Бірі адасқандық деп санаса, енді бірі көнеден келе жатқан ата дәстүрімізді жаңғырту, ұлттық болмысымыз деген пікірін жеткізді. Осы ретте бақсылық дегеніміз не, бақсы дегеніміз кім – осыған ой жүгіртіп көрелік.
Мәдениеттанушы Бердалы Оспан өзінің парақшасында бақсылар туралы мынадай деректерді келтіреді: «XI ғасырда жазған Түркі сөздігінде Махмұт Қашқари бақсыны «қам» деп жазған. Бұл сөз әлі де қолданыста. Мысалы, «қамдану», «қамдау» тағы басқа М.Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабында Әлішер Науаиды аталары бақшы деп жазған. Сәбит Мұқанұлының «Өмір мектебі» кітабында бабаларының бақсы болғаны жазылған», – дейді. Иә, қазақ әдебиетінде бақсылар туралы аз жазылмады. Соның көш басында Ілияс Жансүгігіров пен Мағжан Жұмабаевтың шығармалары тұрады десек қателеспейміз.
Қазақ әдебиетіндегі бақсы образы
Күй атасы деп танылған Қорқытты кей деректерде бақсылардың пірі деп санайды. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Қорқыттың әкесі қара бақсы аталған ғұлама адам болыпты. VI-VII ғасырлардағы оғыз-қыпшақ дәуірінде өмір сүрген Қара бақсы алдағыны болжап айта алатын, санасыздарға саналы ой салатын құдіретті, жалаң аяғымен шоқ басқан, ағын суды тоқтатқан, көкке ұшып, жерге түсе алатын ерекше қасиетке ие екен. Ежелгі жыр-аңыздарда бұл даңқты бақсының қырықтай қасиеті бар деп сипатталады. Академик Әлкей Марғұлан Қара бақсыдан туған Қорқытты бақсылардың бабасы деп таниды. Қазақ фольклорының ірі жанашыры Ә.Диваев жинағында Қорқыт туралы:
«Әуелі бақсы пірі Қорқыт ата,
Тілеймін ғафу ет деп кетсе қата.
Адамнан ер Сүлеймен өткеннен соң
Мойныма көп жамағат салған бата», – деген жыр жолдары кездеседі.
Қорқыттан кейінгі бақсылардың ірі өкіліне зерттеушілер Қойлыбайды жатқызады. Шоқан Уәлихановтың өзі Қойлыбай бақсыға үлкен баға беріп:
«Бағаналы Қойлыбай – барлық бақсының пірі, қорғаушысы, Қорқыттан кейінгі ең биік бақсы осы» деген екен. Ел арасында осы ұлы бақсының құрметті есімімен бірге «Қойлыбайдың қобызы» деген тіркес сақталған. Қобызын бәйгеге қосқан бақсының қобызы 200 жүйрікпен бәйгеге түсіп, озып шыққан деседі.
Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанында:
«Ертеде ел бар екен қалың Найман,
Қытайға қалың найман қанат жайған.
Қалың найман ішіндегі бағаналы
Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан», – деп таныстырылады.
«Күй» атты поэмасында Ілияс Жансүгіров:
«Қобызшы – Молықбай шал Матайдағы,
Матайда – Кенже, Тұңғат Сақайдағы.
Қазақта қобызшының қалғаны сол,
Жорға еді маймаңдаған бақайшағы», – бастап, бақсының күйін:
«Кейде күй талмаураған, талықсыған,
Кейде өжет, кейде долы, албыртсынған.
Кейде паң, кейде дарқан, кейде сергек,
Шаршы өрге кейде шапшып шауып тынған», – деген жолдары арқылы бейнелейді.
Бұл поэманың басты кейіпкері Молықбай Байсақұлы қобызшы, бақсы, ақын, жырау, композитор, кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жан екен. Өнерпаздық, емшілік қасиеттері әкесінен дарыған Молықбай – жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің кіндік әкесі делінеді. 1930 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, Алматы түрмесінде қайтыс болған. Абзал халқына киелі қара қобызы және шипагерлік қасиеті арқылы қамқор болғандықтан «қобызшы Молықбай» деп атанған.
1927 жылы Ілияс Жансүгіров пен Мұхтар Әуезов қобызшы Молықбайды арнайы іздеп келіп, Амантекше жайлауында кезігіп, тартқан күйлерін тыңдайды. Сол сапардан Ілияс Жансүгіров «Күй» поэмасын жазып, «Жаңа мәдениет» журналына 1929 жылы бастырып шығарады.
Қобызшы Молықбай туралы «Күй» поэмасында Ілияс Жансүгірұлы: «Әлемнің әуеніне бермес ем-ау, қазақтың мұны тартқан күйші шалын» десе, жазушы Серік Жанәбіл: «Қорқыт – иісі түркі еліне ортақ болса, Молықбай – қазақтың қобызшысы», – деп ардақ тұта бағалайды.
Ал Тұрсынхан Зәкенұлының «Көкбөрілердің көз жасы» романында Шыңғыс хан заманының ұлы бақсысы – әкелі-балалы Мұңлық және Көкше туралы баяндалады. Онда қаһарлы ханның Қазақ даласы мен Орталық Азияға жасаған сапарының жолын ашқан осы бақсылар деп жазылады. Рашид ад-Диннің жазбаларында «Жұрт бұларды «Төбе Тәңірі» деп атап кеткен. Бұлар Керей Он ханның адамдары екен. Әсіресе, Көкше бақсы Шыңғыс ханға: «Мен тәңірінің өзімен тілдесіп тұрамын. Көкке шығып жүремін… Сенің жорығың сәтті болады, болашақта дүниенің билейсің!» деп сәуегейлік көрсеткен. Кейін Темужиннің даңқы асып, «…құрылтайда Менлік қарттың «жеті қоңқыт» аталған жеті ұлының ортаншысы Көкеш Теп-Теңгір бақсы Темужинге «Шыңғыс хан» деген атақ беріп, қолына тоғыз құйрықты ақ ту ұстатты. Шыңғыс ханды ақ киізге салып хан көтеріп, алтын таққа отырғызды», – деп суреттейді жазушы.
Бақсы деген кім?
Шоқан Уәлихановтың жазуынша, «Ұлы бақсылар барлық ауруды жаза алады, қарынды тіліп ота жасайды, әйелдердің аман-есен босануына болысып, албастыларды рухымен сескендіреді, қуалайды, керемет ойындарымен өзінің рухын шақырып, бал ашады» екен. Шаман мәдениетіндегі бақсылық жайында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда П.Паллас, П.Рычков, Д.Банзаров, Ш.Уәлиханов, Т.Карлейль, Г.Потанин, Ф.Поярков, Ә.Диваев, Б.Досымбеков сынды ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізсе, Кеңес үкіметі заманында И.Чеканинский, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев секілді ғалымдар тұшымды еңбектер жазды. Бақсы – шағатай тілінің «бақшы» сөзінен шыққан делінсе, моңғол тарихын зерттеуші Б.Владимирцовтің пікірі бойынша, «бахши» сөзі моңғолдардан шыққан, ол сауатты, тәлімгер дегенді білдіреді. Түрікмен, жартылай көшпелі өзбектер мен қарақалпақтар тілінде бахши сөзі «жырау», «ақын» деген ұғымды білдіреді.
Бақсы тұлғасын терең зерттеген ғалым В.Басилов бақсылықтың палеолит дәуірінде пайда болғанын айтады. Ал Окладников, Формозов, Запорожский, Марғұлан, Ақышев сияқты ғұламалар тарапынан бақсылық неолит дәуірінің аяғында пайда болды деген ой алға тартылды.
Бақсылық өнер адамдарының бойында да бар
Осы ретте біз жоғарыда айтқан «Бақсылар құрылтайын» ұйымдастырушылардың бірі Арман Нұрмұханбетовтен пікір сұраған едік.
«Бұл іс-шара қазақ бақсыларының құрылтайы деп аталса да тек бақсылар ғана емес, бойында табиғат дарытқан ерекше қасиеті бар жандарға арналды. Ал қасиет дегеніміз – бақсылықтан кеңірек құбылыс. Ол қасиет бақсылардан бөлек ақындар мен жырауларда, күйшілер мен әншілерде, батырлар мен хандарда да болған. Қасиет тек емшілікке ғана келіп тірелмейді, ол барлық салада көрініс табады. Ол тылсым күш. Бүгінгі заман бақсыларының түрлі әдістері бар. Мәселен, табиғат апаттарына қарсы өзінің тылсым күштерін пайдаланады. Өрт болған жерлерге жауын жаудыру, дауылды қайтару деген сынды. Сонымен қатар түрлі спорттық, өнер жарыстарында да бақсылар өздерінің киелері арқылы спортшыларымыз бен өнерпаздарымызға қолдау көрсетеді», – дейді ол.
Сонымен қатар Арман мырза кейбір өнер адамдарында да бақсылықтың нышаны кездесетінін жеткізді.
«Бір ғана мысал, әнші Димаш Құдайбергенді алайық. Оның бойында да осындай ерекше қасиет бар. Оған дау жоқ. Оның дауысын тыңдаған кейбір онкологиялық ауруы бар адамдар жазылып жатыр. Яғни, оның дауысында тылсым күш бар. Сол тылсым қонған дауысы арқылы кейбір науқастар емделіп жатыр», – дейді құрылтай ұйымдастырушысы.
Бақсылық тек қуалайды
Мақаламыз құрғақ ақпаратқа ғана құрылмас үшін Мәдет Расұлұлы атты бақсымен тілдескен едік. Ол өзінің бақсылық қасиеті атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиет екенін айтып өтті.
«Менің арғы атам Тілеуберді аймағына Өгіз бақсы деген атымен танымал қасиетті адам болған. Өгіз бақсы атануының да тарихы бар. Бала кезінде біраз бақсы жиналып, киіз үйдің ішінде бір байдың сырқатқа шалдыққан қызын емдеп жатыпты. Емдеу барысында кенет бақсылардың қасиеті жойылып кетеді. Сонда бақсылардың бірі босағада отырған балаға қарап: «Әй, бала біздің қасиетімізді жоярлық сенің қандай қасиетің бар?» деп қалады. Сонда әлгі бала: «Сырқаттың үстінен өгіз көріп тұрмын. Рұқсат етсеңіздер, сол өгізді тұрғызып айдап кетейін» дейді. Осылайша, қолына қамшысын алып аурудың үстіндегі көзіне көрінген өгізді қырқа асырып жіберген екен. Содан бастап атамды Өгіз бақсы деп атап кеткен екен», – дейді бақсы.
Атадан балаға дарыған қасиет Мәдет бақсының әкесіне де қоныпты. Тіпті, республикалық бақсылар байқауында жеңімпаз атаныпты. Бақсының айтуынша, әкесі баласынан ерекше қасиет байқап жолын жалғастыруды өтініпті. Сонда қарсыласқан баласына әкесі: «Егер бұл жолды ұстанбасаң түбі сені мертіктіреді», – дейді. Осылайша, отыз жасынан жаңа асқан жігіт бақсылықты қолға алады. Түрлі ауруды емдеген бақсы алдына дәрігерлер қайран қыла алмаған жандардың да дертіне шипа бергенін айтады. Бүгінде Алматы қаласында тұрып жатқан бақсы алдына келгендердің тамырын ұстап, тіліне қарап-ақ сырқаттың диагнозын тап басып айта қояды екен.
ТҮЙІН:
Бақсылар ислам діні таралғанға дейін ру-тайпалардың саяси-әлеуметтік өмірінде өте маңызды рөл атқарған. Мәселен V ғасырдағы ғұн патшасы Еділдің айналасында көптеген даңқты бақсы болған. Олар әрбір күрделі оқиғаларды күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырады екен. 451 жылғы Каталаун шайқасының тағдырын бақсылар құмалақ ашып, бірнеше күн бұрын айтып берген. Болжам дәл келген. Жазушы Шыңғыс Айтматов «Құз басындағы аңшының зары» атты Мұхтар Шахановпен бірігіп жазған кітабында: «...Тарихшы Наршаһи «Бұқара тарихы» атты кітабында: «...Құтайба мешіттер орнатып, кәпірлік және отқа табынушылық рухтағы шығармаларды жойды» деп жазды. Иә, ислам үстемдік еткен дәуірде шамандар қоғам өмірін үйлестіруші, реттеуші қызметінен айырылып, тек бақсы-балгерлік қызметін ғана сақтап қалады. Ақырында діншілдер бақсылық өнерді қоғамнан аластатып, бойындағы ерекше қасиеті қысқан бақсылардың біразы бұ дүниедегі істер мен қызықтардан бас тартып, жұрттан оқшау жүрсе де рухани жетілуді мақсат еткен адамдар қатарына қосылып, күнкөріс үшін ел кезіп кеткеніне тарих куә.
Мәдениеттанушы, ақын Ықылас Ожай: «...Біздің батырлар жырында көп кездесетін «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» мотиві дәл қазіргі біздің сана үшін хас батырды әсіре көтермелеу мен адақтау секілді қабылданары хақ. Оқиғаның осылай өрістеп жетуіне басты дәйек болған дүние адам рухының күші мен дәргейі ме дейміз. Ибраһим пайғамбар лаулаған отқа неге жанбады? Ендеше «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» ұғымы, әсіре сөз емес, адам рухының алапаты мен мүмкіндіктері. Біз өкінішке қарай, рухтың мұндай жойқын кереметтерін елімізге енген мына бір вахабизм індетінен кейін «бақсылық» пен «жын-пері» деген атаулардың айналасында ғана қарап, белінен сыздық та салдық. Жалпы, аруақ пен әулие феноменіне бір бойламайынша, кие мен тылсым ұғымдарының нарқына жету еш мүмкін емес», – деп толғайды. Сонымен бақсылық адасқандық па, бабалардан көш тартқан көне қасиет пе? Алдияр оқырман, сіз не дейсіз?
Наурызбек САРША