"Бұйырса, таңертең Астанаға ұшып барамыз. Комитетте осы мәселені көтеремін", – деді Толықбай.
Мәжіліс депутаты Скляр бастаған Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыруды талап етті
1,146
оқылды

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелерін ауыстыруды талап етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Massaget.kz-тің жазуынша, халық қалаулылары аймақтарды аралап, Ақтөбенің ортасына жеткен.

"Бірақ, қадірлі ағайын, шынын айту керек, әкімдіктердің дайындығы өте нашар. Тіпті басқасын айтпағанда, кейбір аудан әкімдіктерінің резервінде не қайық жоқ, су етік табылмай жатыр. Әкімдік пен Үкіметтің арасындағы байланыс жоқтың қасы десек болады. Бұған бірінші кезекте кім жауапты? Оның ашығын айтуымыз керек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауапты. Кеше Ақтөбеге келді. Алға дейтін бір ауданға барды, бірақ судың астында қалған Ойылға неге бармайды? Бұның алдында алапат өрт болғанын білесіздер, қаншама адам өртеніп кетті. Бұған да кім жауапты? Роман Скляр жауапты. Сөгіспен құтылды. Жылу электр станциялары істен шығып, қақаған қыста қаншама адам далада қалды. Сондықтан Президент басқаларға сабақ болсын деп, сөгіс жариялап жатыр, бірақ Роман Склярдан бастап Үкіметтің кейбір мүшелеріне шара қолданып, ауыстыратын кез келді ғой деп ойлаймын. Бұйырса, таңертең Астанаға ұшып барамыз. Комитетте осы мәселені көтеремін", – деді Толықбай. 

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.