Солтүстік, Батыс, Шығыс және ор­талық Қазақстанда күн жылынып, қар еріп, өзен-көлдер тасып, тоң боп қатқан жерге сіңбей ауылдар­дың су шайғанын тосыннан туған апат деуге келмейді.
Төтенше жағдайдың алдын алатын құрылым қажет
705
оқылды

Өйткені қазір көк­тем мезгілі. Сол себепті бұл апат солтүстікке де көктемнің ерте ке­летінін, демек әр маусымға мер­зімді дайындық жүргізу керек еке­нін дәлелдеді. 

Өкінішке қарай, аймақтар су тас­қы­нына да дайын болмай шықты. Сал­ғырт­тық танытқандарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сөгіс жариялап, тө­тенше жағдайды өз бақылауына алды.

7 облыста болған  жағдайлар «сен са­лар­да мен салар, атқа жемді кім салар­дың» кесірінен болды. Атқарушы билік пен Үкімет, министрліктер арасында бай­ланыс жоқ. Тіпті, Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі де, Су ресурстары және ир­ри­гация министрлігі де, Экология және та­биғи ресурстар министрлігі де біріне бірі, қала берді ауа райына сілтеп отыр. Ауыл­дың әкімі «бізде бәрі жақсы» деп ау­­данға, аудан облысқа өтірік есеп бере­ді. Түптеп келгенде «ауруын жасырған өле­дінің» кебін киеді. Топан су шайған ауыл­дарға барып қайтқан әріптестеріміз тө­тенше жағдайдың алдын алмақ тұр­мақ, салдарын жоятын күрекке де жары­ма­ғанын көзбен көріп келді. Ақиқат ашылу үшін апат орнауы шарт емес шы­ғар.  

Былтыр Семейде орман өртенгенде де ешбір стихиямен күресуге қауқарсыз еке­німізді білдік. Содан кейін респуб­ли­калық бюджеттен өрт сөндіру қызметін қажетті құрал-жабдықпен жабдықтауға қыруар қаржы бөлінді. Алайда алыстағы ауылдарға сол өрт сөндіру қызметіне ар­нал­ған комплектацияның түгел жет­ке­ніне күмән бар. Проблема көтеріледі, ше­шу жолдары ұсынылады, ақша бө­лі­неді, бірақ жұмыс істелінбейді, қаражат жө­німен жұмсалмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сай­лауалды бағдарламасында да, ха­лық­қа арнаған Жолдауларында да табиғи жолмен келген су ресурстарын тиімді бас­қару әрі пайдалану, каналдарды, дре­наждарды қалпына келтіру, қосымша су қоймаларын салу сияқты маңызды мәсе­лелер көтерілген. Арнайы Су ресурстары және ирригация министрлігі де құрылды. 

Қыс басталғаннан бері гидро­мелио­ра­циялық зерттеулер жүргізілуге тиіс еді. Жылқылар қалың қардан жүре ал­май, үсіп қалып арам қатып жатқанда, со­дан-ақ қар еріген жағдайда қандай бо­латынын ескермеді. Енді келіп «таби­ғат тосын мінез танытты» деп дер кезінде келген көктемнен көріп отыр, министр­лер. 

Төтенше жағдайлар министрлігі тек тө­те­ден қауіп төніп, төтенше жағдай ор­на­ғанда қимылдап, апаттың алдын алу­мен айналыспайтын болса, бұл істі заң­мен шегелеп беру керек.  Қазір көктем мез­гілі. Ауа райы осылай жылынып, жауын­ды-шашынды бола берсе, апаттың атасы алда келе жатыр деген сөз. Өйткені елі­мізге көрші мемлекеттерден келетін өзен­дер бар, өздерінде су артығымен жи­нала бастаса, бізге қарай жөнелтеді. Бұл жағдайда қайтпек керек? 

Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цу­нами мен вулканнан қорғану шараларын қа­былдаған елдер бар. Нидерландының қы­рық жыл бойы салған дамбасының ар­қасында, мұхиттың толқынынан сақ­та­нып жатқаны әлемді мойындатқаны былай тұрсын, су тасығанда су бетінде де қалқып тұра беретін тұрғын үйлер мен фермалар, кәсіпорындар құрастырып қойған. 

Ал жапондар 13 жыл жасаған резер­вуар мен коллекторға тасқын суды құйып алып, 38 млн адам тұратын Токио жұр­тын апаттан аман сақтандырып жатыр. АҚШ-та апталап жаңбыр жауса да, ирри­гация жүйесінің арқасында арықтарында да су тұрмайды. Біз шетелден халықтың қалтасын қағатын  МӘМС пен утильалым се­кілді төлемдерді үйренгенше, неге бі­рін­ші шығын мен апатқа ұшыратпайтын амалдарды үлгі етпейміз? Салғырттық­тың салдарынан 7 облыстың шығыны шаш етектен асып кетті. 

Жалпы, түрлі табиғи суларды басқару әрі реттеуде дүниежүзі неше түрлі тех­но­логия мен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ал біздің құзырлы министрліктер мен атқарушы биліктің, қала берді ға­лым­дардың жайбасарлығы, жыл сайын қаншама ауылдың су тасқынынан зардап шегуіне жол беріп отыр. Бұл апат жолдар мен ғимараттардың сапасыздығын, кей жерлерде, тіпті жолдың жоқтығын көр­се­тіп берді. Қар қалың түсетін ауылдарда  тех­ника да,  қайықтар да, тіпті резеңке етік­тер жеткіліксіз боп шықты. Өз атым­нан Үкіметке 10 ұсыныс жолдадым.

1)Қазақстандағы барлық өзендердің жа­ғасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту, мемлекет қор­ғауындағы аумаққа жатқызу норма­тив­терін енгізуді; 2) Тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жаға­сынан 100 шақырым қашықта салу және қырға қоныстандыруды, ауыл­дар­дың сәулетін реттеуді; 3) Ауыл маңынан өтетін өзендердің табанын тазалауды, одан шыққан құмды көктемгі су тас­қы­нынан сақтану шаралына, яғни бөгет­терге пайдалануды; 4) Ертіс, Жайық, Есіл, Нұра, Тобыл, Еділ, Іле, Шу,  Сыр­да­рия сияқты және таулардан ағатын транс­шекаралық сулар құйылатын өзен­дер­дің қар мен жаңбыр суы қосылғанда та­сып кетпеуі үшін және ауылдарды ба­сып қалмауы үшін жасанды арналар не­месе өзендер жасауды, солар арқылы аса қауіпті аумақтарда табиғи суларды ай­дайтын су қоймаларын салуды; 5) Кеңес үкіметінің кезінде жұмыс істе­ген­дей су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыруды; 6) Өзен, көлге жа­қын орналасқан ауылдарды қажетті тех­ника, қайық және арнайы форма­лар­мен қамтамасыз етуді; 7) Құтқарушылар қызметінің штаттық бірлігін көбейтуді; 8) Қалалар мен ауылдарда ирригация, кәріз, дренаж жүйелерін әлемдік тәжі­ри­беге сүйеніп жасауды және жауған жаң­быр, еріген қар суының арықтар арқылы, өзен, көлдерге немесе каналдарға құятын етіп құбырлар тарту жобасын жасауды; 9) Барлық қалалар мен ауылдарды қар­дан тазалау техникасы мен су сорғыш кө­­ліктерімен қамтамасыз етуді; 10) То­пан суды бөгейтін бөгеттер мен дам­ба­лар­ды, резервуарларды көбейтуді, мине­рал­ды жолақтар сияқты өзен жағалау­лары­нан және ауылдардың айналасынан ен далаға ағып кететін арықтар қазып қою керек екенін айттым. 

Қойылған талап, берілген тапсыр­ма­лардың барлығы бірдей орындалса, бәрі дұрыс болады. Тілсіз жаудың тілі жоқ та, зілі бар. Бірақ біз ақылды адам баласы емес­піз бе? Ендеше, неге ғалымдар, ма­ман­дар осындай апаттарды болдырмау­дың амалын таппайды. Осы сынақта Сол­түстік өңірлерде бөгеттерге құм та­си­тын тұрғындардың аздығы да білінді. Көп­шіліктің көмегімен апатты артта қал­дыратынымызға сенеміз. 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Мәжіліс депутаты,

«АМАNАТ» партиясы

фракциясының мүшесі