Жәдігер сақтаушысы
Жәдігер сақтаушысы
379
оқылды
Әуесхан Мажай осыдан жетпіс жыл бұрын көктемде Қытайда туған.  Осы елдегі Іле облыстық медицина мектебін бітіріп, дәрігер атанады. Өкінішке қарай, келін болып түскен әулет тап жауы, бай-шонжар, жер иесі, ұлтшыл деген жаламен бақылауда бол­ған­дық­тан, мамандығы бойынша қызмет істей алмай,  түрлі шаруа­лар­мен айналысқан. Өмірлік қосағы Андас Омарақынның қаламгерлік, зерттеушілікпен шұғылдануына жағдай жасап, балаларын заман талабына сай оқытып, тәрбиелейді. Соның арқасы болар, отбасын­дағы балалардың бесеуі де  ғылым ма­гистрі атанып, қызмет етуде. Әуесхан апаның  ұрпақ тәрбие­сін­дегі үлгісі ҚХР-да шығатын «Шин­жияң» және «Іле» газеттерінде,  «Шин­жияң оқу-ағарту» журна­лын­да жазылып, «Мемлекеттік ұрпақ тәр­биелеудің үлгісі» деген мара­патқа ие болған. Әуесхан Мажайқызы кәсіп­­кер­­лікке жол ашылғанда тары, тал­қан, жент, жарма, сүз­бе, қа­тық, тары көже, боза сияқ­ты ұлттық тағамдарды алғаш­қы­лардың бірі болып сауда­ға шығарып, халықтың қол­дауын иеленеді. 1999 жылы ұйым­дастырылған ауыл­­ша­руашылық өнімдері жәр­мең­кесінде тері ауруларына ем болатын қазақ­тың қара сабынынан шеберлік сабақ өткізеді және оны алғаш рет сауда сөресіне шығарғаны үшін «Ұлттық өнімді сақтаған бірінші дәрежелі шебер» деген мара­патқа ие болған. Әуесхан апаның әкесі Ма­жай да, арғы аталары да он сау­­­­­­сағынан өнер тамған қол­­өнерші, жыршы-термеші, күй­ші бо­лыпты. Мажай ақсақал өз кезінде жолбарыс, ілбісін, қасқыр, бұғы, елік, қоян, тағы да бас­қа дала аңдарын қолда үй­ре­тіп, ағаларымен бірге өр­ме­шілік, дәрігерлік, аңшылық кә­сіппен айналысқан. Отба­сын­да көрген тәрбиесін ке­лін болып түскеннен кейін де жал­ғас­тырған апа қиын жыл­­дары сол әулеттен ата­дан балаға мұра болып келе жат­қан жәдігерлерді жанын са­лып жүріп сақтап, бүгінге жеткізді. Олардың біра­зын Тұңғыш Президент – Елба­сының «Атамекен» мәдени орталығына, С.Сейфуллин атын­дағы Алматы облыстық әм­бе­бап кітапханасына сый­лады. Ата-бабадан жеткен мұра­лар­дың ішінде осыдан үш жүз жыл бұрын тұтынған тұрмыстық бұйымдар бастаған небір жәді­гер­лер бар. Көненің көзі бол­ған қазан-ошақ, самаурын, келі-келсап, қазан, мосы, ас­тау, тегене, қасық, шөміш, пы­шақ, қысқаш, тоқылған ши, қы­ларқан, тағы басқа да тұр­­мыстық бұйымдардың түр-тү­рін табасың. Тарихи ма­ңызы зор Қызай қалпақ, Сол­­тангелді бидің күмістелген ер то­қымы, Ұлтарақ батырдың кі­сесі, Жан­сарбай емшінің ем­деу құрал­дары, Омарақын зәң­гі­нің белбеуі, ХІХ ғасырда Ре­сей­де жа­­салған самаурын жақ­сы сақ­талған. Ал ер-тоқым, жү­ген, ноқта, құйысқан, өміл­ді­­рік, қамшы, кісен секілді ат әб­­зелдерінің өзі бір төбе. Барлығы шебердің қо­­лынан шыққан сирек кез­де­сетін өнер туындысы екені бір­ден байқалады. Бүркіт ұс­тайтын тор, жемсау, қолғап, тұ­ғыр, сияқты аңшылыққа пай­­­да­­ланатын құрал-сайман­дар да бүгінгі ұрпаққа таң­сық дү­ниелер. Емшілікке қол­да­ны­­латын қорғасын, кепіреш, дә­рі­лік шөптерді үгітетін кіш­кен­­­тай келі, денедегі арам қан­ды тазалауға арналған лоң­қа, сиыр­дың мүйізінен ою­лап жа­сал­ған бүлдіргі ата-баба­­ла­ры­мыз­дың халықтық меди­ци­наны хал-қадірінше өркен­дет­кенін аңдатады. Әуесхан Мажайқызы ата-баба мұрасын сақтаумен қоса, он саусағынан өнер тамған іс­мер. Өзі тіккен тұскиіз, жүк жап­қыш, құрақ көрпе, қапшық дор­ба, қасқыр тұмақ, тақия, та­ғы да басқа тұрмыстық бұ­йым­­дар, сан түрлі қыз жасауы, тоқы­­малар, қолмен басқан киіз сырмақ, алаша, бүгінге дейін жеткізген қазақтың қара сабы­нын жасау әдісі де елді қатты қы­­зықтырады.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы