Пилоттық жоба ретінде басталып, сәтті жүзеге асқан бағдарламаның биылғы қаражатының басым бөлігі су үнемдеу, құс, балық, мал шаруашылығына берілмек. Жобаға қатысуға ниеттілер бекітілген талапқа сай құжат тапсырып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу арқылы кәсібін дөңгелете алады.
Түркістан облысының Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғыны Шора Ерназаров аталған бағдарлама аясында 8,3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Көкбұлақ қойнауында орналасқан өзінің жеке тоғанына 10 мың ханбалықтың (форель) шабақтарын әкеліп салды. Ауылдықтар үшін жаңалық болған бұл бастамаға қолдау білдіріп жүрген топ тоғанға форель шабағын жіберу сәтіне қатысып, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта екінші қосымша тоғанына 12 мың сазан шабағын жіберуді жоспарлап отыр.
Орман шаруашылығының маманы Шора Ерназаров балық өсіруді көптен армандап жүргенін айтады. Осы ойын жүзеге асыру үшін 3 жыл бұрын аудан әкіміне кіріп, жер сұраған. Біресек өзенінің бойынан 2 гектар жер алады. Шу-Талас бассейндік инспекциясының өзен қорғау аймағына кіретін жерді тиісті рұқсаттарын алып, құжаттандырғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып, діттеген ойын жүзеге асыра алмай жүріп қалады. «Балық өсірем деп алып-ұшқан көңілім қаржы мәселесіне тіреліп, басылып қалған еді. Қәйтсем екен деп жүргенде «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, дереу құжат жинадым. Шүкір, кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандарға қолдау ретінде мемлекеттік бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлемесі жеңілдетілген 8 млн 300 мың теңгеге қол жеткізіп, істі бастаған жайым бар», – дейді Шора Тоқжанұлы бізбен әңгімесінде.
Кәсіпкер балық өсіруге қызыққандықтан жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп түрлі-түсті форелге тоқтайды. Тараз қаласында осы іспен айналысатын азаматтармен келісім жүргізеді. Олар форельдің уылдырығын Польшадан алдырып, өздерінде инкубациялайды екен. Әзірге түрлі-түсті форелдің 10 мың шабағын өзі қолдан жасаған тоғанына тастап отыр.
«Мұздай таза суды ұнататын форелдің жемі де Польшадан әкелінеді. Шабақтың көлеміне қарай жемінің де мөлшері болады. Дәл қазір тарыдай майда жем берсек, үлкейген сайын оның көлемі де ұлғая береді. Майда шабақтың жемінің бағасы сәл қымбаттау жүреді екен. Қазір оның келісін 2 500 теңге жобасындағы бағаға алып жатырмыз. Жем жағы сәл қымбаттау енді», – деп тәуекелге бел буса да сәл қынжылғанын жасыра алмады ол.
Дегенмен кәсіпкердің алға қойған мақсаты айқын, жоспары көп. Шабақтар өскенде оны сатып, өткізу жағынан аса қиналмайтынына сенімді. Етінің бағасы қымбат болатын форель балығын ең алдымен аудан орталығындағы кафе, тойханаларға өткізуді жоспарлап отыр. Артылып жатса, кішігірім шағын концерві шығаратын цех ашпақ.
«Өзім орман шаруашылығының маманы болғандықтан табиғатқа жақынмын. Әсіресе, балық шаруашылығына қызығатындықтан оны баптап күтудің, өсірудің тәсілдерін меңгердім. Білмейтін тұстарымды интернет арқылы сабақ алып, білімімді жетілдіріп жатырмын. Әзірге күніне 3-4 рет жемін шашып отыратын жаныма бір көмекші алдым. Енді бастап жатырмыз, жұмысымыз жанданып жатса, шаруашылықты кеңейтеміз деген жоспарым бар. Форель балығының етінен бөлек, қызыл уылдырығы да құнды болады. Сондықтан бұл бастамамыз сәтті жүзеге асады деген ойдамын», – дейді Шора Ерназаров.
Айта кетейік, форель лосось тұқымдасына жататын тұщы су балығы саналады. Әлемде танымал форельдердің қатарына жататын радуга ақшыл-қызғылт түсті, еті жұмсақ. Негізінен бұл балық түрін оның бүйіріндегі ашық қызыл жолақтан айыруға болады екен. Ауданға әкелінген радуга форелі Балтық елдерінің көптеген су қоймасында, сондай-ақ Қара теңізге құятын өзендерде кең таралған. Өзен сағаларында, таулы өзендерде бассейндер мен тау өзенінде жүзгенді ұнататын, әрі қыс мезгілінде ұрық шашатын радуга форелі Созақ ауданының табиғатына жерсініп кетеді деп сенеді кәсіпкер.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы