Орталық және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар су тасқыны салдарын жоюға және жағдайдың ушығуына жол бермеуге бар күшін салып жатыр.
Мемлекеттік органдар су тасқынының салдарын жоюға бар күшін салып жатыр – Ерлан Қарин
619
оқылды

Орталық және жергілікті жерлердегі мемлекеттік органдар су тасқыны салдарын жоюға және жағдайдың ушығуына жол бермеуге бар күшін салып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасына хабарлады.

Оның айтуынша, су басқан аймақтарда барлық бейінді мемлекеттік органдар мен қызметтер, әкімдіктер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Апаттық-құтқару жұмыстарына барлығы 9 мыңнан астам адам және 2 мыңнан астам техника бірлігі жұмылдырылған. Су тасқыны басталғаннан бері зардап шеккен 11 өңірде 19 мыңнан астам адам, оның ішінде 8 мың бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді.

«Мемлекет басшысы мен Үкімет деңгейінде тұрақты түрде жедел кеңестер өткізіледі. Президент табиғи апат, әсіресе, кең ауқымда болған ең шалғайдағы су басқан аймақтардың біріне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым осындай қиын сәттерде жағдайды жеке бақылауда ұстау және азаматтарды қолдау үшін оқиға орнына өзі барады. Сонымен қатар қабылданып жатқан шаралар мен ағымдағы жағдай туралы халықты үздіксіз хабардар етіп отыру үшін республикалық ақпараттық штаб құрылды. Штабтың тәулік бойы жұмысы Үкіметтің жедел штабының қызметімен үйлестірілген және оны Президент Әкімшілігі реттеп отырады», – деп жазды Ерлан Қарин.

Тасқыннан зардап шеккендерге көмектесіп, гуманитарлық көмек жинауды ұйымдастырып жатқан қоғам белсенділері мен еріктілер де үлкен жұмыс істеп жатыр. Бүкіл ел бойынша 20 мыңнан астам ерікті әртүрлі көмек көрсетуде. Қазақстан бойынша 31 көмек жинау пунктінде олар 430 тонна азық-түлік, 150 тонна азық-түлікке жатпайтын тауар, 3 тоннаға жуық дәрі-дәрмек жинады. Әр өңірде еріктілер фронт-офистерінің базасында арнайы байланыс орталықтары құрылды. Сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсетуге және еріктілерді бөлуді жалпы үйлестіруге арналған бірыңғай байланыс орталығы да жұмыс істейді (+7 708 706 42 42).

«Осының бәрінде біздің азаматтарымыздың ынтымақтастығы мен жауапкершілігі айқын көрінеді. Отандастарымыздың осындай белсенді атсалысуы мен жанашырлығының арқасында біз төтенше жағдайларға тиімді төтеп беріп қана қоймай, ел дамуының жүйелі мәселелерін де шеше аламыз», – деді Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ ол соңғы жылдары құрылған диалог алаңдарының арқасында мемлекет пен қоғам сындарлы түрде көптеген проблеманы шешудің оңтайлы жолдарын тауып жатқанын атап өтті. Айтуынша, бұл ретте Мемлекет басшысы бастамашылық еткен азаматтардың министрлермен және әкімдермен кездесулерінің диалогтік форматы тиімді құралға айналды.

«Жаңа ережелер бойынша сайланған Парламент және мәслихат депутаттары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың талап ету деңгейі айтарлықтай өскенін атап өту қажет. Оның ішінде су тасқынының алғашқы күндерінен бастап Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтармен тұрақты байланыста болып, зардап шеккен өңірлерге барып, сол жерде кездесулер өткізіп, өңірлік штабтардың жұмысына қатысты. Мұндай бірлескен әрекеттер нәтиже береді.

Барлық диалог алаңдарының, сондай-ақ депутаттар мен қоғам белсенділерінің әлеуеті бұдан әрі инфрақұрылымды қалпына келтіруге және зардап шеккендерге көмек көрсетуге бағытталатын қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауға тартылатын болады. Бірлік пен ынтымақтастықтың құндылықтары біздің мәдениетіміз бен менталитетіміздің негізінде жатыр. Осы құндылықтарға сүйене отырып, біз кез келген қиындықты еңсереміз және елді жаңғырту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыра аламыз», – деп түйіндеді сөзін Ерлан Қарин.