Осы орайда Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің аумағын мекендеген қазақтардың рухани мұраларын жинап, зерттеді. Нәтижесінде, руханиятымыз тың дүниелермен толықты. Апта басында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Өзбекстандағы қазақтардың рухани мәселелері мен оларды сақтау, зерттеу жұмыстары талқыланды.
Жиында сөз алған «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы Өзбекстанда зерттелген руханиятымызға тоқталды.
«Қазір Қазақстанда жоқ рухани құндылықтарды шетелде кездестіруге болады. Біздің міндетіміз – шетелдегі қазақтарға, сондағы ұйымдарға қолдау көрсету. Шетелдегі ұлттық руханиятымыздың күннен күнге жоғалып бара жатқанын айта кету керек. Сондықтан Өзбекстанға жасалған экспедицияның маңызы зор», – деді ол.
Өзбекстандағы қазақтардың материалдық емес мәдениетін зерттеуге бағытталған экспедиция нәтижесінде жинақталған құндылықтар аудио, видео, фото форматында жазылып сақталды. Экспедиция жетекшісі Ардаби Мәулеттің сөзінше, алып келген аудио 20 сағатқа дейін жетеді. Ғалым жиналған мұраларды әдебиеттану, тарих, этнография, эстетика, педагогика сынды бірқатар ғылым салаларында пайдалануға болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ жоғарғы музыкалық оқу орындарында, орта және арнаулы музыкалық оқу орындарында орындаушылық бағытта ғылыми диссертациялар жазуға аса қажетті тың тақырып болатынын айтты.
«2022 жылы қыркүйекте Өзбекстандағы қазақтардың рухани мұраларын жинау, сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 2022 жылы уақыттың аздығына байланысты тек шолу жасап қайттық. «Отандастар» қорының тікелей қолдауымен былтыр кешенді жұмыстарды жүргізу үшін Науаи облысына қайтадан бардық. Осы экспедициялар нәтижесінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, орындаушылық өнері, музыкалық фольклор, этнографиясына қатысты өте мол мұралар жиналды. Қазақ халқының рухани мұрасын ұстанушы 16 көзі тірі мұрагермен тікелей жүздесіп, 250-ден астам құнды дүниелер жазып алдық. Соңғы жыраулардың сақталып қалған қорларын алдық», – деп қорытындылады сөзін А.Мәулет.
Парламент Мәжілісінің депутаты «Амаnат» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан материалдық емес құндылықтарды түгендеп, зерттеуін жолға қою мақсатында арнайы заңның қажет екенін айтты.
«Көзге көрінетін емес, көзге көрінбейтін мәдениет соғысы ең қауіпті. Ұлт болып қалыптасу, ұлттықты, жерді сақтап қалу бүгінгі жаһандану дәуірінің ең күрделі сауалдарының бірі болып тұр. Материалдық емес құндылықтар – ұлттың негізгі иммунитеті. Осыны қараусыз қалдырдық. Бұл туралы заңымыз да жоқ. Мәдени мұраға қатысты қабылданған құжат 2013-2014 жылдан бері өзгеріссіз тұр. Еш адам алға жылжыған жоқ. Мемлекеттік деңгейде, аудан-ауылдарда экспедициялар жүргізілген жоқ. Көнеден қалған мұраларымыз әлі жинақталмады. Бұл тек ән-күйге ғана қатысты емес, жалпы ұлы рухты мінезді болмысымызға қатысты дүние. Сондықтан бүгін ойланатын кезеңге келдік қой деп ойлаймын», – деп пікір білдірді Ж.Әшімжан.
Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы жинақталған рухани мұраларды қазақ руханиятындағы жетістік деп бағалап, қазір халық арасында ұмыт болып кеткен салт-дәстүрлер осы экспедиция нәтижесінде табылғанын жеткізді.
«Рухани мұра – халықтың жаны, ұлтымыздың бет-бейнесін ұстап тұрған қаңқа. Осындай рухани білімнің жас ұрпаққа берілмей жатуынан қазіргі қоғамда дөрекілік көбейіп кетті. Адамның ішкі рухани байлығын сақтайтын ол – фольклор, музыка. Ұрпақ қай жерде де ауысып жатыр. Сол себепті шетелдегі отандастарымызға мән беріп отырғанымыз да сол. Небір фольклордың бай үлгілерін Шыңжаң, Моңғолия қазақтарынан жазып алып отырмыз», – деді ғалым.
Ал белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожа жиын барысында таныстырылған экспедиция нәтижесінде сақталған рухани мұрамызды елге қайтару мәселесін көтерді. Бүгінге дейін Қытайда қазақ тілінде жарық көрген көптеген газет-журналдар елге жетпей қалған. Міне, осындай өзекті мәселені сөз еткен түрколог қазіргі заманауи техникалық жетістіктердің көмегімен осындай тарихы бар көнекөз басылымдарды қазақ оқырмандармен қауыштырсақ деген ниетін білдірді.
Жиын қонағы мәдениеттанушы, Еуразия ұлттық университетінің доценті Құралай Серғабылқызы:
«Зерттеушілердің, ғалымдардың пікірін тыңдадық, шынында бізде қазақ елінде қазақтың мәдениетін, өнерін зертеу кезінде кемшіліктер өте көп. Ұлттық мәдениетті бойымызға сіңіретін нәрсе – жаңылтпаш, жұмбақ, ауызша фольклор. Қазір бұлардың орнын телеарнадағы өзге елдің сериалдары басты. Кинода сол елдің дәстүрі айқын көрінеді. Бізде мәдени мұрамызды сақтаймыз десек, алдымен оны күнделікті қолданысқа енгізуіміз керек. Қысқасы, біріншісін асырамыз деп екінші ұмыт қалмауға тиіс», – деп бізге де ұлттық құндылықтарды фильмге енгізу керегін айтты.
Орынбордағы Халықаралық қазақ тілі қоғамының басшысы Сәуле Таикешева дөңгелек үстелде осындай жобалар қатары көбейіп, оларды қандастар арасында кеңінен насихаттауды алға тартса, Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Төлендіұлы жиналған мұраларды заманауи құралдың көмегімен жастарға ұғындыруды мәселесін қозғады.
Қазақ халқының бай мұрасын түгендеп, оны зерттеу арқылы ұлттық идентификацияны нығайту керегін айтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ ұлттық құндылықтарды дәріптеуде біршама өзгерістер енгізсек деген пікірін білдірді.
«Осында айтылған ой-пікірлерден туындап отырған мәселе мынада: осы зерттеулердің арасына ғылыми пәнаралық зерттеулер жүргізуіміз керек деп ойлаймын. Байқап отырсақ, бұл жерде жинақталған мұралар тек тарихи не мәдени зерттеу тұрғысынан емес, басқа сала жағынан да айтылып жатыр. Екіншіден, ұлттық идентификациялық белгілерді, ұлттығымызды танытатын ерекшеліктерді халықтың санасына сақтауды заң арқылы таңбалауымыз керек. Мәселен, Жапон мемлекетінде азаматтық алатын адамның міндетті түрде ұлттық киімі болуы керек. Бізде ұлттық киімді дәріптеудің өзі қиын болып жатыр. Ал Моңғолияда шетелден келген инвесторлар болса, өз құрылысын салатындарға моңғол нақыштық ою-өрнегін пайдалану міндеттелген. Бұл да бір ерекшелік. Қазақтың ескі тарихи жәдігерлерін зерттейтін азаматтар болса, қазақтығымызды жоғалтып алмаймыз», – деген пікірін жеткізді Ү.Шапақ.
Жиылған қауым ғылыми экспедиция жетекшісі Ардаби Мәулеттің атқарған жұмысын жақсы бағалап, оған қатысты ұсыныстарын айтты. Айта кетейік, мәдени мұрамызды түгендеу мақсатында Өзбекстандағы қазақтардың рухани дүниесін зерттеуге арналған экспедиция қорытындысы жыл соңына дейін ғылыми еңбек болып жарық көрмек.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ