Төтенше жағдайларда әрекет ететін командалар үшін электр көліктері өртенгенде дәстүрлі тәсілдерді қолдануға болмайтыны туралы BBC News мақала жариялады. Бұл материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz өртенген электр көлігінен туындайтын қауіптерді талдайды.
Махер мырза электр көліктеріндегі өрт сирек кездесетінін, дегенмен олар әдеттегі жанармаймен жүретін көліктегі өрттен мүлде басқа проблемалар туғызатынын айтады. Батареялар жана бастаса оларға жету қиын екенін өрт сөндірушілер түсіне бастады. Электр көлігіндегі өрт бағытталған реактивті жалындар мен бу бұлттарының жарылыстарына әкелуі мүмкін.
Егер өрт сөндірушілер жалынды бақылауда ұстау үшін суды пайдаланса, онда электр көліктерін сөндіруге қолданған су арқылы әртүрлі улы химикаттар ауаға таралып, ағын сумен араласып, топыраққа сіңіп зиянын көбейтеді. Сондықтан өрт сөндірушілер электромобиль өрттерімен күресу кезінде улы заттардың таралуын азайтатын «эко сөмкелер» алып жүретін болған.
«Ал біздің таңдайтын әдісіміз – электромобильдердің толық жанып кетуін күту», – дейді Махер мырза.
Қазіргі жөндеу компаниялары өртенген электр көліктерін алып кете бермейді екен. Олар өртенген электромобильді қайта өңдеуді білмейді және оларда электромобильдерді алып кететін арнайы көліктері жоқ. Электр көліктерін сүйреуге болмайды, сүйрегенде олардың артқы дөңгелектері қайтадан электр қуатын өндіре бастайды.
Мамандар қалалардағы электр көліктері санының жылдам өсуі оларда болатын өртену оқиғаларының да жиілейтінін айтуда. 2022-2023 жылдары Англия бойынша өрт сөндіру қызметтері барлығы 19 000-нан астам көлік өртін тіркеді, оның 11 252-сі кездейсоқ басталды.
Ал 2022-2023 жылдары электр көлігінің өртенуіне байланысты 59 оқиға тіркелген, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе жоғары көрсеткіш.
Өрт сөндірушілер электр көліктерінің өртенуі барлық дамыған елдердің өрт сөндірушілерінің алдында тұрған, жылдам өсіп келе жатқан қауіп екенін айтады. Электр көліктеріндегі өрт бензин немесе дизельді көліктерге қарағанда «азырақ» болғанымен, электр көліктері ескірген сайын, олардың саны өскен сайын өрт шығу қаупі де артуы мүмкін.
Көліктер арасында өрттің таралу қаупін азайту үшін автотұрақтарда электр көліктері арасындағы қашықтықты арттыру да ұсынылуда. Өткен жылы Лутон әуежайындағы өрт электр көлігінен басталмағанымен, өрт электромобильге де жылдам тараған.
Жасыл технологиялардың дамуымен жолдарда электромобильдер көбейе бастады. Оны Астана көшелерінен де байқауға болады. Көліктердегі батареялар саны өскен сайын олардың өртенуі де өсе бермекші. Мұндай өртті сөндіру күрделі және қиын операция болып саналады. Бұл оқиғалардың әрқайсысы айтарлықтай уақыт пен ресурстарды талап етеді.
БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы әзірлеген халықаралық ережелері электр көліктерінің, соның ішінде литий батареяларының қауіпсіздігіне арналған техникалық стандарттарды бекіткен. Осы ережелерге сәйкес, электр көліктерін өндірушілер өрт сөндіру қызметіне көліктің апаттық сипаттамаларын анықтауға көмектесу үшін техникалық ақпаратпен бөлісуге міндеттелді.