Әсіресе, ілім-білім әрі жақсы өмір іздеген жастар ауылда тұрақтамай, қалаға кетіп жатыр. Жұмысқа қабілетті, икемді буын қала жағалап кеткен соң көп өңірде қол күшінен бөлек, кәсіби мамандар да жетіспейді. Ел Үкіметі ауылдық аумақтарды қажетті кадрмен қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске қосқан. Аталған жоба денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени қамсыздандыру ісі және агроөнеркәсіп кешен саласында жас мамандарды ауылға шақырудың алғышарты болды.
Десе де, соңғы жылдары бағдарлама аясында жеңілдікті пайдаланып, ауылға оралып жатқан жастар саны азая түскен. Мәселен, былтырғы көрсеткіш 2020 жылғы көрсеткіштен 30%-ға төмендегені байқалып отыр.
Айта кету керек, 2019 жылдан бастап, біржолғы көтерме жәрдемақы мөлшері 252 500 теңгеден 345 000 теңгеге, ал тұрғын үй мәселесін жақсартуға берілетін сома 3 млн 784 мың теңгеден 5 млн 175 мың теңгеге ұлғайтылды.
«Баспана сатып алуға деп мемлекеттен 5 млн 175 мың теңге берілді, бірақ үйдің құны 6 млн 500 мың теңгеге шықты. Қалған 1 млн 325 мың теңгені өз қалтамнан төлеп, сатып алдым», – дейді «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға жұмысқа барған жас маман Сәния Нышанбек.
Сәния Нышанбек 2018 жылы Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетін Логопед-дефектолог мамандығы бойынша бітіріп шығады.
«Оқу бітірісімен тұрмыс құрып, балалы болдым. Өзім Шымкентте туып-өскем, 2020 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысу үшін жолдасымның туған жері Түлкібас ауданы Балықты ауылындағы орта мектепке конкурс арқылы өтіп, логопед маман болып орналастым. Алайда ауылда үй арзан шығар деп келген үмітіміз ақталмады. Қаладан келген бағалаушы үйді
7 млн деп бағалады, үй иесін 6 млн 500 мың теңгеге түсуге көндіріп, кіріп алдық. Кеңес кезінде салынған шағын үй, ауылда ондай үйлерді «неміс там» деп атайды екен, шағын болса да өз үйіміз. Дегенмен бағдарламада баспана берілетін қаражат сомасын екі есе көтеру қажет», – дейді жас маман.
Сәния Болатқызы былтыр қыркүйекте 345 мың теңге біржолғы көтерме жәрдемақыны алған.
«Бұл қайтарымсыз қаражат, – дейді ол. – Ал тұрғын үйге деп берілген 5 млн 175 мың теңгені 15 жыл мерзіммен алдық, ай сайын 28 900 теңгеден төлеп отырмын. Ауылда жұмыс істеудің тиімді жағы, мұнда арнайы квота бар, жалақыға
25% қосылады. Бір қиыны, бағдарламамен келген соң 5 жыл бойы басқа жерге жұмысқа ауыса алмайсың. Бес жыл мерзімді өткерген соң мойныңдағы қарыздан құтылып қана, қоныс аудара аласың».
Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр 9 433 жас маман көтерме жәрдемақы алыпты. Ең көп жұмыспен қамтылғаны – білім беру саласы. Соңғы 5 жылда ауылдық жердегі мектептерге 29,6 мың адам жұмысқа орналастырылған. Одан кейінгі орында денсаулық сақтау саласы – 9,8 мың адам. Агроөнеркәсіптік кешенге жұмысқа кірген мамандар саны – 1,9 мың және спорт – 1 344 адам.
Біз тілдескен келесі жас маман – Арайлым Қасенбаева. Ол 2021 жылы Семей медициналық колледжін тәмамдаған соң «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауылдық ауруханасына жұмысқа орналасады.
«Алғашында 345 мың теңге қайтарымсыз көмек ақшаны алдым. Кейіннен 5 млн 175 мың теңге жеңілдетілген несие қаржысын алып, ол ақшаны үй сатып алуға жұмсадым. Дегенмен биыл біздің Марқакөл ауылы аудан дәрежесін алғалы баспана бағасы қымбаттап кетті. Мен алған үйлердің бағасы қазір 7-8 млн теңге көлемінде», – дейді маман.
Таяуда Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Үкіметке депутаттық сауал жолдап, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қаржысын көтеруді ұсынған. Оның айтуынша, бағдарламада грантты ұтып алу жүйесі министрлік арқылы емес, жұмыс орнын ұсынушы мекеме арқылы жасалғаны дұрыс.
«Сондай-ақ бағдарлама сол мекеме немесе кәсіпорын орналасқан ауылдың баласына тиімді жұмыс істеуі қажет. Ол үшін үшжақты келісімшарт жасалса деймін. Мәселен, тапсырыс беруші мекеме – оқу орны – білім алушы немесе ата-анасы. Қандай маманға, қандай мамандыққа қажеттілік бар, соның барлығы қамтылуға тиіс. Оқуын бітіріп шыққан маман өз білім деңгейін дәлелдеу үшін арнайы тест тапсырады. Осы бойынша ауылға барған жас маманға 10 млн теңгеге дейін қаражат берілуге тиіс. Жұмыс өтілі – 7 жыл мерзімді қамтысын. Ең басты айтарым, қазіргі мемлекеттен беріліп жатқан 5 млн теңге өте аз, ол сомада нарықтың құны ескерілмеген. Оған қоса, «Болашақ» бағдарламасы арқылы ауылдарға қажет мамандықтарды даярлауға белгілі бір жеңілдіктер жасалса деген ойым бар. Мысалға, IELTS тапсырғанда төмендетілген балл болса», – дейді мәжілісмен.
Бүгінгі көрсеткішке қарасақ, 2019 жылдан бері бес жыл ішінде ең көп маман тартқан – Түркістан облысы. Өңірде 7,8 мың адам жұмысқа орналастыпты, бұл жалпы республикалық көрсеткіштің 17,3%-на тең. Алматы облысында – 4,9 мың адам, Батыс Қазақстан облысында 4,2 мың адам жұмысқа тұрған.
Үкімет биылдан бастап аудан орталығына барған жас маман үшін кредит көлемін 2 500 АЕК-ке дейін (9,2 млн теңге) өсіреміз деген шешім қабылдады. Бұл орайда ауылдық жерде берілетін қаражат көлемі 7,3 млн теңге деп белгіленді.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Динара Мұқышева соңғы үш жылда ауылдарға баратын жас мамандар қатары азайған. «Негізгі мәселе кредиттің ұсынылатын мөлшерінің жеткіліксіздігінде ғана емес, сонымен қатар халықтың кредиттелуінде. Келесі себеп – аудандарда немесе елдімекендерде сатылатын тұрғын үйлердің болмауы. Өңірлерде үйлердің көбі ескерген. Ондай баспаналардың көбісі қазіргі заман жастарының талабына сәйкес келе бермейді. Сол себепті қажетті кадрларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің балама нұсқасын қарастыру қажет», – дейді маман.
Бауыржан БАЗАР