Ұлттық статистика бюросының көрсеткіші бойынша, былтыр құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру бойынша қызметтердің көлемі 572 миллион теңгені құраған. Алматы қаласының өзінде лудомандардың 506 миллион теңгесі қалтадан қағылған, кейін Ақмола қаласы көш бастаса, үштік қатарын Қарағанды аяқтап отыр. Мұндай көрсеткіш нәтижелері баланың тәрбиесіне кері әсерін тигізіп, болашақ ұрпақтың санасына селкеу түсіретінін ұмытпаған жөн.
Өкінішті өшіру үшін орталық аштық
Елімізде былтыр 36 мыңнан астам адам психологиялық дертке шалдыққан. Ойын ойнап опық жеген жандардың ішінде қазір қоғамға пайдасын тигізіп жүргендері де бар екен.
Атырау қаласындағы «Жаңа өмір» психологиялық қолдау орталығы лудоманияның тұсауына түскен жандарға қолдау көрсетіп, ойынқұмар ойыншылар мен олардың жақындарына кеңес берумен айналысып отыр. Айта кетейік, 8 ай бұрын ашылған тәуелділіктен оңалтуға көмектесетін орталықтың негізін қалаған Тимур Рамазанов пен Нұртас Нұрғалиұлы – құмар ойынның «соңғы қайту нүктесіне» жетіп, қиындыққа тап болған жандар. Басқа түскен оқиғадан соң өзі іспетті жастарға ақыл-кеңестерін беріп, тура жолға түсіру үшін орталықты ашуға бел буған.
«Кішкентайымнан футболға қызығып, үйірмелеріне қатысып өстім. Қателеспесем, 2010 жылы өзімнен үлкен ағаларым футболға бәс тігіп жүргенін көрдім. Содан екі ойыншы команданың қайбірі жеңіске жететіні жайындағы бәстік пікірлерді менен де сұрап жүрді. Айтқан болжамдарым дәл келсе, бір сағаттың ішінде берген ақшам пәлен теңгемен қайтады деп мәз болатынмын. Тіпті, жұрттардың бір айда тапқан табысын бір сағаттың ішінде табуға болады екен деген ой туды менде. Мұндай пікір ата-анамды қаржы жағынан мазаламау үшін пайда болып, шәкіртақымды еселеп шығарамын деп букмекерлік кеңселерде спорттық ойындарға бәс тігуден басталды», – дейді 7 жыл бойы лудомания өкілі болған Тимур. Айтуынша, алғашында дерті күшті ойынды жұмыс ретінде қабылдаған, ақыр-аяғы бар дүниесінен айырылған соң ойындағы құпиясын анасымен бөліскен. «Жағдайды басқа түскен жан ғана біледі» деп өз ісін қайталаған жандарға психологиялық кеңесін беріп жүр.
«Орталыққа психологиялық жағынан өте әлсіз ойыншылар жиі келеді. Оларға ең бірінші басқа ойыншылармен қалай сөйлесу керек екенін түсіндіреміз. Ең бастысы, қарызын жаппауды талап етеміз. Тура жолға түсемін дегендерге де біздің тараптан қойылатын талаптар бар. Тек шындықты айту, тәртіпке бағыну және тазалыққа аса қатты ден қою. «Ауруын жасырған өледі» демекші, әр адам құмар ойынға тәуелді екенін мойындауы керек. Біздің басты мақсатымыз – орталықтың көмегіне жүгінген адамдарға ойынсыз да өмір бар екенін түсіндіру», деп сөзін түйді орталық басшысы. Орталық басшысы қазір орталықа ем-дом қабылдап жатқан 43 адам бар. Кішісі 18 жаста болса, үлкені– 45 жаста. «Ойынқұмарлық жас таңдап отырмайды», – дейді Т.Рамазанов.
Шаңырақ шайқалмасын
Лудоманияның салдарынан ажырасып жатқан отбасы аз емес. Психитар-нарколог Санжар Тұрсынметовтың пікірінше, отбасындағы дұрыс берілмеген тәрбие, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсы болмауы салдарынан балалар түрлі азарт ойынға құмар болып өседі.
Бүгінде отбасын ойран етіп, адамды есінен адастырған індеттің құрбанына айналған қаншама азамат белшесінен қарызға батып жүр. Банкке беретін берешегі басындағы шашынан көп түркістандықтың бірі отбасының әлеуметтік жағдайы оңып тұрған жоғын айтты. Лудоманның жұбайы Нұргүл Есімованың (кейіпкердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) айтуынша, күйеуінің құмар ойынның құрығында жүргенін білсе де, шаңырағының шайқалуына жол бергісі келмеген.
«Қазір екі қызымыз бар. Күйеуім тұрмыс құрудың алдында лудоманияның өкілі болған екен. Мен оны жақында білдім. Тапқан табысында береке жоқ. Жұмыс істейді, бірақ алып жатқан қаражатын көрмейміз. Біраз қарызға кірген соң болған жағдайды өзі айтып берді. Баламыз бар, ажырасуды ойлаудың өзі қорқынышты еді. Шаңырағым шайқалмасын деген оймен жолдасымның қарызын жабу үшін банктен өз атымнан несие рәсімдедім. Сөйтіп, күйеуімнің мойнындағы 7 миллион қарызын жаптық. Қазір бар тапқанымыз сол банк берешегін төлеуге кетіп жатыр. Ақша табылады, ал балаларға әке табылмайды ғой», – деді Н.Есімова.
Күйеуі А. есімді азамат құмар ойынға деген қызығушылығының мектеп кезде басталғанын айтты. Ата-анасы тамаққа деп берген ақшасын лотоматиктерге салып, кейде ұтыс ұтса, кейде әттеген-айлап қалатын сәттері болғанын жасырмады. «Ойынға қайта бармаймын десем де осы соңғысы, мүмкін сәттілік серігім боп миллиондаған қаржыға кенелермін деген ой тұрады. Бұл ойынның басы қызық болғанымен, өкінішпен аяқталады. Оны әр ойыншы білсе де одан алыс кете алмайды, бұл – азарт. Сондықтан шекесіне тигеннен кейін емес, одан бұрын тоқтатуы керек, жалпы мүлде жоламауы керек. Ақша қаншалықты оңай жолмен келсе бұйырмайды, бұл ойын белшеден қарызға батырып бір-ақ шығарады», – дейді құмар ойынның құрбаны болған азамат.
Жыл сайынғы статистика көрсеткіші артпаса төмендейтін түрі жоқ. Дегенмен жарқын болашақ иесі болуды көздейтін әр адам тура жолдан таймай, тапқанын берекеті жоқ дүниеге жұмсамасы баршаға мәлім. Бастысы, қай саланың болса да ілгері дамуын тежеп, кері тартатын дерт қоғамды құрдымға апармаса игі.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ