Шекарасыз махаббат
Шекарасыз махаббат
353
оқылды
Махаббат ұлт таңдамайды. Қазақтың тепсе темір үзер тегеурінді жігіттері өзге ұлттың нәзік бол­мыс иелерінің де жүрегін баураған. Олардың ара­сын­да бірге асқақ сезім ке­шіп, асқаралы биік­ке қол ұстаса шыққандары да жетер­лік. «Махаббат адам­ды тексеруге, сынауға өте қолайлы таразы» депті Бальзак. Бұл махаббат оқиғасын құқық қор­ғаушы Елена Травина баян­дады. Ол Ақтау қаласы тұрғы­нының Қазақстан азаматтығын алуы мәселесімен айна­лысып жүр. Аққыз (аты өзгертілді) апай­дың жа­сы қазіргі кезде 50-ге кел­ген. Ұлты – этникалық түркімен қызы. Әлемдік алпауыт Кеңес Одағы күйрегенге дейін Ақтау қаласына келіп, тұрақтайды. Ол кезде жұрттың бәрінде КСРО паспорты. Содан жергілікті қазақ жігітімен танысып, араларында сезім туындаған. 1992 жылы жастар некеге отырады, жаңа отау тігеді. Бүгінде балаларының барлығы балиғат жасына толып, елеулі азаматқа айналған. Мәселенің мәнісі сол, оның жұбайы да, балалары да – Қазақ­стан азаматы. Ал саясатпен шаруасы жоқ, отбасы қа­мымен, бала тәрбиелеумен, өз жұмысы­мен айналысып жүргенде Аққыз апай азаматтықты рәсімдеу жа­йына алаң­дамапты. Оның үстіне құшағына алып, шуақты нұрына бөлеген Ақтаудан асып шығу да қажет болмапты. Азаматтықтың болмауына қатысты түйткілге алғаш 2001 жылы маңдай соғады. Анасының сырқат екенін есті­ген ол сол жылы Түркіменстанға сапар шегеді. Іргелес елге ескі кеңестік төлқұ­жатпен кірген. Алайда кері қайтуда қиындыққа тап болады. Түркіменстан билігі шекарадан өткізбей, бақандай 4 жыл ұстаған. Ерімен және балалары­мен қауы­шу үшін амалсыздан Түркі­мен­­стан азаматтығын рәсімдеуге тура келеді. 2005 жылы түркімен төлқұжаты қолға тиісімен ЖСВ виза – жеке істе­ріне орай Қа­зақстанға келетін шетел­діктерге берілетін виза рәсімдеуге кі­ріседі. Қазақстан тарапы еш сергел­­деңсіз құжатын рәсімдеп берген. Апай сөйтіп 2005 жылдың қысында қазақ еліне оралады. Кейіндері бір жарым жыл бойы, яғни жарты жыл сайын визасын жаңартып тұрды. 2007 жылы ауыр дертке шалдығып, визасын уақы­тында қайта рәсімдей алмай қа­лады. Визасының күші жойыл­ғанына қарамастан, туған Ота­нына айналған Қазақстанды тастап ешқайда кетпеді, түркімен жақтағы шекараға жуымады. Осылайша, 13 жыл бұрын заң бұз­ған. Өйткені онысы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабы 3-тар­мағына қайшы. Қазақстаннан қуыл­мауы үшін еліміздің құжаттарын рәсім­деуге де мән берді. «Дегенмен 2013 жылы құжат рәсім­деуге талаптану кезінде кө­ші-қон по­лициясының қызмет­кері алдап соққан: оның қолына қарапайым миграциялық карта­ны қыстыра салып, енді еш алаң­сыз, ел аумағында алшаң басып жүре беріңіз деген. Артынша апай мұның өтірік екенін түсінеді, бі­рақ Түркі­менстанға аластатылу­дан үрейленіп, құқық қорғау органы өкілінің үстінен шағым­дана алмады. Клиентім осы жыл­дар ішінде бірде-бір тәртіп бұ­з­баған, жауапкер­шілікке тартылмаған. Еліміздің нағыз пат­рио­ты. Қазіргі уақытта оның Түркімен­стандағы қарт ана­сы күтімге зәру, соны көру үшін көрші бауырлас елге барып қайтуға іңкәр. Әйтсе де, «шека­рада ұстап алып, айыпты деп танып, елден депорта­циялап, Қазақстанға кіруге жолды жауып тастай ма?» деп қорқа­ды. Ол кісі үшін күйеуі мен балала­рының қа­сында болмаудан артық азап жоқ», – дейді Елена Травина. Қорғаушы өз клиентінің Қазақ­станда отырып барлық құжатын рә­сімдеуді, жұбайы мен балалары, үйі мен ошағы орналасқан Отанының толық­қанды азаматы атануды қалай­тынын айтады. «Полицияға өзі келіп, тағыл­ған бар айыпты мойындауға, айыппұлды тө­леуге дайын. Тек елден қумауды, отба­сынан айыр­мауды сұрайды. «Қа­зақстан аза­маттығы туралы» заңына сәйкес, клиентім Қазақстан азаматына тұр­мысқа шыққан бұрынғы одақтас республиканың азаматы ретінде елде тұру мерзіміне қа­рамастан азаматтық алуға құқы­лы», – дейді Е.Травина. Бүгінде осы жайтқа қатысты бірнеше мәселе туындауда. Бірін­шіден, өзге мемлекет азаматы елден кетпей-ақ Қазақстанда аза­маттыққа құжаттар рәсімдей ала ма? Екіншіден, осы мақсатта Түр­кіменстанға бармай, В8 виза­сын ала ала ма? Үшіншіден, 12 жыл бо­йы көші-қон заңнама­сын бұзуы оның көгілдір төл­құжатымызды иеленуге тосқауыл бола ма? Бұл мәселемен көші-қон сала­сына жауап беретін Ішкі істер ми­нистрлігі таныс. Құқық қор­ғау­шы­ның сұрауы бойынша осы оқи­ға­ның мән-жайына да қа­нығыпты. Заң бойынша мемлекетіміздің аумағында заңды негізде тұрақты тұратын және «тұруға ықтияр­хаты» (вид на жительство) бар адамдар Қазақстан азаматтығын ала алады. Сондай-ақ шетелдегі қандастарға да азаматтық беруде көп жеңілдік бар. Өкінішке қа­рай, бұл игіліктер кейіпкерімізге арналмаған көрінеді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаевтың түсіндіруінше, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 7-бабы бойынша Түркі­менстан азаматтары В8 тұрақты тұру визасы болса ғана Қазақ­стан­да тұру ықтиярхатын алу ту­ралы өті­ніш бере алады екен. Атал­ған визаны алу үшін Қазақ­станның Түркімен­стан­дағы шет­ел­дік мекемесіне жүгінуі шарт. Жатжұрттық азамат талап етілетін құжаттардың толық топ­тамасын ұсын­ған кезде ішкі істер органдары тұрақты тұруға рұқсат беру мәселесін қарас­тырады. Тек оң қорытынды жасалғанда ғана тұруға ықтиярхат рәсімделеді. Осы құжат қолға тиген соң Түр­кіменстан азаматы Қазақстан азаматымен некеге отырғанын негізге ала отырып, оңай­латылған тәртіппен біздің азаматтықты алуға өтініш жаза алады. Әкімшілік кодексінің 61-ба­бына жүгінсек, әкімшілік жауап­тылық мер­зімі 1 жылға созылады. Сондықтан ІІМ басшысы Еле­на Травинаның клиентіне рұқ­сатнама алу үшін жазаға тарт­қан күннен 1 жыл өткесін ғана ішкі істер органдарына жүгінуге кеңес береді. Бірақ бұл тәсіл сот айыппұл салу туралы үкім шығар­са ғана жарамды. Сот елден аластауға ұйғаруы да мүмкін. Қалай болғанда, түркімен қы­зының тағдыры, оның қазақтың ері мен еліне деген сүйіспеншілігі таразыға түсіп тұр.   Елдос СЕНБАЙ