Жамбыл спортының жұлдызы әркез биік болғаны белгілі. Өңір жампоздары әлемдік ареналарда атой салып, талай мәрте Әнұранымызды шырқатып, көк байрағымыз­ды биіктетті.
Жамбыл спорты бағытынан жаңылды
1,143
оқылды

Десе де, кейінгі жылдары аймақ спортының басы даудан арылмай, көрсеткіштеріміз көңіл көншітпей тұр. Бұған не себеп? Жамбыл спортына деген көңілдің аз бөлінуі ме әлде басшылардың жұмысына деген жауапсыздығы ма?

Облыс әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл өңір спортының жылдық шығынына 14,9 миллиард теңге бөлінген екен. Ал саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 120,3 миллион теңге бағытталған. Бүгінде облыста 53 спорт мек­тебі жұмыс істеп тұрса, былтыр спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлерін дамыту дирекциясы құрылған. 

Бір қарағанда қаралған қаржы өз тетігін тауып, басқарма жұмысына мін тағатындай себеп жоқ сияқты. Алайда облыстық мәсли­хат­тың экономика, бюджет, салық және жер­гілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақ­ты комиссияның жүргізген зерделеуі бір­қатар былықтың бетін ашқан. Комис­сия тө­рағасы Фарида Жүнісованың айтуын­ша, спорт саласын дамытуға жылда қыруар қар­жы қаралып жатқанымен, «бар­мақ бас­ты, көз қысты» тірліктер көп екен. 

– Зерделеу барысында аудандардағы бірнеше елді мекенде спорт залдың жоқтығы немесе пайдалануға жарамсыз екені анық­талды. Сондай-ақ спорт кешендері қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етілме­ген. Ал ең сорақысы, аудандардағы мектеп­терге соңғы үш жылда спорттық жабдық сатып алуға бір тиын да бөлінбеген. Қара­пайым спорт ойындарына қажетті доптың өзі қаралмаған. Мұндай күйді Тараз қала­сын­дағы мектептерде бастан кешіп, сапасыз бірреттік қымбат бағадағы доптар мен тор­лар сатып алған. Бұл дүниелер бір қолдан­ғаннан кейін-ақ жарамсыз күйге түскен­діктен денешынықтыру пәнінің ұстаздары өз қаражаттарына доп сатып алуға мәжбүр болған, – дейді Ф.Жүнісова. 

Зерделеу барысында анықталған тағы бір түйткіл – спорт ғимараттарының мүш­кіл күйі. Мәселен, Тараз қаласы мен аудан­дар­да орналасқан 10 спорт ғимараты күрделі жөндеуді қажет етсе, тағы 10 спорт кешені ағым­дағы жөндеуден өтуі керек. Бір сөзбен айтқанда, спорт нысандарының басым бөлігі пайдалануға берілген күннен бері жөндеу көрмеген.

– Ең беткеұстар делінген Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінің төбесінен су өтіп, еденге төселген қымбат төсеніштерге төгілуде. Одан бөлек, ғимараттың жылу мәселесі де сын көтер­мейтін жағдайда. Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының жатақханасы әбден тозған. Ал ыңғайластырылған бөлмеде орналасқан асханасы санитарлық талаптарға сай келмейді. Осы іспетті Жуалы ауданының Б.Момыш­ұлы ауылындағы бокс залының аянышты күйі мен ондағы жылу жүйесінде болған ақау балалардың өміріне қауіп төндіріп тұр.

 Спорт мектептеріне қатысты өзекті мәселелердің қатарында тозығы жеткен жиһаздар мен компьютерлік техникаларды жаңғыртуға қаржы бөлінбеуі жанға батып тұр. Мәселен,  Дене шынық­тыру және спорт басқармасына қарасты спорт ұйымдарына көп жылдардан бері компьютер сатып алуға қаражат қаралмаған. Қолданыстағы компьютерлер істен шық­қан­дықтан сала­дағы қызметкерлер өздері­нің жеке ком­пьютерлерін үйлерінен әкеліп пайдалануға мәжбүр болған, – дейді комис­сия төрағасы. 

Жамбыл спортындағы былық пен қулық мұнымен бітпейді. Фарида Жүнісова­ның сөзіне сүйенсек, былтыр бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жас­өспірім­дерді дене шынықтыруға тарту мақсатында мемлекеттік тапсырыстарды енгізу арқылы бюджеттен 930,7 миллион теңге бөлінген екен. Нәтижесінде, 4-17 жас аралығындағы 8 100 бала мен жасөспірімге 19 спорттық секцияда тегін жаттығуға мүмкіндік туған. Ал 2024 жылға жергілікті бюджеттен 1 миллиард 237 миллион теңге бөлініп, 19 спорт түрі бойынша 8 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр екен. Яғни, биыл өткен жылға қарағанда қаржы көлемі 303 миллион теңгеге артқан. Бүгінде 71 өнім беруші 6 061 баланы спорт­тық секциямен қамтығандығы туралы ақпарат берген. Алайда қыруар қаржыны қалтаға басқан өнім берушілердің басым көпшілігі жалға алған ғимараттарда жұмыс істеуде. Яғни, зерделеу барысында конкурс жеңімпаздары мектептердің спорт залдарын жалға алып, «жұмыртқадан жүн қырқып» отыр­ғандары белгілі болған. 

– Бүгінде спорт мекемелерінің басшы­лары Art Sport-қа бөлінген қаржы құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатқанын ашық жеткізуде. Бұл негізсіз де емес. Себебі зерделеу жұмыстары барысында балалар санын артық көрсетіп отырған кәсіпкерлік нысандардың бар екені анықталды. Сонымен қатар сол жекеменшік нысандарда үйірмеге қатысушы балалар бірінші рет келіп отырғандарын, оларды мектептен жібергенін айтқан кездер тіркелген. Осылайша, мемлекеттік конкурсты жеңіп алып, қаржыны қалтаға басқан кәсіпкерлер үйірмедегі бала санын артық көрсетіп, қу­лыққа салып отыр, – дейді Фарида Жүні­сова.

 Тағы бір таңғаларлығы, көзбояушы­лыққа бүгінде спорт мектептерінің дирек­торлары да баруда. Мәселен, жекпе-жек спорт клубы, №5, №7 сияқты кейбір спорт мектептерінің директорлары халықаралық жарыстарға Ұлттық құрамаға алынбаған спортшыларды апарып, бабы келіп тұрған өзге спортшылардың бағын байлаған. Мәселен, 2023 жылдың шілде айында Сочи қаласында каратэ-до шотакан жекпе-жегі­нен өткен әлем чемпионатына Ұлттық құ­рама команданың мүшесі емес спортшылар қатысып, мұндай белден басушылық кейін­де бірнеше мәрте қайталанған. 

– Мәнсіз коммерциялық іс-шараларға қатысудың маңызды бір себебі – мектеп­тердің рейтингін қолдан көтеру. Мысалы, №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 11 спорт­шысы Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысқан. Қызығы сол, 11 адам 40 медаль (23-і алтын, 6-ы күміс, 11-і қола) еншіліген. Қол күресінен де осы секілді ақылға сый­май­тын көрсеткіштер орын алған. Жалпы медаль саны – 124, оның 58-і алтын, 30-ы күміс, 36-сы қола.

Спорт мектептерінде бюджеттен бө­лі­нетін мол қаржыны дұрыс, тиімді пайдалану мәселесінде бақылау босаңсып, мамандар­дың кәсіби деңгейінің төмендігінен көп­теген заңбұзушылыққа жол берілген. Нақтырақ айтсақ, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ақпара­тына сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайтын меке­ме­лердің басшылары мен есепшілеріне жалпы сомасы 3 миллион 225,4 мың теңгеге 34 рет әкімшілік айыппұл салынған. Кейбір мекеме басшылары 7 реттен айыппұл арқа­лаған, – дейді облыстық Қоғамдық кеңестің комиссия төрағасы Рахметілдә Сегізбайұлы.

 «Тараз» футбол клубының жағдайы да көптің жанына батып тұрғаны жасырын емес. Бүгінде талдау нәтижесі клубтың қарызға батуы қате кадр саясатынан орын алғанын көрсетуде. Мәселен, 2020 жылдың маусым айынан 2021 жылдың аяғына дейін клуб директоры болған Т.Тұрлыбай бөлін­ген 1,2 миллиард теңге көлеміндегі бюд­жеттен артық 1 миллиард теңгеге міндеттеме қабылдап, клубтың кредиторлық қарызын 2021 жылдың аяғына 1 миллиард теңгеге жеткізген. Содан бері клубтың есепшоты бұғатталып, қарыздан көз аша алмай келеді. Алайда ең қызығы мұндай заңсыздыққа жол берген клубтың бұрынғы директоры Т.Тұрлыбай ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Осының өзі сананы сан саққа жүгіртеді. 

Былтыр іске қосылған денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің сапасына жүргі­зіл­ген зерделеу жұмыстары да бірқатар кем­шіліктерді анықтап отыр. Атап айтсақ, Жамбыл ауданының Гродеково елді меке­ніндегі кешенде балалар жуынатын бөлмеде кәріз жүйесі сапасыз салынған. Оны бүгінде пайдалануға мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар аталған ауданның Қарой ауылдық округі, Сұлутөр елді мекеніндегі кешеннің үлкен спортзалын жылытатын пеш қазірге дейін іске қосылмапты. Салдарынан, бала­лар жаттыға алмауда. Сондай-ақ ауа райы қолайсыз болғанда кешеннің шатырынан су сорғалайды екен. Міне осылайша, Жам­был спортында шешімін күткен мәселе шаш етектен болып тұр. Күні кеше облыстық Дене шынықтыру және спорт басқарма­сының басшысы Арман Тешметов өз еркімен қызметінен кеткенін ескерсек, енді бұл олқылықтардың орнын кім толтыра­тын­дығы әзірге белгісіз. Арман Бақыт­жанұлы Жамбыл спортын бас­қар­ған екі жылда ерекше еңбегімен есте қалды дей алмаймыз. Тек, Лондон Олим­пиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңа­таровты қыз­ме­тінен алып тастаған тұста оның есімі рес­публикаға жеткен. Ол жағ­дайда да спорт мектептеріне бөлінген қар­жы мен материал­дық базаның сапасыздығы Ақжүрек пен Арман арасындағы текетіресті тудырған бо­латын. Демек, спорт саласын­дағы былық­тар бүгін немесе кеше туындап отырған дүние емес. Сондықтан сала жұмы­сын түп-тамырымен қопарып тексеру керек. Сол кезде бәлкім көпке беймәлім әлі талай сұм­дықтың беті ашылып қалар.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы