Театр ұжымы жаңа қойылымдармен қатар осыдан бірнеше жыл бұрын сахналанған шығармаларға қайта дем беріп, заманауи нұсқада ұсынып келеді. Солардың бірі театрда осыдан жиырма жылдан аса уақыт бұрын сахналанған – «Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымы. Қойылымдағы басты кейіпкер Андрейдің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Қожа сомдаған еді. Дегенмен қойылым қайта өңделіп, көрермен назарына жаңадан ұсынылғанына көп уақыт өте қоймаса да, келушілер саны толастаған емес. Театрға ат басын бұрған көрерменнің арасынан жастардан өзге қарияларды да кездестіруге болады. Мұны аталмыш қойылымға деген көрерменнің ықыласы мен ерекше ынтасы деп бағамдадық.
«Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымы ресейлік әйгілі жазушы, сатирик Михаил Задорновтың «Последня попытка» атты шығармасына негізделген. Шығарманы қазақ тіліне аударғандар – Толымбек Әлімбекұлы мен Оразхан Кенебаев. Қойылымның мазмұнына тоқталсақ, күйеуін үйінде асыға күтіп отырған Елена мерекелік кешкі ас әзірлеп жатады. Себебі бүгін ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне тура жиырма жыл. Сол күні үйге кенеттен жас қыз келіп, күйеуі екеуі арасындағы қарым-қатынас жайлы бәрін жайып салады. Соңында жас қыз Андрейді қатты жақсы көретінін, сондықтан күйеуін 20 миллионға сатуын сұрап өтінеді. Қомақты қаражат ұсынған ашына күйеуімен бірге болу үшін кез келген соманы беруге дайын екенін айтып жалбарынады. Екеуінің арасындағы әңгіме қызып бара жатқан тұста үйдің отағасы да келіп қалады. Ашынасын өз шаңырағынан көрген ол бастапқыда таңғалып, қалай әрекет жасау қажет екенін білмей дал болады. Бір қызығы, отағасы бұл шешімге қарсы емес. Әрі қарай екі ортада күйеуін саудаға салу басталады.
Қойылым нүктесін қойып, қалың халық ақырындап тарқасқан сәтте біз режиссер мен актерлік ұжымды сахна сыртынан іздеп бардық. Қойылым режиссері Қуаныш Мамытқалиев бірқатар сауалымызға жауап беріп, қойылым туралы пікірін бөлісті. Маңызды атап өтерлік жайт, «Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымы режиссердің дебюттік жұмысы екен.
– Михаил Задорнов – заңғар жазушы, сатирик. Ол жанұяда болатын жағдайларды нақты жаза білетін адам. Шығарманың идеясына келетін болсақ, мұнда отбасы құндылығы, сезім құндылығы, арадан қаншама жыл өтсе де адамың бір-бірін бағалай білуі, бауыр басуы іспетті маңызды дүниелер баяндалады. Бұл ешқашан ескірмейтін тақырып. Қойылым арқылы ерлі-зайыптылар бір-бірін аялап, қадірлей білуі керек деген ойды жеткізгіміз келеді. Сені қадірлейтін адам қасыңда жүр, сондықтан оны уақытында көре білуің тиіс. Ол өмірінде сенің ыстығыңа да, суығыңа да көнген соң, екінші жартыңды жарты жолда тастап кетпеуің қажет. Меніңше, бұл қай кезеңде болмасын өзекті тақырып болып қала береді. Біз ескі пьесаны заманауи нұсқада қайта жаңғыртуға тырыстық. Бұл қойылымға көбіне жастар келетін болғандықтан, аудиторияны сол жас аралығына бағыттап қойдық. Өйткені жастарымыз осы қойылым арқылы өзінше ой түйсе, бірін-бірі бағаласа екен дейміз, – дейді режиссер.
Қойылымдағы сахналардың бірінде ерлі-зайыптының бір-бірімен төбелесі көрсетіледі. Сахнадағы осы көрініс пен актер тарапынан айтылған сөздер біздің санамызда сауал туындатқаны рас. Кейінірек дәл сол сахна жөнінде режиссердің өзінен сұрап білдік. Режиссер ерлі-зайыптының төбелесі арқылы біз ішкі арпалысты көрсеткіміз келді дейді.
– Сіз айтып отырған ер мен әйелдің төбелесі арқылы біз ішкі арпалысты көрсеткіміз келді. Расында, қойылым арасында актер тарапынан аяқ астынан импровизация болуы мүмкін. Отбасындағы ер мен әйел қаншама рет ұрысса, бірақ бір-бірін жақсы көріп тұрса, олар ешқайда кете алмайды. Біз осындай ішкі арпалысты иллюстрация арқылы жеткіздік. Мәселен, «Мистер и миссис Смит» фильмінде Брэд Питт пен Анджелина Джолидің бір-бірімен төбелесі арпалыс ретінде бейнеленген. Алайда осындай текетірес бола тұрса да, олар бір-бірін қимайды. Себебі бір-бірін жақсы көрді. Сондықтан біз де бұл сахнада кейіпкердің ішкі жан дүниесін көрсетуге тырыстық, – дейді ол.
Пьесаны қойылым ретінде сахнаға әзірлеу барысында режиссер актерлік құраммен бірге ақылдасқан. «Ең біріншіден, біз қойылым арқылы халыққа не айтқымыз келді? Осы сұраққа жауап іздедік», – дейді режиссер. Онымен қоса қойылымда заманауи трендтер де назардан тыс қалмаған. Режиссердің айтуынша, бұл – актердің ізденісі.
– Негізі қырық жасқа келген жанұялар көбіне құбылады екен. Жиырма жыл бірге өмір сүріп келеді де, сосын отбасында құбылу басталады. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Сондықтан біз қойылымдағы ерлі-зайыптының жас мөлшерін қырық жас деп алдық. Кейінірек қойылымды неліктен жылдам ырғақта жасамасқа деген ой келді. Өйткені қазіргі заманның өзі жылдам ырғақта ғой. Әлеуметтік желілер кең қолданысқа енген уақытта заман ырғағына қарай бейімделіп, қойылымды бүгінгі темпте жасап көрейік деп шештік. Бұрын театрларда сахналанған уақытта қойылымда жас мөлшері елуден асқан отбасы бейнеленетін. Қойылымның негізгі түйіні мынадай: бұл өтпелі кезең, бір-біріңнен ажырауға жол бермеңдер, бір-біріңді бағалаңдар. Өйткені алда әлі де өмірлерің бар. Мәселен, арада бала жоқ болса да, үміт бар емес пе?! Қандай тосқауыл болса да соңында махаббат жеңіп шығады, – деп сөзін түйіндеді қойылым режиссері Қ.Мамытқалиев.
«Күйеуіңізді сатыңызшы» – заманауи бағытта әзірленген қойылым болғандықтан, сәйкесінше мұндай жаңа трендтер де театрда жиі қолданылатын тәсілдердің бірі. Мәселен, Тұңғышбай Жаманқұловтың «Турандот ханшайым» атты қойылымында қоғамда жаңадан пайда болған трендтерді барынша қолдануға тырысса, «Қожанасыр тірі екен» қойылымында да қазіргі заманың өзекті тақырыптары көрініс табады. Осы ретте басты кейіпкер Андрейдің рөлін сомдаушы Ғалым Оспановты әңгімеге тарттық.
– Қойылымға арқау болған өзекті тақырып бұрын да болған, қазір де бар, бізден кейін де бола береді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетер» дейді қазақ. Андрей Васильевич – қызметкер, іскер жан. Өмірде кім шалыс баспайды, кім сүрінбейді? Иә, басты кейіпкердің жас қызға көңілі ауды. Сондай-ақ бұл тұста жас қыздың балалығы мен шалалығын, жастығын да айта кету керек. Кім қазір үйіңізге келіп маған күйеуіңізді 20 миллионға сатыңызшы деп айтады? Ал отағасы жағдайдың бұлай боларын білген жоқ. Андрей менің театрда сомдап жүрген өзге кейіпкерлеріме ұқсамайды. Пьеасаның түпнұсқа желісімен ойнайтын болсақ, шығармада сол кезеңге тән әзілдер бар. Қазіргі ағым бөлек, сондықтан заман талабына сай бүгінгі трендтерді қосуға тырыстық. «Күйеуіңізді сатыңызшы» – мұңлы комедия. Көріп отырған көрермен күліп отырып ойланады, – дейді басты рөлді сомдаушы.
Сөз соңында актерден қойылымға байланысты өзіндік түйген ойын да сұрап білдік. Театрдың белді актері мұндай жағдайлар шынайы өмірде қайталанбаса екен дейді.
– Жеке өзімнің көзқарасымды айтар болсам, бұл жағдайға қарсы болар едім. Адам қосағымен қоса ағаруы керек. «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейді қазақ. Сондықтан жарыңа деген адалдық, жанұяңа деген тұрақтылық – басты мәселе. Бірақ актер ретінде басты кейіпкердің бейнесін сахнада сомдайтын болғандықтан бұл менің мамандығым, міндетім. Театр сахнасында драма, трагедия, лирика, комедия болсын жанр талғамаймын. Дегенмен жаныма жақыны – драма. Комедия жанрында көбіне ұшқырлық, ой тапқырлығы маңызды. Сондықтан импровизацияға баратын сәттер болады. Өйткені залда отырған көзі қарақты көрерменді де ойлаймыз, – дейді театр актері Ғ.Оспанов.
Қойылым мазмұнынан ажырасу фактілерінің азайып, отбасын сақтап қалуға бағытталған идеяны аңғардық. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 болған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2020, 2021 жылдармен салыстырғанда коэффициенттің төмендеуі байқалады – көрсеткіш 2,56 және 2,54. Ал 2023 жылдың деректері алдағы сәуір айында жарияланады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы