Ол 2022 жылдың 11 қаңтарынан 2024 жылдың 6 ақпанына дейін Ұлттық экономика министрі болған еді.
Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа қызметке тағайындалды
682
оқылды

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Бас директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Aikyn.kz Petrocouncil.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлібек Қуантыров 1983 жылы 14 қарашада Атырау қаласында туған. Ол 2005-2006 жылдары Томск мемлекеттік университетін «Қаржы және кредит» және «Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация» мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2008-2010 жылдары Мичиган университетін «Қолданбалы экономика магистрі» дәрежесімен «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша оқыған.

2005 жылдың қыркүйек айынан бастап 2006 жылдың ақпан айына дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Ішкі әкімшілік департаменті, Халықаралық қатынастар департаментінің жетекші маманы ретінде қызмет атқарған.

Одан кейін 2010 жылға дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Инвестициялық саясат және жоспарлау департаментінің сарапшысы және Экономикалық даму және сауда министрлігінде аталған департаменттің бас сарапшысы болып жұмыс істеген.

Әрі қарай Экономикалық даму және сауда министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті Стратегиялық әзірлемелер басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2010 ж. қараша-2013 ж. ақпан айы аралығында Қаржы министрлігінің Бюджет саясаты және жоспарлау департаменті, Бюджеттік жоспарлау және болжамдау департаменті директорының орынбасары болып жұмыс атқарған.

Әр жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары лауазымында жұмыс істеген.

2022 жылға дейін Ұлттық экономика вице-министрі лауазымында жұмыс атқарған.

2022 жылы 11 қаңтарда Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған. Бұл қызметте ол 2024 жылдың 6 ақпанына дейін отырды.