Аудиожазба авторы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин болып шықты.
”Үйдің құлағанын көзіммен көрдім”: желіде баласына елдегі жағдайды айтып танымал болған аудиожазбаның авторы кім екені белгілі болды
Фото Самат Бисембиннің жеке архивінен
1,127
оқылды

Ақтөбедегі жағдайды баласына баяндап жіберген хабарламасы әлеуметтік желіде кеңінен таралған ер адамның кім екені белгілі болды. Аудиожазба авторы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин болып шықты. Ол Stan.kz тілшісіне су тасқынынан зардап шеккеннен кейінгі халықтың жағдайы мен өзінің өкінішін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аудиожазба авторы – Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин. Ол ауыл мектебінің күзетшісі. Әйелі балабақшада аспаз болып жұмыс істейді. Екі баласы бар. 53 жылдан бері тұратын ауылының бір сәтте су астында қалғанын көзімен көрген азамат оқуда жүрген ұлына аудиожазба жолдаған. 

“Балам, амансың ба, ауыл түгел кетті. Үй де кетті. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім. Балабақшаның төбесіне шығып қарап тұрдық. Ауылдың бүкіл үйі құлады. Қойлар Ойылда тәтенің үйінде, сиыр Барқында, ат Барқында. Тікұшақпен көрдім. Аман-есен. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім. Опырылып, суға түсті. Су шатырға жетті. Аман болайық, деніміз сау болсын”, – деді Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисембин ұлына жіберген хабарламада. 

Айтуынша, сол кезде телефонының қуаты таусылып, үш күн бойы ағайынмен, отбасымен хабарласа алмай қалған. Ауылдағы бала-шаға, әйелдер мен қарт кісілерді қауіпсіз жерге жіберіп, ер адамдар суды бөгеуге қалған. Ауылға су кіргізбес үшін 40-қа жуық азамат үш күн бойы ұйқысыз бөгет жасап тасқынға қарсы тұрды. 

“29-ы күні таңда ауылға су кіріп кетті. Ауданның бәрі көмекке келді. Құм әкелді. Бірақ әліміз келмей қалды. Толқын мен мұзға шама келмеді. Соңында өзіміз қаштық. Бәріміз селикаттан салынған үй, мекемелердің ғимаратына жүгірдік. Төбеге мініп үлгердік. Түске дейін тікұшақпен көмек жетті. Эвакуациялық пунктке жеткенде жағдайымды сұраған ұлыма жіберген хабарлама еді. Оның бұлай тарап кететінін қайдан білейін. Көзіммен көрген соң дұрыс сөйлей алмай жатырмын. Әке-шешемнен қалған қара шаңырақты ұстап қала алмадым. Сол өкініш бар. Ауылымыздың бір сәтте суға толып кеткенін көзімізбен көрдік. Түгел кетті”, – деді Самат Бисембин. 

Ойыл ауданы жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған аумақтардың бірі. Қазір Ақтөбе облысында оннан аса өзен арнасынан асып, Ақтөбе қаласы және Мұғалжар, Әйтеке би, Қобда, Темір, Ойыл аудандарында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

Өңірде төтенше жағдай жарияланбаған кей аудандардың ауылдарын да су басты. Байғанин ауданында су астында қалған 9 үй опырылып қалды.

“Суға кеткен жалғыз менің үйім емес. Осы ауылда анық 9 үй суға кетті. Үй, сарай, қора бәрі кетті. Үйдегі жиһаздар, техника жарамсыз боп қалды. Төрт балам бар. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы емеспіз. Дегенмен тірнектеп жиған дүние ағып кетті. Несиеміз бар. Көршілерімнің жағдайы да – осы. Шарасыз күйде. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз”, – деді Кемерши ауылының тұрғыны Мейрамбек Бердин. 

28 наурыз күні үйлерін су басқан Ақтөбе қаласы маңындағы бау-бақша ұжымдары тұрғындарының жағдайы да мәз емес. Солардың бірі Тоты Сәдірбайқызы 8 баласымен далада қалған. 

“Жағдай қиын. Сегіз баланың анасымын. Балаларым кәмелеттік жасқа толған жоқ. Тамтұмдап жинаған ақшаға қаладағы “АЗФ-6” бау-бақша ұжымынан жер алып, үй салған едік. Кішкентай болса да өзімізге хан сарайындай еді. Үйге толықтай су кірді. Бізді сегіз баламен еш жер кіргізбейді. Қазір балаларым туыстардың үйінде шашырап жүр. Үйге бару әзірге мүмкін емес”, – деді тұрғын Тоты Сәдірбайқызы. 

Байғанин ауданының әкімі ауылда тұруға жарамсыз болып қалған үйлердің бар екенін растады. 

“Қазіргі кезде аудан орталығы Қарауылкелді ауылында 9 үйдің ауласына су кіріп, зақымдалды. Қызылбұлақ округінің Кемерши ауылында 9 үйге су кіріп, тұруға жарамсыз күйде. Қызылбұлақ және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты 4 шаруа қожалығында мал шығыны тіркелді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, шығындарды есептеуде. Зардап шеккен барлық тұрғындардың материалдық шығыны өтелетін болады”, – деді Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов. 

Ақтөбе облысында тасқын салдарынан 753 тұрғын үй, 10 әлеуметтік нысан, 187 аула мен 99 саяжай үйлеріне зақым келді. 3 мыңға жуық мал қырылды. Бірақ бұл сандар әлі де нақты емес. Тасқын қаупі сейілген жоқ. Облыста комиссия шығынды есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Ақтөбеліктер кешегі түнді де ұйқысыз өткізді. 

Сазды және Жіңішке өзендерінде су деңгейі  артып, адамдарды эвакуациялау жүргізілді. Облыстық ТЖД мәліметінше, қалада сағат түнгі 02:00-де 25 адам эвакуацияланды, оның ішінде 9 бала бар.