Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайдың отырысында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда біраздан бері Елтаңбаға қатысты сын айтылып жүргеніне тоқталды.
Елтаңба заман талабына сай ма?
942
оқылды

Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек екенін жеткізіп, ортақ келісімге келу үшін арнайы комиссия құрылатынын атап өтті. Сол-ақ екен, әлеуметтік же­лілерде түрлі пікір қарша бо­рады. 

Әрине, кез келген бастаманы жақ­тайтындар да, қарсылар да бола­тыны түсінікті. Осы орайда, қазіргі Елтаңбамызға шолу жасап, оның геральдика іліміне қанша­лықты сай келетініне көз жүгіртіп көрген едік. 

Классикалық үлгідегі герб

Қазір әлемдегі герб ұғымының шығу та­рихына байланысты көптеген пікір бар. Геральдика шебері Карл Александр фон Вульворт елтаңбалар ертеректе пай­да болуы мүмкін екенін келтіре отырып, жаппай қолданысқа енуін XII ғасырға теліп, Бірінші және Екінші крест жоры­ғымен байланыстырады. Осы дәуірде шығысқа жорыққа аттанған рыцарлар мен лордтар қалқанына шыққан тегін көрсететін белгі пайдалана бастаған. 

Геральдика тақырыбын зерттеген ғалымдардың көзқарасына сәйкес, соған дейінгі қолданылған белгілер геральдика ғылымында герб ретінде саналмайтынын алға тартады. Әйтпесе, XII ғасырдан бұрын да әлемде талай-талай империя, корольдік, әмірлік пен хандық болғаны белгілі. Олардың бәрі өздерін өзгелерден ерекшелейтін айрықша белгі қолданғаны түсінікті.

Ұлыбританиялық геральдика шебері Артур Чарльз Фок-Дейвис Complete Guide to Heraldry кітабында герб тікелей қару-жарақпен байланысты болуы қажет екенін жазыпты. Осы жинақта Елтаңба­ның негізгі элементі ретінде қалқан кел­тірілген. Карл Александр фон Вуль­ворт та кез келген гербте қалқан болуы міндетті деп санайды. Алайда қалқан түрлі пішінде бейнеленуі мүмкін. Ресей­лік суретші-геральдист Михаил Медве­дов гербтің белгісі қалқан екенін келтіреді.

Гербтің келесі элементі – тәж немесе дулыға. Елтаңба кімге тиесілі екеніне байланысты, әдетте осы екеуі бөлек-бөлек, не бірге кескінделеді. Король­діктерде, әдетте тәж қолданса, рыцарлар әулеті дулығамен шектелген. Кей жағ­дайда екеуін қатар қолданады. Кейін­гі кезде көп ел империялық тарихынан бас тартқандықтан, тәждің орнына басқа белгі салынады. 

Мәселен, қазір монархия сақталған Ұлыбритания, Испания, Швеция секілді елдерде әлі күнге дейін елтаңбасында тәж бейнеленген. Ал оның орнына Пә­кіс­тан мен Малайзияда ай мен жұлдыз, Исландияда айдаһарлар пайдаланылған. Дегенмен Германия секілді тәждің орнын бос қалдырған мемлекеттер де бар екенін айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, классикалық герб үл­гісінде тинктура (бояулар мен басқа де белгілердің жиынтық атауы), қалқан ұстаушы, ұран, бурелет, ламбрекин секілді элементтер бар. Бірақ мұның бәрі міндетті емес. Сонымен қатар гербте қолданылатын түстерге қатысты, оларды қалай пайдалану қажеті туралы бірқатар ереже бар. Мұның бәрін теріп жазбай-ақ қоялық. Айтқымыз келгені, гербті герб деп атау үшін негізгі элементтерін пайдалану керек.

Геральдикадағы кеңестік стиль

Кеңес үкіметі орнағаннан кейін коммунизм идеалдарына сүйенген жаңа стильдегі елтаңбалар пайда бола бастады. Осылайша, КСРО басшылығы патшалық дәуірдің белгісі саналатын бүкіл белгіден бас тартуды көздеген. Карл Александр фон Вульвортқа сүйенсек, оларды герб деп атағанымен, дәстүрлі геральдикаға сай емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл стиль Совет үкіметінің ықпалы бар коммунистік елдерде кең тарады. Әсіресе, шығыс блоктың елдері мұны жаппай енгізді. 

Жаңа стильдің негізгі белгілері ретінде балға мен орақ, қызыл жұлдыз, бидай сабағы, шығып келе жатқан күн таңдалды. Бұдан бөлек, жергілікті жерге байланысты элементтер де қосылған. Қазір советтік стильдегі эмблемалар Қытай, Вьетнам, Солтүстік Корея секілді социалистік бағыт ұстанатын елдерде қолданылады. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан секілді тәуелсіз мемлекеттерде де осы стильдің жұрнақтары бар. 

Бұрын коммунистік бағыт ұстанған елдер Кеңес одағы құлағаннан кейін елтаңбасын түбегейлі өзгертті. Мысалға, Болгария 1997 жылы гербін ауыстырып, 1946 жылға дейінгі нұсқаны жаңартып қабылдады. Еуропадағы ғұндардың ұр­пағы Мажарстан сонау 1990 жылы елдегі коммунистік режим келмеске кеткен соң, тарихи елтаңбасына оралды. Сол секілді Босния, Хорватия, Черногория, Слове­ния да гербін жаңартты. Сербия 2004 жылы жаңа елтаңба қабылдап, оны 2010 жылы соңғы нұсқасын біржола бекітті. Тіпті, Кеңес үкіметінің тікелей мұрагері саналатын Ресейдің өзінде герб жаңар­тылып, советтік стильдің орнына клас­сикалық үлгідегі екі басты бүркіт бей­неленген.

Көшпенділер әлемінің тамғасы

Геральдика саласына түркілер де өзіндік үлес қосқанын айта кеткен жөн. Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар гераль­дика­сының бастауы десек қателеспейміз. Кейінгі жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен табылған археологиялық атрефактілер, кірке (пайзы), ту, жалау, хандардың мөрі секілді жәдігерлер қазақ геральдикасының көнеден бастау алатынын дәлелдейді. Әлкей Марғұлан кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алатынын тұжырымдаған екен. 

Жалпы, мұндай белгілер көне түркі жазбаларында «тамға» деп келтірілген. Түркілер пайдаланған тамғалар қазір геральдикада қолданылмаса да, кей елде оның элементтері бар. Мәселен, Рюрик­тер әулетінде кеңінен пайдаланылған. Соның жалғасы іспетті үштаған белгісі бүгінде Украинаның кіші гербінде бей­неленген. 

Советтік «мұраның» белгісі

Визуалды тұрғыдан қарағанда, Қа­зақ­станның бұрынғы және қазіргі гербіндегі ұқсастықты аңғармау мүмкін емес. Қазақ КСР-ның елтаңбасы дөңге­лек пішінде. Ортасында орақ пен балға, екі шетінде бидайдың шашағы орналас­қан. Төбесінде қызыл жұлдыз, төменгі жағында атып келе жатқан күн бейне­ленген. Гербтің негізгі түсі – қызыл. Астында «ҚССР/КССР» деп ел атауы, екі жанындағы ленталарда «Барлық елдеpдің пролетарлары, бірігіңдер!» сөзі екі тілде жазылған. Орақ пен балға жұмысшы­лар­ды білдірсе, таңғы шапақ большевик­тердің революциясынан хабар береді. Жұлдыз (қызыл, кейде сары түсті) – коммунистік елдердің басты белгісі. 

Енді, қазіргі елтаңбамыздағы ұқсас­тықтарға тоқталсақ. Ұлттық нақыштар енгізілді демесеңіз, ескі гербтің стилінде жасалғаны көзге бірден көрінеді. Бұрынғы қызыл түс көкке алмастырыл­ған. Бидай шашағының орнында қанатты пырақ бейнеленген. Орақ пен балғаның орнында шаңырақ тұр. Күн сәулесі уық пен кереге ретінде бейне­лен­ген. Қызыл жұлдыз сары түске боялған. 

КСРО құлап, одан тәуелсіздігін алған мемлекеттердің ішінде Қазақстанмен қатар Беларусь, Өзбекстан және Қырғыз­стан мемлекеттік елтаңбасында советтік сарқыншақты сақтап қалыпты. Ал Ук­раина, Латвия секілді елдер елтаңбасына өзгерістер енгізді. 

Грузияның гербі қызыл түсті қалқан, ортасында атқа мінген Әулие Георгидің бейнесі бар. Үстінде Багратиони әуле­тінің алтын тәжі орналасқан. Қалқанды екі шетінен алтын арыстан ұстап тұр. 

Елтаңбаны ауыстыру қажет пе?

Азаттыққа енді қол жеткен аумалы-төкпелі заманда қабылданған гербке қа­тысты түрлі пікір айтылуы мүмкін. Бірақ қазіргі Елтаңбамыз сол дәуірдің көз­қарасымен, советтік түсініктің ықпалымен жасалғаны көрер көзге анық байқалады. Әрине, көпшіліктің көзі шаңырақ пен қанатты пырақ бейнеленген гербке үйреніп қалғаны рас. Оның үстіне, тәуелсіздіктің 34-жылына қадам бастық. Бұл – бір буын алмасатын уақыт. Яғни, азаттықтың ақ таңы атқанда дүниеге келгендердің өзі ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр. Сондықтан Елтаңбаны өзгерту қажет жоқ дейтіндерді түсінуге болады. 

Бірақ Қазақстан тарихы 1991 жылдан басталған жоқ. Мемлекет ретіндегі та­рихымыздың тамыры тереңге кетеді. Елі­міз арғыдағы Сақ, Ғұн, Түркі қаға­наты, Ұлық Ұлыс – Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Демек Елтаңбамызда халқы­мыз­дың өткені мен шежіресі көрініс тапқаны жөн. Осы орайда, арнайы құрылатын комиссия Түркі қағанаты, Алтын орда, Қазақ хандығының герб­терін саралап, зерттеуі қажет. Содан кейін ғана жаңа Елтаңбада қолданылатын элементтерді талқылауға болады. Бұл – бір.

Екіншіден, геральдика ғылымына сү­йенсек, қазіргі Елтаңбамыз классика­лық герб үлгісіне сай келмейді. Керісін­ше, коммунистік стильде жасалған. Ата заңымыздың бірінше бабында Қазақ­станды «Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет» деп бекіттік. Демек мемлекеттік нышан­дары­мыз да осыған сәйкес болуы қажет. Тағы бір айта кетерлігі, геральдика ілі­мін­де гербте мемлекет аты жазыл­майды. Оның нақты ұраны жазылады. Саясат­танушы Қазыбек Майгелдинов­тың ай­туын­ша, гербтегі мемлекет атауы­ның Qazaqstan деп жазылуы геральдика­лық тавтологияның бір түрі болып есеп­теледі. 

«Елтаңба – рәміздер түрінде көрсетіл­ген мемлекеттің атауы. Яғни, Елтаңба­ның ұранында ата-бабалардың ерлігі немесе олардың ұрпақтарға ұлағаты жа­зылуы керек. Мемлекеттің атауы Ел­таңбаның ұраны бола алмайды» дейді Қ.Майгелдинов. 

Елдік мәселеге қаржы аямаған жөн

Гербті өзгертуге қатысты айтылған сынның бірі – оны өзгертуге кететін қаржылық шығын. Мәжіліс депутаты Еркін Әбілдің сөзіне сүйенсек, Үкіметке жолдаған сауалында нақты қанша қара­жат кететінін санап беруді сұраған. Содан кейін ғана талқылау басталатынын алға тартады. Әзірге бұл жұмысқа қанша ақша жұмсалатыны белгісіз. Жауапты мекемелер кейінірек нақты цифрды айта жатар.

Кей блогер долбармен есептеп, шамамен 8 милллиард теңге шамасында қаржы жұмсалатынын санап шығыпты. Бірақ 8 миллиард теңге қарапайым тұр­ғын үшін көп көрінгенімен, Қазақстан секілді бай мемлекеттің қалтасын қақ­пай­ды. Салыстырмалы түрде қарасақ, былтыр еліміздің тұрғындары қаржылық пирамидаға 8 миллиард 40 миллион теңге салып жіберген. Яғни, осынша қаражат желге ұшып, алаяқтардың қал­тасына түсті деген сөз. Ал құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерге салынған ақша бұдан бірнеше есе көп. Мәселен, 2021 жылы ойын бизнесі нары­ғы­ның көлемі 500 миллиард теңгеге жет­­кен. Демек елімізде желге ұшып жат­қан қара­жат көп. 

Осындайда ұлттық болмысымыздан хабар беретін, тарихымыз бен шежіре­мізді айшықтайтын, геральдиканың бүкіл талаптарына сай келетін Елтаңба­ны ауыстырсақ, оның несі айып? Кезінде жіберілген кемшілікті қазіргідей ел аман, жұрт тынышта түземегенде, енді қашан өзгертеміз? Мейлі, ол 8 миллиард болсын, одан көп не аз болсын, гербті өзгертуге жұмсалған қаражат елдік та­ным, мемлекеттік мүдде тұрғысынан өзін-өзі ақтайтыны анық.

 

Түйін сөз

Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңба міндетті түрде өзгеретінін айтқан жоқ. Қоғам ортақ пікірге келіп, өзгертуге шешім қабыл­дағанда ғана арнайы комиссия құрылады. Содан кейін ғана негізгі жұмыс басталады. Ендеше әлі талай талқы болатыны түсінік­ті. Қорыта айтқанда, тарихи тамырымызға қайта ораламыз десек, келешекке жаңа көзқараспен аттанамыз десек, онда Елтаң­бамызды өзгертуіміз керек-ақ. 

Ең бастысы, жаңа Елтаңба геральдика­ның бүкіл талаптарына сай жасалып, өткенімізден хабар беріп, елдік мұраты­мыз­ды айшықтауы қажет. 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ, 

журналист