Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолының 35 шақырымында жол опырылып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Дамир Тілеубаев мәлімдегендей, оқиға 1 сәуір күні сағат 18.32-де болды.
Оның айтуынша, су өткізгіш құбыр мен жол төсемін су басып, жолдың құрылымдық қабаттары шөгіп кетті.
Бүлінген аумақ қалпына келтіріліп, опырылған жерге инертті материал төселуде. Қазір осы жерде экскаватор, тиегіш, жүк көліктері секілді 14 арнайы техника, 20 маман жұмыс істеп жатыр. Мердігер – «Казкомсервис» ЖШС. Жолды қысқа мерзім ішінде, бүгін кешке дейін қайта пайдалануға беру көзделіп отыр.
«Осы апаттың салдарынан аталған тасжолдың 35-шақырымында көлік қозғалысы шектелді. Жолдың осы аумағы 2023 жылы салынды, оны 2025 жылы тапсыру жоспарланған. Сондықтан құрылыс жұмыстары толық біткен жоқ: жолдың астындағы су өткізгіш құбырдың іргесін бекіту жұмыстары толық аяқталмады. Соның салдарынан жолдың құрылымдық қабаты шөгіп, су шайып кетті. Қыс кезінде жұмыс тоқтатылғандықтан, жолаушылардың жайлылығы үшін жолдың осы бөлігінде қозғалыс уақытша ашылған болатын. Құрылыс маусымы басталғанда, бұл жер қайта жабылып, көлік қатынасы айналма жол арқылы жүргізіледі», – деді Д.Тілеубаев.
Оның сөзіне қарағанда, жол төсемін қалпына келтіру үшін асфальт қабаты алынды. Тәулік бойы кезекшілік орнатылып, жөндеу жұмыстары түнімен жүргізілді, қазір де жалғасып жатыр. Мердігер қалпына келтіру жұмыстарын өз есебінен жүргізуде.
Өңірде 26 наурыздан бері бірнеше рет осындай оқиға болды. Атап айтқанда, Самара-Шымкент жолының 479 және 428, сонымен қатар Подстепный-Теректі жолының 11, 13-шақырымын (Пойма ауылы маңында) еріген қар суы басып кетті. Бірақ тиісті шараларды жедел атқарудың нәтижесінде жол бүлінген жоқ.