Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін, үш эвакуациялық пункт белгіленді. Осылайша, 31 наурыздан 1 сәуірге ауған түні 600-ге жуық тұрғын эвакуациялық пункт ретінде бекітілген Ы.Шөреков атындағы орта мектеп гимназиясы, Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп және «Нұр-Шуақ» балабақшасына көшіріліп, әйел-балалар, науқас адамдар және I, II, III-топтағы мүгедектігі бар азаматтар Сағыз ауылына эвакуацияланды.
Су басу қаупімен Қызылқоға ауданы бірінші рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Бұған дейін тіпті, Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылқоға өңірін су шаю қаупі бар ауылдар тізіміне енгізген болатын.
Қызылқоға ауданы әкімдігінен білгеніміздей, су тасқынының алдын алу жұмыстары 18 наурызда басталған. «Миялы ауылында бөгеттерді көтеру жұмыстары 18-і басталды. 28 наурыздан бастап аудан бойынша кезекшілік ұйымдастырылды. Ауыл іргесіне бөгет көтеру, қапшыққа құм толтыру, жағаларды биіктету жұмыстарына 275 мекеме қызметкерлері, 48 полиция қызметкерлері, Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің 110 қызметкері және 3 000-нан астам ерікті жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 45,7 шақырым бөгет бар. Тасқын судың қауіптілігіне байланысты бүгінгі күні аудан бойынша 26 шақырым 350 метр болатын бөгеттерді көтерілуде», – деді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев.
1 сәуір күнгі күндізгі сағат 12.00-дегі ақпарат бойынша, Миялы ауылында су деңгейінің сәл түсуі байқалады. «Десек те, әлі қауіп бар. Қажетті қапшықтар дер кезінде жеткізіліп, таратылып берілді. Бұрын мұндай көлемде су болған жоқ. Миялы ауылы аралдың ортасында қалғандай болды», – деді Жарас Есенғалиев.
Белгілі болғанындай, Ойыл өзені бойында орналасқан ауылдардан 2000-нан астам қой-ешкі, 400-ден астам мүйізді ірі қара, 138 жылқы, 20 түйе қауіпсіз аймаққа шығарылған. Ауылды топан су басудан құтқару жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр.
Қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты, ана мен бала, егде жастағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Миялы ауылынан Атырау қаласына барамын деген тұрғындар үшін тегін автобустар жүріп жатыр. «БатысТехИнвест» ЖШС арқылы күніне үш мезгіл 247 тұрғын облыс орталығына тасымалдануда. Одан өзге, 50-ден астам тұрғын өз көліктерімен облыс орталығына жетіп үлгерген.
Ал «Сағыз-Миялы» бағытындағы тасжолды тасқын су шайып кетуіне байланысты, аталған бағытқа автобус тасымалы уақытша тоқтатылды.
Ерекше атап өтерлігі, қарғын судан төнген қатерге қызылқоғалықтар бірлесіп төтеп беріп жатыр. Миялылық Тұрғын Бекешов тұрғындардың үш күнге жуық уақыттан бері ұйқысыз таң атырып жатқанын айтады.
«Ауылымызға тасқын су өте үлкен қауіп төндіріп отыр. Төтенше жағдай жарияланған таңнан бері атқарушы орган, құтқарушылар, полицейлерді қоспағанда, ауылдың ер адамдары, көршілес Мұқыр, Сағыз ауылдарынан келген еріктілер тәулік бойы бөгет тұрғызып, тоқтаусыз жұмыс жасап жатыр. Ауылдағы бүкіл техниканы жұмылдырып, қолдарына күрек ұстап, басы-қасында жүр», – дейді ауыл тұрғыны Тұрғын Бекешов.
Айта кетерлік тағы бір мәселе, қызылқоғалықтар су тасқынына қарсы жұмыстарды үйлестіруде ауызбіршілік танытып отыр. Миялы ауылының кәсіпкерлері Ойыл өзені тасқынын болдырмау үшін бөгет тұрғызып, жаға бекіту жұмыстарымен айналысып жатқан еріктілер мен төтенше жағдай қызметкерлеріне үш күннен бері үш мезгіл ыстық тамақ таратуда.
Жергілікті тұрғын, Қызылқоға аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Алтынзер Баймұратованың ұйымдастыруымен 15 кәсіпкер жұмылып, бір күнде 1 500 адамға ыстық тағам мен сусындар дайындап, үлестіріп жатыр.
– Ауданымызға сын-қатер төнген кезде ауыл үлкендері мен жастары қолға күрек алып, Ойыл өзенінің жағасын бекітуде үздіксіз қызмет етуде. Біз де қол қусырып отыра алмаймыз. Кәсіпкерлеріміз үш күннен бері бизнес нысандарының жұмысын тоқтатып қойып, ортақ істің басы-қасында жүр, – деді Алтынзер Баймұратова.
Ауданда ыстық тамақ жасауға келмесе де, қаржылай көмек көрсетіп жүрген бизнес өкілдері де бар. Тағамдар «Бақыт» мейрамханасында дайындалуда. Үздіксіз жұмыс істеп жүргендердің арасында Гүлзира Елеуғалиқызы да бар.
– Ел басына күн туғанда ерлеріміз етікпен су кешіп жүр. Таңның атысы, күннің батысы жаға басында. Солардың бірлесе істеген қарқынды жұмыстарының арқасында тасқынға төтеп беріп жатырмыз. Мен де өзімнің киім дүкенімнің есігін кілттеп, осы жерде жүрмін. Тек апаттан аман шықсақ екен, – дейді ауыл тұрғыны.
Қызылқоға ауданындағы су тасқыны туралы ақпарат сағат сайын өзгеріп жатыр. Дегенмен су басу қаупінің ортасында тұрған Миялы ауылында бөгеттерді көтеру, жаға нығайту, құм толы қапшықтармен бекіту жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жүріп жатыр.
Өкінішке қарай, су тасу қаупі Қызылқоға ауданы бойынша Сағыз, Аққора ауылдарында да сақталып отыр. Бұдан бөлек, Жылыой, Құрманғазы аудандарында да қауіп бар. Қазір көктемгі су тасқынына қарсы күрес шаралары Жылыой ауданында да жүйелі жүргізілуде. Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмоншақ Әбілхасованың айтуынша, Жем ауылдық округі аумағында байқалған өзеннің қауіпті тұстары топырақпен биіктетіліп, нығайтылуда.
«Сонымен қатар Жемнің бойындағы Құржем шлюзінің маңы, Құрсай өзенінің осал жерлерінде де осындай жұмыстар істелген. Бұдан бөлек, биылғы ақпан-наурыз айларында Құлсары қаласына қарасты Мешіт ауылының маңы, Қамыскөл жағалауы, «Атырау» шағын ауданы және Шоқпартоғай ауылының маңайындағы бұзылған бөгеттер қалпына келтірілді. Қазір Қамыскөл жағалауының осал тұстары нығайтылып жатыр», – деді спикер.
Арнасынан асуы мүмкін деген болжам айтылып отырған Қиғаш, Шарон өзендері бойымен тасқынға қарсы салынған бөгеттердің ұзындығы 264 шақырымды құрайды.
Оның 158 шақырымы Қиғаш, 106 шақырымы Шарон өзенінің бойында орналасқан. Құрманғазы ауданы әкімінің кеңесшісі Ернар Боранғалиевтің айтуынша, бүгінде Шортанбай, Көптоғай, Дыңғызыл ауылдарының тұсында тұрғызылған дамбылардың аса қауіпті деп танылған учаскелерін бекемдеу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда төтенше жағдай болғанда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіретін 26 тұрақты және 5 аралық эвакуациялық қабылдау бекеті жұмыс істеуде.
Әзірге, Атырау облысы бойынша ахуал осындай.
Баян ЖАНҰЗАҚ