Өткен ғасырдың алғашқы 30-жылдардағы жарияланған деректерді қарасақ, бірден байқайтынымыз – алашордашылардың еңбектері.
Ахмет, Сәкен, Жүсіпбек жеткізген күйлер
1,303
оқылды

Бәрі қамтылған. Математика, тіл білімі, денсаулық саласы... Қазаққа керегінің бәрі де бар. Және де өздері жазып қана қоймай, білгенін жазатындарға беріп жүрген екен. Соның айқын дәлелі – А. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әніндегі» жарияланған ән мен күйлер.

«Қазақ халқының 1000 әні» алғаш рет 1925 жылы шыққан екен. Негізі ән нотасынан құралған жинақта 20-ға жуық күй нотасы да беріліпті. Күй тартып, дерек берушілер қатарында: Садуақас (Сәкен) Сейфуллин (2 күй), Теңізбай Аймурзин (2 күй), Қамбар Медетов (3 күй), Қашар Әкімғалиев (1 күй), Ғабдол Бөкейханов (4 күй), Жүсіпбек Аймауытұлы (1 күй), Ахмет Байтұрсынұлы (2 күй), Мырзахмет Кәлменов (1 күй), Ғұбайдолла Мұхитов (1 күй), Әміржан Сарықожин (1 күй) бар.

Осы аталған есімдердің барлығы да қазақ тарихына белгілі азаматтар. Көбі қуғын-сүргін салқынын көргендер. Мысалы, Қамбар Медетов Құрманғазы оркестрінің алғашқы мүшесінің бірі. Атақты «Ақсақ құлан» күйін бізге жеткізуші. Ғабдол Бөкейханов – Бөкейханның тікелей ұрпағы. 1-қазақ атты әскер полкін құруға тікелей қатысты. Мемлекеттік деңгейде түрлі басшылық қызмет атқарған. Ғұбайдолла Мұхитов – атақты   Мұхит Мералыұлының туған немересі.

Бүгінгі жазбамызды осы есімдер ішіндегі халыққа аса танымал үш қайраткердің жеткізген мұрасына арнамақпыз.

Сәкен Сейфуллин шертіп берді деген екі күйі жарияланған. Олар «Тоқа» және «Терісқақпай».

«Тоқа» күйі жайлы Затаевич: «бұл Ақмола уезінде тұратын қазақ руының аты» деп қысқа қайырған. Жинаққа 189 реттік нөмірімен жарияланған.

Күй жайлы басқа мәлімет жоқ. Тыңдағанда «Сылқылдақ» күйіне ұқсастығын байқауға болады. Тәттімбеттің «Сылқылдағына». Тіпті, сол күй деп те нақты айта аламыз. Бірақ Сәкеннің неге күйді «Тоқа» деп жаздырып кеткені белгісіз. Арқа даласында Тоқа Шоңманұлы есімді атақты күйші болған. Рас, кейбір күйлерді осы Тоқа күйшінің мұрасы деп жүргендер бар. Бірақ дәл Тәттімбеттің «Сылқылдақ» күйіне ешкімнің таласы жоқ. Сондықтан бізге бұл жұмбақ ретінде қала бермек...

Жазылған нотаны қайта жаңғырту мақсатымен А.Затаевичтің ноталарына үн бітірдік. Яғни, күйді сол нотаға қарап, қайта шертіп шықтық. Төмендегі сілтеме сол.

Екінші күй «Абылай ханның атты маршы» (Терісқақпай) деп аталады. Жинақта 190 реттік нөмірімен жарияланған.

А.Затаевич келесідей түсіндірме жазады: «Қазақтардың айтуы бойынша, бұл маршты Орта жүз ханы Абылай ордасынан салтанатты сапарлатып шығып бара жатқан кезде домбырашылар тартатын. «Терісқақпай» деп аталудың себебі, оң қолдың қағысын төменнен жоғары «теріс қағып» алудан шыққан».

Жүсіпбек Аймауытов. Жинаққа 666 реттік нөмірмен жарияланған күйдің аты – «Азаматқожа». Шертіп берген Жүсіпбек Аймауытов.  А.Затаевич «Юсуф-Бек» деп жазып кеткен Ж. Аймауытов жайлы келесідей пікір қалдырады:

«Жас қазақ журналисі және ақыны, Семей әндерінің талантты орындаушы әрі білгірі. Ән айтқанын өзгелермен салыстырсақ, аса айырмашылық байқамасақ та, кіршіксіз таза және әуезді болып келеді. Оның бізге айтып берген әндеріне қарап отырып, алдын ала іріктеп бергенін және аса ұқыпты дайындалғанын көреміз».

Осы күй – қазіргі күйшілік өнерде жақсы таныс. Домбырашылардың және оркестрлердің репертуарына анық орныққан. Бізге бұл күйді жеткізген – Әбікен Хасенов. Жүсіпбектің шерткен нұсқасы, Әбікен күйшіге шерткен күйге өте жақын. Екеуі де бір күй. Төменде Әбікен Хасенов шерткен «Азаматқожаны» ұсынамыз.

Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлт ұстазының А.Затаевичке жаздырған бірінші күйінің аты «Айда былпым». Жинақтағы нөмірі – 788. Түсіндірмесінде Ахметтің қысқаша өмірбаянын жаза келе, оны өз ұлты өнерінің білгірі және орындаушысы деп көрсетеді.

«Ахмет Байтұрсынұлы бұл жинаққа қызыққаны соншалық, қолдан келген көмегін аямады. Маған өзі білетін Торғай, Қостанай, Бөкей, Қарқаралы өңірі әндері мен екі тамаша күйді жаздырды. Сонымен қатар  өзінің беделді білімі арқасында менің қазақтың тарихын, этнографиясы мен тұрмысын түсінуге, жинаған мәліметтерімді жүйелеуге көп көмегі тиді. Сондықтан оған деген алғысым шексіз», деп жазады А.Затаевич.

«Айда былпым» күйі  мектеп оқушыларына жақсы таныс күй. 1992 жылы жарық көрген «Домбыра үйрену мектебі» (А.Жайымов, С.Бүркітов, Б.Ысқақов) оқулығына енген. 112-бетте халық күйі «Айда, былпым» деп тұр. Нотасында айтарлықтар айырмашылық жоқ. Яғни, мектеп оқушылары бір ғасыр бұрын жазып қалдырған Ұлт ұстазының күйін тартып жүр деген сөз.

 «Тепеңкөк» күйі. Жинақта 789 нөмірімен берілген. Жаздырушы Ахмет Байтұрсынұлы. Түсініктемеде: «Тепеңкөк – жорғалаған сұр түсті тұлпар» деп қысқа жазады.

Күй тарихында жылқы малына арналған күй өте көп. Және ішінде «Тепеңкөк» деп аталатындары да аз емес. Мына күй де сөзсіз, сол мұралар тізіміне қосылады.

А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енген бес күйдің нобайы осы. Бұл еңбектен өзге ғалымның «500 ән мен күй» атты жинағы да бар. Сонымен қатар соңғы жылдары табылып жатқан А.Затаевичтің қолжазбаларын тағы қосыңыз. Енді осы мұраның барлығын ғылыми зерттеп, көпшілікке таныстыру жұмыстары ғана қалды. Осындай бір іс деп, 2020 жылы жарық көрген «А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегіндегі күйлерді қалпына келтіру тәжірибесі» атты кітапты ерекше атап өткіміз келіп отыр. Авторы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Төлепберген Тоқжан. Болашақта осы секілді зерттеулер көп болсын деп тілейміз.

Рүстем Нүркенов