатын болса, әйелдің босанбай-ақ балалы болу мүмкіндігі бар», – деді ғалым.
Егер қиялдағы нейрожелі қолданысқа енсе, «шыныдан» шыққан бала адамзат әлемін мүлдем басқаша электронды сипатқа әкелуі ғажап емес. Дегенмен «Перзент сүймей адамның мейірі қанбас» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, «бауыр етім – балам» деп мейірленбей, дүние махаббатқа бөлене ала ма? Бәрінен бұрын қазір саудасы қызып тұрған суррогат ананың құрсағынан шыққан ұрпақтың ертеңі қалай болады? «Ұрпақ саулығы – ұлт саулығы» дейтін ұран көп. Бірақ біз өз денсаулығымызға немқұрайды қарайтынымыздың, салауатты өмір сүруге дағдыланбағанымыздың, пайдалы ас мәзірін қалыптастыра алмағандығымыздың зардабын тартамыз. Экологиялық фактор, жасанды тағам, түрлі алкогольді ішімдікке әуестік, жасанды түсік жасатудың жиілеуі және смартфонға тәуелділік салдарынан бедеулік пен белсіздік проблемасы асқынып тұр. Мұның бәрі ана мен бала денсаулығына, ұлт, ұрпақ денсаулығына кері әсерін тигізіп жатыр дейді дәрігерлер.
Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығы мамандарының айтуынша, соңғы жылдары ЭКО әдісіне жүгінетін жұптар қатары артқан. Себебі бедеулік пен белсіздік зардабын тартқан ерлі-зайыптылар саны жыл санап артып барады. Елімізде әрбір жетінші жұп бедеулікке шалдыққан, отау құрған отбасылардың 17 пайызы өздігінен бала сүйе алмайды деп дабыл қағуда.
«Ер адамдар арасында тіркелген белсіздік көрсеткіші шамамен 35-40 пайызды құрайды. Әйел адамдарда да 35-40 пайыз бедеулік кездеседі. Әйел адамның да, ер адамның да бедеулігі бір жұпта 20 пайыз жағдайда кездесіп жатады», – деді ECOMED адам репродукциясы клиникалары тобының және NGC халықаралық репродукция орталығының медициналық директоры, Астана медицина университетінің Акушерлік және гинекология кафедрасының доценті Жанерке Ажетова.
Бүгінде бедеулік дерті біздің елімізде ғана емес, дүние жүзін алаңдатқан мәселеге айналып отыр. Зерттеулер көрсеткендей, әлемдегі барлық ерлі-зайыптының 8 пайызы бедеулік пен белсіздіктен зардап шегеді. Сондықтан халықаралық репродуктивті медицинада «Ер мен әйелдерге қалай көмектесуге болады, нәрестелі болуға қандай ғылыми мүмкіндіктер бар» деген сұрақ күн тәртібіне шықты. Қазір жасанды жатыр, суррогат ана, «құтыдағы бала», «шыны түтіктен шыққан шарана» секілді ұғымдар күнделікті өмірмен қабысып, қалыпты құбылысқа айналып кетті.
Суррогат ана «жалдамалы жатыр» бизнесіне айналып кетпесін
Дегенмен дәрігерлер ең дұрысы табиғи жолмен жүкті болу мүмкіндігіне баса назар аудару керегін айтады. Жас отбасылар отау құрғаннан кейін 1-2 жыл бала сүйе алмаса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралып, табиғи жолмен жүкті болуға тырысуы керек. Президент пәрменімен 2021 жылы үш жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданып, мемлекеттік квотаның саны жеті есеге ұлғайды. Бағдарлама бала сүйе алмай, амалы таусылғандардың соңғы мүмкіндігі екені рас. «Аңсаған сәби» басталған 2021-2023 жылдар аралығында 21 000 отбасы экстракорпоральды ұрықтану әдісіне жүгініп, 10 000-нан астам бала дүниеге келген. 2030 жылға дейін ұзартылған бағдарлама арқылы алдағы 7 жылда 49 000 бедеулікке шалдыққан отбасы ата-ана атануы мүмкін.
Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде әрбір жетінші отбасы балаға зәру. Бұл отбасылар «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы суррогат ана қызметіне жүгіне ала ма, бағдарлама аясында «Құрсақ анаға» квота беріле ме деген сұрақ туындайды. Акушер гинеколог Жанерке Ажетованың айтуынша еліміздің «Неке және отбасы туралы» заңында «жатырды жалға беру» туралы арнайы талаптар мен шарттар белгіленген. Бағдарлама аясында екіжақты келісіммен «жатырды жалға алуға» болатынын, бірақ квота берілмейтінін айтты. Себебі қазір елімізде шетелдерден де бала сүю үшін қазақстандық суррогат ана қызметіне жүгінетін көп екен. Бұл өз кезегінде «жалдамалы жатыр» саудасын қыздырып, табыс табудың бір жолына айналып кету қаупін тудырады.
Репродуктивті медицина мамандары Орталық Азия елдерімен салыстырғанда елімізде экстракорпоральды ұрықтандырудың жолға қойылғаны соншалық, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінен балалы болуды аңсап келетін жұптардың көбейгенін айтады. Қазірдің өзінде елімізде ананы жалға алу бағасының қымбаттауына, суррогат анаға сұраныстың артуына, «құрсақ саудасының қызуына» сұраныстың көптігі де әсерін тигізіп отырған көрінеді. Еліміз медицинасының халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз емдеу бағытында жетістіктерге жетіп әрі балаға зар болған отбасыларға нәресте сүю қуанышын сыйлап жатқаны жақсы. Бірақ келешекте репродуктивті технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың денсаулығы мен дамуын, психоәлеуметтік мәртебесін зерттеу қажеттілігі туындайтыны сөзсіз. Бұл орайда Салтанат Берденқызы: «Жасанды жатырда бала бәлкім 50 жылдан кейін пайда болады. Сондықтан оны дөп басып айту қиын. Қазірдің өзінде адамның сана-сезімі әрқилы болып жатыр. Табиғи жолмен туған адамның өзі неше түрлі болып кетті. Тіпті, жынысының өзі қаншама түрлі, сезімінің өзі қаншама түрлі. Бір-бірін адам түсінбейтін жағдайға келдік қой қазір. Келешекте жаһандық проблемалар тереңдеп, су жетіспеушілігі, климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі салдарынан адамдар жер бетінде қолайлы өмір сүре алмауы мүмкін деген секілді болжамдар да жасалып жатыр», – деді.
Болашақта адам сапасының, өмір салтының, құндылықтар мен қағидалардың өзгеруі бек мүмкін. Біздің елімізде қарқынды қолға алынып жатқан репродуктивті технологияға кейбір мемлекеттер сақтықпен қарайды. Мәселен, Франция, Германия, Аустрия, Норвегия, Швеция, АҚШ-тың кейбір штаттарында мұндай «Құрсақ ана» қызметіне тыйым салынған. Аустралия, Ұлыбритания, Дания, Испания, Канада, Нидерланд секілді елдер «жалдамалы жатырды» табыс көзіне айналдыруға рұқсат бермейді. Сондай-ақ Ұлыбритания, Нидерланд, Мажарстан, Дания, Бельгия сияқты елдерде «Құрсақ ана» табыс көзі емес, қайырымдылық болып саналады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ