«Отандық өнім» деп жүргеніміз шынымен отандық па? Бұған Үкіметтің де күмәні бар.
Аты өзіміздікі, заты өзгенікі
1,377
оқылды

Сондықтан мемлекет осы сұрақтың нақты жауабын тауып бермеген, дұрысын айтқанда, «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар тауар­лардың ішінен нағыз «қазақстандық»  өнімдерді айқындап бере алмаған ескі тетіктерден бас тартпақ. Бұл ретте тауардың шығу тегін растайтын СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты жояды. Орнына басқа тетік әзірленіп жатыр.

Ұлттық статистика бюросының хабар­лауынша, 2023 жылы Қазақстанда шай мен кофе өндірісі бірден 17,2%-ға артып, 30 мың тоннадан асқан. Ғажабы сол, елімізде шай плантациялары жоқ, сондай-ақ кофе ағашы да өспейді. 

Мұның сырын басқа статистика аша­ды: былтырғы 10 айда Қазақстан шет­елден 28,1 мың тонна қара шай им­­­­порттаған. Бұл 2022 жылғыдан 32,5%-ға көп. Негізгі жеткізушілер – Үнді­стан (12,5 мың тонна немесе бір жыл­да 1,9 есе өсті) және Кения (9,2 мың тонна, – 0,4%). Яғни, елімізге әке­ліп, қапталса болды, шәй мен кофе «отан­дыққа» жатқызылады.

Сондай-ақ әкімдіктер, министр­ліктер, қаптаған мемлекеттік мекеме-кәсіпорындар мен ұлттық компаниялар сый­ға тарту үшін тендер арқылы «отан­дық сағаттарды» сатып алады. Бірақ елімізде сағат механизмдерін жасайтын бірде-бір зауыт жоқ. Оның бәрі не­гі­зінен, Қытайдан, Швейцариядан, Түр­кия­дан, өзге елдерден тасымал­да­нады.

Бұл «отандық машина жасау» сала­сы­на да қатысты: әсіресе, жеңіл ав­­­то­мо­би­льдер, автобустар шетелден әке­лінеді, елі­мізде тек жинастырылады. Тіпті, крес­­­лолары да бөтен. Әрі кетсе, дә­не­кер­леу және бояу жұмыстары ғана Қа­зақ­стан­да жүзеге асырылады. 

Осылайша, оның бәрі «отандық өнім» ата­лып жүр. 

Бұдан да сорақы жайттар кездеседі: қа­зақстандық компаниялар тауарды дайын күйде жатжұрттардан сатып ала­ды, елімізде оған СТ-KZ пен индуст­рия­лық сертификаттарын алады. Нәти­же­сін­де, мемлекеттік сатып алуларға «отан­дық өнім» ретінде ұсынып, жеңіп шы­ғады. Кәсіпкерлер бәсекелестерінің, тіп­ті тауардағы Made in China сияқты таң­­­баларын өшіруге де күш салмайтынын ай­тады. Қажеті қанша? Сертификаты бар ғой.  Тауардың шығу тегін растайтын сер­ти­фикаттарды «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы береді. Мысалы, Қазақстанның кабель зауыт­тары қауым­дас­ты­ғының арызына орай, Техникалық реттеу және мет­ро­ло­гия комитеті Шығыс Қазақстандағы Кә­сіпкерлер палатасына тексеру жүр­гіз­ді. Қорытындысында «Альянс­Энерго­Ком­плект» ЖШС-на кабель өнімдеріне сер­тификат беруде көптеген заңбұзушылық фак­тілері әшкереленді. Іс Семей қалалық әкім­шілік сотына дейін жетті. Құжат­тар­ды фальсификациялау дерегі бойын­ша ма­териалдар ішкі істер органдарына бағыт­талды. Сотта сертификаттардың жалған берілгені анықталған. 

Қолданыстағы заң бойынша жаза жеңіл: тауардың шығу тегін растайтын жал­ған немесе дәйексіз құжаттарды ұсы­ну шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 12 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік нысандарына – 30 АЕК (110,7 мың теңге) айыппұл салынады. Егер тендер арқылы ондаған миллиард қара­жатқа қол жеткізе алса, 110 мың тең­ге айыппұлды компания шыбын шаққан құрлы сезбесі даусыз.

Сертификат Қытайдың көсегесін көгерте ме?

Мемлекеттік органдар СТ-KZ сер­­­­­тификатының иегерлері та­ра­­пы­нан арамзалыққа бару фактілеріне жиі жолығады. Өйткені аудиторлар бұл құ­жатты беру кезінде «отандық өн­діру­ші­нің» сол тауарды шығаруға қажетті зауыт-кәсіпорнының, жабдықтарының, бі­лікті мамандарының бар-жоқтығын тек­сере бермейді.  

Аталған сертификат өнімнің Қазақ­стан­да өндірілгенін растайды және мем­ле­кеттік сатып алулар кезінде оған ба­сым­­дық беріледі. Салдарынан, шын мә­нінде отандық өнімдер де бәсекеге түс­кен тендерде қытайлық не ресейлік өнім алға озады. Мемлекеттік қолдау бойын­ша статистика жақсарады, алайда шын мәнінде отандық өнімдер Үкіметтің қамқорлығынан тыс қалады.

Комитет сарапшылары тағы бір схе­ма­ны әшкере етті.

«Бірқатар кәсіпкер ғимаратты, орын­жайды уақытша жалға алады, оған жаб­дық­­ты орнатады. Барлығы құжат жүзінде рә­­сімделеді. Ол жабдықта бірнеше рет өнім өндіріледі. Келесі тұтас бір жылға бе­­рі­ле­тін сертификатқа қол жеткізген соң, өн­ді­ріс тоқтатылады, ұқсас тауар то­­лығымен Қытайдан тасылады», – дей­ді Техникалық реттеу және метрология ко­митеті.

Мұның бәрі қазақстандық бизнестің дамуына тежеу болады, әрі нарықты қал­пымен делдалдар жайлайды. 

Заң бойынша жалған «отандық» өнім­­­дерге сертификат таратуына қатыс­ты алаяқтығы ашылса, сараптаманы жүр­­­гізген аудитор бірінші жолы әкім­ші­лік айыппұл төлейді. Тауар туралы де­рек­­терді бұрмалағаны немесе тауардың шығу тегі туралы дұрыс емес сараптама ак­тілерін бергені үшін сарапшы-ауди­тор­ға 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге) мөл­шерінде айыппұл көзделген. Бір жыл ішін­де заңбұзушылықты қайталап жаса­са, ол сараптама жүргізуге құқық беретін аттестатынан айрылуы мүмкін. 

Әйткенмен, бұл оларды тоқтатпайды. Тек алатын пара көлемінің артуына ық­пал етуі кәдік. Құжатынан айрылмауы үшін аудитор бір жыл тыныш жүрсе же­теді. Сон­да келесі жылы, келесі жолы та­ғы да айып­пұлмен құтылады. 

Масқарасы сол, Қазақстанда тауар­лар­дың шығу тегінің отандық екенін рас­тайтын сертификаттарды жалған кә­­­­сіпорындардың, яғни лас қаржыны заң­дастырумен айналысатын бір күндік фир­малардың алу оқиғалары жиілей бас­таған. 

Мұның бәрі Үкіметті салаға түбегейлі ре­фор­ма жүргізуге итермелеп отыр. Бұл бір жағынан, ұлттық өңдеу өнеркәсібінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Екін­ші жағынан, адал отандық тауар өн­дірушілердің мүдделерін қорғау үшін маңызды.

Жаңа реформа не жаңалық әкелмек?

Үкіметке көмекке келген Сенат де­­­­путаттары заңға бастамашылық жа­сау құқығын пайдаланып, «Кейбір заң­­намалық актілерге тауарлардың шы­ғарыл­ған елін айқындау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңының жобасын әзір­леп, Парламентке енгізді.  Оның аясында реформа өріс алып, бір­неше жаңашылдық енгізіледі. Бірін­ші­ден, тауардың шығарылған елін ай­қын­дауды сараптау жөніндегі қызметті ли­цензиялау ұсы­ныл­ды. Яғни, алаяқ­тық­қа барған экс­перт лицензиясынан мәң­гілікке айры­луы мүмкін. Сонда ол үшін сараптама кәсібіне жол жабылады.

Салаға жауапты ведомство бұл талап­тың тауардың шығарылған елін анық­тау­мен айналысатын барлық сараптама ұйы­мы мен сарапшы-аудиторларға қол­да­нылатынын хабарлады. Алайда олар­дың нақты санын білмейді.

«2024 жылғы қаңтарда, «Атамекен» ҰКП-ның бейресми деректері бойынша Қазақстанда тауардың шығу тегін анық­тау бойынша сараптаманы жүзеге асы­ра­тын шамамен 70 тен астам жуық сарап­тама ұйы­мы жұмыс істейді. Бірақ лицен­зия­лау­дың жоқтығына және олардың ортақ тізі­лімін жүргізу бойынша қолда­ныс­тағы заң­намалық реттеудің бол­мауы­на бай­ла­нысты сараптама ұйым­дары­ның нақты тізімін ұсыну мүмкін емес. Себебі біз білмейтін жаңа сараптама ұйымдары болуы ықтимал», – деп түсін­дірді Техни­ка­лық реттеу және метрология коми­те­ті­нің мамандары.

Олардың нақты санын біліп, бірың­ғай тізілімін түзу үшін де лицензиялау қа­жет көрінеді. 73 сараптама ұйымында 563 адам жұ­мыс істейді деп есептеледі. Осы ұйым­дар­дың ішінде қызметкерлері­нің саны бойын­ша тек 51-і ғана мәлімет ұсынған. Қал­ған 22 сараптама ұйымы үнсіз қалған, олар­дың құжаттарында 1 қызметкерден ға­на көрсетілген.2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойын­­ша ат­тес­татталған сарапшы-ауди­тор­лар саны 138 адамды құрады. 

Жалпы, бұл бизнестің табысы шаш-етек­тен екені байқалады: Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің мәліметінше, 73 са­рап­тама ұйымы 2022 жылы 2 млрд 363 млн 818,8 мың теңге, 2023 жылдың бірін­ші жартысында 1 млрд 773 млн 450,9 мың тең­ге салық төлеген. 

Жасыратыны жоқ, еліміздегі сө­ре­­лерде, сауда орындарында н­а­ғыз отандық тауарлардың үлесі артқан жоқ. Ұлттық палата болса, серти­фи­кат­тарды шүлен таратқандай, оңды-солды үлес­тіруін жалғастырды. Мәселен, «Ата­мекен» ҰКП-ның соңғы деректеріне сәй­кес, бүгінде «отандық тауар» шығара­тын кәсіпорындарға 48 496 сертификат берілді.

Жауапты комитет кейбір жосықсыз сарап­тама ұйымдары сараптама кезінде тауар­дың шығу тегін анықтауға бас қа­тыр­майтынын, өтініш иесінің елімізде өн­дірісінің болуын, технологиялық про­цес­ті жолға қоюын тексермейтінін, заң­на­­­мадағы талап-критерийлердің орын­­далуына жүрдім-бардым қарайтынын мә­лім етті. 

Мұның соңы мемлекет пен бизнес ара­сындағы керексіз тайталасқа ұласады: бұл салада 41 әкімшілік іс қозғалды. Со­ның ішін­де «Атамекен» ҰКП-ға қатысты – 8, сараптама ұйымдарына – 8, тауардың шы­ғу тегін анықтайтын сарапшыларға қа­тысты – 25 іс. Қорытындысында, «отан­­дық өнімдерге» деп берілген 51 сер­тификаттың күші жойылды.

Проблеманың ушығып бара жат­қа­нын түсінген мемлекет СТ-KZ және ин­дустриялық сертификаттарын жойып, ор­нына Шығу тегі қазақстандық тауар­лар­дың ортақ тізілімін құратын болды. Бұл да аталған заң жобасының тағы бір жаңа­лығы. 

Сауда және интеграция вице-ми­нистрі Қайрат Балықбаевтың ай­туынша, СТ-KZ және индустриялық сер­тификаттар өз заманында отандық өн­дірушілерді қолдауда белгілі бір рөл ат­қарды, енді жаңа тетік керек. 

– Бұл құралдардың әрқайсысының кем­шілігі жетерлік. Мысалы, сер­ти­фи­кат­тар бір-бірін қайталайды, бұл өнді­ру­шілердің оларды алуға жұмсайтын шы­ғындарын екі есе арттырды. Сарап­та­ма ұйымдарының біліктілігі мен жа­уап­­кершілігін, сондай-ақ салалық ерек­шеліктерін белгілейтін талаптар бе­кітілмеген. Өндірістің нақты бар-жо­ғын тексерудің мүмкіндігі жоқ. Өндірісті рас­­тау үшін барлық ақпараттық жүйемен интеграцияланған бірыңғай мемлекеттік ақпараттық база қажет, – деді вице-ми­нистр.

Қысқасы, Үкімет бизнес қоғам­дас­тық­тың осы өзін-өзі реттеуі жүйесін жойып, бұл саланы Ұлттық палатадан мем­лекетке қайтарып алмақ. 

Жаңа реестр қалыптастырумен іс біт­пейді. Салалық мемлекеттік органдар жер­гілікті мазмұн мен локализация үле­сін арттыруға бағытталған жағдайлар жа­сап, талаптар түзеді. Мысалы, шетел­ден әкелінген компонентті, ішірткіні тек қап­тамаға салып, құтыға құйып, «отан­дық препарат» ретінде ұсынуы мүмкін. Фармацевтикалық өндірістерге талап-өлшемшарттарды Денсаулық сақтау ми­нистрлігі жазғаны маңызды. 

Қазақстанда шығарылған тауар­лар­дың ортақ тізіліміне ену үшін «отандық тауар­ларды» анықтау мәселесі күн тәрті­бін­де өзекті болып қалады. Сондықтан шығу тегін, өндірісін растайтын тетік­тер­­дің айқындығы қамтамасыз етілуі, сарапшы-аудиторлар өндіріс орнынан сапарлауы қажет. 

Вице-министр бірыңғай тізілімге әр­бір отандық өндірушінің қа­зақ­стандық үлесі нақты қанша пайыз еке­нін, локализациялану деңгейін және оның жыл сайынғы өсу қарқынын, уәкі­лет­ті орган бекіткен талаптарды қанша­лық­ты дұрыс орындап отырғанын көрсе­те­тін мәліметтер енгізілетінін жеткізді. Тиі­сінше, тендер кезінде соның бәрі ес­керіледі. 

Заң қабылданып, күшіне еніп жатса, «Қазақстанда жасалған» таңбалы тауар­ларды шығаратын кәсіпкерлік субъек­тілерінің өндірісіне, өндірістік ғимараты, цехы, жабдықтары сияқты объектілерінің болуына қатысты талаптарды орындауы­на мемлекеттік бақылау енгізіледі. Бә­л­кім, содан кейін отандық өнім көзбояу емес, нағыз брендке айналар?!

Елдос СЕНБАЙ