Мақсат – әлемде қандай да бір апатты жағдайлар болса, еліміздегі өсімдіктердің түрін сақтап, олардың жойылып кетуіне жол бермеу.
Аталған ғылыми-зерттеу институты – еліміздің аграрлық ғылым жүйесінде көшбасшы ұйым. Институт соңғы жылдары бірнеше халықаралық жобаны жүзеге асырып келеді. 2022 жылы дүниежүзілік «Жемдік дақылдар зертханасы» Be BOLD Crop Trust бағдарламасы бойынша конкурс жариялаған болатын. Байқауға қатысқан отандық ғалымдар үздіктер қатарынан табылған. Бүкіл әлем бойынша аса өзекті деп ұсынылған 90 жобаның 45-і іріктелген. Осы 45 жобаның қатарына қазақстандық ғалымдардың да жұмыстары енгізілген. Сонымен, ғылыми еңбек нәтижесінде біздің ел үшін де аса құпия қоймадан орын бөлінген.
«Қыстың қамын жаз ойла»
Айта кетейік, Норвегияда 2008 жылы салынған қоймаға дүниежүзіндегі 89 тұқым банкінен 6 000-ға жуық өсімдік түрінен сұрыпталған 1,1 миллионнан астам тұқым үлгілері арнайы әкелінген. Мұндағы үлгілер жаһандық апат жағдайында бүкіл әлемдегі тұқым қорын сақтауға арналған, сондай-ақ ауылшаруашылық дақылдарының жаңа сорттарын жасау кезінде селекционерлер үшін резервтік көмек ретінде қызмет етеді деген мақсатта жеткізілген.
Шпицберген тұқым банкі- не сақтау үшін біздің ғалымдар 8 ботаникалық түрге жататын 522 сынаманы іріктеп алған. Қатарында мал азығына аса қажетті жоңышқа түрлерінен 247 сынама, бидай шөп түрлерінің 130 үлгісі және өзге де дақылдар бар. Бұлар негізінен көпжылдық азықтық дақылдар мен дәнді дақылдар түріне жатады.
Әлемдік маңызы ерекше қоймаға барып, мамандарға Қазақ-станнан жеткізілген тұқым түрле-рін сеніп тапсырған Қазақ егіншілік және Өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, «Жем-шөп дақылдары зертханасының» ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Сақыш Ержанова келешек ұрпақ, әлем үшін маңызды іс жасалғанын айтып отыр.
«Өзіміздің зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесінде әлемдік қоймаға біздің елден де жем-шөп түріне жататын өсімдіктердің тұқымын тапсыру – үлкен жетістік. Бұл – көпжылдық еңбектің нәтижесі. Келешек үшін әлем ғалымдарының қатарында болып осы бір үлкен жобаға атсалысу, ғылыми еңбекпен айналысу – барша институт ұжымының еңбегі. Алда тағы да өзге тұқым түрлерін сол жерге апарып, өзімізге тиесілі ұяшықтарға қою мақсатымыз бар», – дейді ғалым.
Әлемдік маңызға ие болған мұндай тұқым қоймасының міндеті – жаһандық апаттардан адамзатты аман сақтап қалудан бөлек, Жер бетіндегі өсімдік атаулының жойылып кетпеуінің алдын алу. Ғалымдар әлемде болуы мүмкін ядролық соғыс, астероидтың құлауы немесе жаһандық жылыну сияқты апаттар жасыл әлемді жоқ етуі ықтимал деп болжайды. Ал қойма осы апаттардан алдын ала сақтану мақсатында жер астына салынған.
«Отандық бір топ ғалым барып әлемдік маңызы бар нысанмен таныстық. Өз еңбегімізді, отандық өсімдік тұқымының үлгілерін тапсырып қайттық. Тұқым сақтау бойынша әлемдік заңдылық бар. Сол заңдылық бойынша кез келген маңызы зор деп таңдалған түрлер кем дегенде үш жерде сақталып, болашаққа жолдануы керек. Шпицберген аралына жеткізілген түрлердің келесі бір санаты өзіміздің институттың генафондық қоймасында сақтаулы тұр. Енді бір бөлігін Үндістандағы дүниежүзілік тұқым сақтау банкіне жеткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тарихы сонау кеңестік дәуірде басталды ғой. Биыл 90 жыл толып отыр. Осы институт еліміздегі түрлі өсімдіктерді зерттеп, талай дүниелер жасады. Ғалымдардың зерделеуінің негізінде жаңа сорттар өмірге келді. 2002 жылы осы өзімізде бар өсімдік тұқымын сақтау туралы шешім шығып, ғалымдар жұмыла жұмыс істеп, соның арқасында қазір үлкен қойма пайда болды. Бүгінде өзіміздің ғана емес, өзге елдерден де түрлі өсімдіктердің тұқымы жеткізіліп жатыр», – дейді ғалым, ҰҒА академигі Ғалиолла Мейірман.
Тұқым қалай сақталады?
Норвегияның Шпицберген жаһандық тұқым қоймасы – Шпицберген аралында орналасқан ерекше орын. Қоймада негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым үлгілері қауіпсіз әрі ерекше жағдайда сақталуда. Мұнда дүниежүзілік көгалдандыру материалдарының тұқым банкі жер бетінде бар барлық ауылшаруашылық өсімдіктерінің отырғызу материалдарын сақтау үшін БҰҰ-ның қамқорлығымен Норвегия еліндегі Шпицберген аралында 2006 жылы салынып, 2008 жылы алғаш рет ауыл шаруашылығы саласындағы тұқым түрлері сақтауға қойыла бастады. Тау мен мұздық астындағы алып қорды салу үшін әлем ғалымдары атсалысқан. Жобаны Норвегия үкіметі қаржыландырған екен. Құпия ғимараттың құны 9 млрд доллар шығынды қажет еткен.
Жер бетінен 120 метр тереңдікте және теңіз деңгейінен 130 метр биікте орналасқан кешен немесе банк кез келген жарылысқа төтеп беретін есік пен қабырғалар арқылы бекемделген. Ішкі көріністі бақылау үшін ерекше камералармен жабдықталған. Мәңгі тоң болып тұратын тоңазытқыш сынды тұқым қоймасы компьютердің процессоры тәрізді үлгіде жасалған. Тұқымдар төрт қабатты тығыздалған не ауа, не газ өтпейтін ерекше қаптамамен қапталып, әлгі қапшықтар арнайы контейнерлерге салынады. Сөйтіп, өзінің тіркеу нөмірлері бойынша қойма сөрелеріне орналастырылады.
Мұндағы температура тұрақты: –18°C. Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай салқындық тұқымның баяу қартаюын қамтамасыз етеді екен. Мәңгі тоң өлкесі болғандықтан әрі аз ғана тектоникалық белсенділік төмен болуына байланысты тұқым қоры үшін Шпицберген арнайы таңдалса керек.
Қойма қашан ашылмақ?
Ғалымдар бұл қойманың ашылу мерзімін кем дегенде 200 жыл мен 1000 жыл мерзім аралығы деп болжаған.
«Күндердің бір күні адамзат бақытсыздыққа ұшырап, қиын-қыстау сәтті бастан кешуі ғажап емес. Ол жаһандық соғыс немесе табиғи апат болуы да мүмкін. Осындай алапаттан аман қалған адамдар әлемдік ауыл шаруашылығын және жалпы планетаның өсімдіктерін нөлден бастап қалпына келтіруге мәжбүр болуы ықтимал. Осындай жағдайда адамзат баласы бір ғана сөзді есте сақтауы керек. Қазір бұл «Шпицберген» деп аталып жүр. Кейін SOS дегенге ұқсайтындай ұғым не түсінік болып енгізілуге тиіс. Адамдар сондай кезде жер әлемін қайта көгалға бөлеп қана қоймай, өздеріне азық ретінде қолданатын өсімдік түрлерін өсіріп алуға қол жеткізуі керек. Қойма осы мақсатта соғылды. Қоймада тұқым түрлерінен бөлек, түрлі жағдайда қолдану нұсқаулықтары да әртүрлі үлгіде жазылып бекітілуде. Негізінде, мұндай банктер тіпті әр елдің өзінде болуы керек», – дейді Дүниежүзілік тұқым қоймасының менеджері Брайан Лайноф.
Жер шарында басқа тұқым сақтайтын қоймалар болса да, Шпицбергендегі нысан олардың ішіндегі ең қауіпсізі және ерекше ойластырылып салынғаны болып отыр. Жердің екі полюсіндегі барлық мұз жаһандық жылынудан еріп кетсе де, Шпицберген зардап шекпейді. Бұл ретте қоймадағы жағдай тұқымдарды мың жылға дейін пайдалануға жарамды күйінде сақтайды, ал қойманың өзі ондағы «мүлікті» ядролық соғыс пен астероид құласа да қорғай алады деп отыр мамандар.
Associated Press агенттігі құпиясы мол Шпицбергендегі бұл тұқым қорын сақтаушы орынды жан-жақты зерделей келе, «Қиямет күннің қоймасы» деген атау берген екен.
Қоймада барлығы 4,5 миллион үлгіні сақтауға болады.
Мұнда бидай мен арпаның түрлерінен бөлек, бұршақ өнімдері, жүгері, соя және жержаңғақтар мен түрлі жемістердің тұқымдық коллекциялары сақтаулы. Тұқым сақтау қоймасына Қазақстаннан бөлек, Колумбия, Эфиопия, Үндістан, Кения, Мексика, Перу, Филиппин, Ресей, Украина, Грузия, Тәжікстан, Әзербайжан, Армения, Өзбекстан, Беларусь, Эстония, Латвия, Литва болса, Германия, Мали, Мадагаскар, Қытай, АҚШ, Солтүстік Корея, Ауғанстан және Сирия сынды елдерден жөнелген өнімдер сақтауға қойылған.
Әлем ғалымдары, оның ішінде қытайлық генетиктер де Шпицберген жаһандық астық қоймасы толық қуатына жеткенде, әлемдегі ең маңызды тұқым қорына айналады деген пікір айтқан.
Маңызы мен мәні ерекше осынау құпиясы мол қойма шынымен де әлем үшін ерек болары сөзсіз. Ал оған біздің ел үшін де арнайы орын бөлінгені расында да маңызды. Әлем елдері өздеріндегі дән мен дақылдың үлгілерін болашақ үшін деп жер қойнауына тығып жатса, демек адамзат үшін бұл істің мәні бар екені анық. Сондықтан жоғарыда атаған Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанында қалыптасып келе жатқан тұқым сақтау қорына мемлекеттік тұрғыда көңіл бөлініп, ұлттық деңгейде танылуы маңызды. Тұқым сақтау қорының ұлттық маңызы артса, еліміздегі қожырап кетудің аз-ақ алдында тұрған генетика және селекция саласының да тамырына қан жүгірер еді.
Бердібек ҚАБАЙ