Александра Асанқызы Элбакян – Қазақстанның тумасы. Еліміздің жетекші оқу орындарының бірі – Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің (қазіргі Satbayev University зерттеу университеті) түлегі. Сондай-ақ Германияның Фрайбург университеті мен АҚШ-тың Джорджия Технологиялық институтында тамаша білім алған. Алайда бүгінде Александра Америкаға адам бермейтін елдерде жасырынуға мәжбүр. Өйткені оның ізіне FBI түскен. Неге?
«Ғаламтордағы қуғын»: FBI іздеген қыз
669
оқылды

Қазнетте, Рунетте ғана емес, бүкіл жаһандық ғаламторда Александра Элбакян Sci-Hub атты бірегей «ашық ғылыми кітап­хананың» негізін қалаған адам ретінде танымал. 

Ол «білім бұлағының қоймасын» 2011 жылы құрды, содан бері онда электронды форматтағы ғылыми жарияланымдар мен ашылымдарды және басқа да құнды материалдарды, мерзімді басылымдарды жинап, тегін таратып келеді. Кейбір деректер бойынша. әлемде бар бүкіл ғылыми еңбек­тердің жартысына жуығы сонда жинақ­талған. Яғни, бүкіл адамзаттың игілігіне еңбек ететін «Атымтай жомарт» деуге келеді. Онда оны әлемнің алпауыт елдерінің құзырлы органдары неге қудалайды? Мұның түп-төркінін «тегін таратады» деген сөзден табуға болады. 

Копирайт күресі әділдік үшін бе?

Әлемде рецензияланатын ғылыми әдебиеттерді, ғалымдардың жарияланымдарын, ғылыми мақалаларын, ғылыми мерзімді басылымдарды және басқаларын орналастыратын бірыңғай библиогра­фиялық, реферативтік дерекқорлар, порталдар, хабтар және басқасы толып жатыр. Олардың бәрі дерлік бұл қорларын сатады, ақы жинайды, жазылуды талап етеді. 

Содан интеллектуалдық меншікті, авторлық және сабақтас құқықтарды қатаң сақтайтын дамыған елдер сыртында, тіпті Ресейде де Sci-Hub жобасы заңнан тыс деп жарияланған. Осылайша, Қазақстанның тумасы бітіспес жау Батыс пен Ресейді біріктіріп тұр. 

Ақпарат құралдары сұхбат алғанда, Александраны «ресейлік» деп таныстырып жатады. Шын мәнінде, Элбакянның мойындауынша, РФ азаматтығынан ол идеологиялық тұрғыдан бас тартыпты. 

Элбакянмен байланысты тағы бір тегін кітапхананың атауы латын әліпбиінің соңғы әрпінің атауымен Z-Library аталады. 2021 жылғы дерек бойынша онда 6,5 млн кітап, 80 млн мақала орналастырылған.

Мұндай тегін кітапханалардың қыз­меті әу бастан алдыңғы қатарлы елдердің биліктеріне ұнамады. Олар ескерту жасамай, әй-шәйға қаратпай белсенді бұғаттауға кірісті. Салдарынан, бү­гінде кітапхана «көшпендіге» айналды: домені үнемі көшіп жүреді. Әзірге Қазақстанда ашылатын z-lib.is мекенжайында тұрақтады. 

Осының алдында, 2022 жылғы қарашада Америка Құрама Штатта­рының Әділет министрлігі мен Феде­рал­дық тергеу бюросы (ФТБ немесе FBI) Z-Library-ге үстеме­лете қуатты соқ­қы берді. Ең алдымен, оған тиесілі қаптаған домендік атауларын тауып, шетінен ағытып тастады. 

Ізінше ФТБ Аргентинада бас сауғалаған Ресей азаматтары, релоканттар Антон Напольскийдің және Валерия Ермакованың тұтқындалуына қол жеткізді. Оларға «ав­тор­лық құқықты қылмыстық бұзу, электронды байланыс құралдарын (wire-fraud) пайдалана отырып, алаяқтық жасау, сайтты ұстап тұру үшін қаржыны жылыстату» деген ауыр айыптар тағылып отыр. Ақпарат құрал­дары олардың Кремльмен байланысы туралы да жазды. 

Қалай болғанда, бұларды Элбакянның «копирайтқа қарсы мылтықсыз майдан­дағы» білікті серіктестері деп атауға болатын еді. Содан Z-Library жұмысы біраз уақытқа дағдарды. Байтал түгіл, бас қайғы болған Напольский де, Ермакова да Арген­тинаның сот инстанцияларында арпалысып, өздерін Америкаға экстради­циялауға жол бермеуге тырысып жатыр.

Сөйтіп, ғұламалардың шығармашылық, зияткерлік ақыл-ойының туындыларын сатып, ұшан-теңіз табыс табатын жаһандық «копирайт элитасы» масайрады, мерейі үстем болды. Олар осы арқылы өздерінің ойын ережелері мен заңдарына бағынбай­тындардың күні қараң болатынын паш еткендей.  

Ғылым мен білімді адамзатқа тегін таратқысы келетіндермен күрестің сұрқы шынында сұрапыл: кейінгі жылдары Z-Library-ге тиесілі 241 домен бұғатталды, олардың арасында ең бастысы саналған z-lib.org, book4you.org, u1lib.org, bookmail.org, b-ok.org, b-ok.cc, booksc.xyz, bookos-z1.org, vn1lib.club, zlibcdn.com, usa1lib.org және басқасы бар.

Ғылымның мөлдір бастауынан сусын­дағысы келетін, бірақ сол үшін ақы төлегісі келмейтін немесе оған қаржысы жетпейтін білім қуған жастар, зерттеушілер ескі әдетпен осы сайттарды тере қалса, оларды басқы бетте АҚШ Әділет министрлігінің жеңімпаз ұраны қарсы алады: «Бұл домен Нью-Йорктің Шығыс округінің АҚШ округтік сотының ордеріне сәйкес, Фе­дералдық тергеу бюросымен тәркіленген!». Бұл таспадан ары қарай аттап басуға мүмкіндік жоқ.

Бұғаттау қақпасы тарс етіп жабылған сайын, еркін желілік кітапханалар бағда­рынан айырылып, барар жер, басар тауы қалмай барады.  

Әрине, нарық заманында бәрі дерлік ақылы болатыны белгілі. «Кез келген ең­бек­тің адал ақысы төленуге тиіс» деген қағида да бар. Сондықтан өзгенің еңбегіне «қарақ­шы­лық» жасап, тегін үлестіретіндерді бірде бір мемлекет қолдап, қолпаштай алмайды.

Алайда филолог, аналитик Сергей Голу­бицкийдің айтуынша, ғылыми және басқа да әдебиеттерді, жарияланымдарды ақыға ұсынатын дерекқорлардың бәрі бірдей соның авторларына тиесілі еншісін, ақы­сын аудара бермейді. Тек мықты заңгерлері бар немесе құқығын білікті қорғайтын фирмалардың клиенті саналатын авторлар еленеді, қошеметтеледі. Ол тарапта да әділдік шамалы.

«Жалпы, бұқараға ашық, тегін кітапханалар ұсыну – ақпаратқа деген кеңестік ескі көзқарас, ол нарық заманына жарамайды деп айтылып жатады. Алайда Кеңес кезінде халықтың оқитын кітабы қатаң бақы­ла­натын, шектелетін. Одаққа кірген ха­лықтар «темір шымылдықтың» ар жағын­дағы дамыған елдердің, адамзат өркение­тінің мәдени және ғылыми мұрасына қол жеткізе алмады. Салдарынан, адамдар оларды өз бетінше көшіріп басып, «самиздатпен» шығаратын. Александра Элбакян­ның Sci-Hub жобасы қарапайым адам­дар­дың ақпаратқа қолжетімділігін арт­тыруға бағыт­талған», – деді Сергей Голубицкий. 

Тегін кітапханаға беделді ЖОО-лар құмар

Қазнетте, рунетте қазақ және орыс тіл­деріне аударылған әлем әдебиетінің түрлі туындыларын тегін табуға болады. Бірақ тәжірибеде копирайтпен қорғалған барлық құнды кітаптар, қолжазбалар, жарияланымдар жабық болып қала берді. Жазылыммен істейтін сервистер өріс алып, сұрай­тын ақысының көлемі артқан сайын бұл проблема ушыға түсті. 

Ал Sci-Hub сияқты жобалар барлық дерлік мемлекетте заңға қайшы деп танылып, ұдайы қылмыс ретінде қудаланады. Александра Элбакянның үстінен АҚШ, Ресей, Швеция, Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Үндістан және басқа елдерде іс қозғалған. Соның негізінде домендері тәркіленіп, жергілікті валютадағы көлемі миллиондаған айыппұлдар салынған. 

Соған қарамастан, Р2Р схемасы, яғни жазылушылардың жеке аккаунттары арқы­лы байланыс ұстаған, Телеграмды пайда­ланған Sci-Hub дамуын жалғастырды. Копирайт лоббиі Sci-Hub, Z-Library, Anna's Archive, Library Genesis және басқа еркін, тегін электронды кітапханалардың қыз­метін «артта қалған, қайыршы елдердегі маргиналдар ғана тұтынады» деген теріс көзқарасты нығайтуға тырысады. 

Анығында, тегін кітапханалармен әлем­дегі 370 университеттің байланысы анық­талған. Оның 150-і АҚШ-та, 39-ы – Ұлы­британияда, 30-ы – Канадада, 10-ы Швеция­да орналасқан. Және кейінгі эшелон­дағы емес, Кембридж, Оксфорд, Импе­риялық колледж, Корольдік колледж сияқ­­ты жетекші ғылым ордалары бар. Олар өз студенттеріне, аспиранттарына, қызмет­керлеріне төл кітапханаларындағы компьютерлер арқылы заңнан тыс деп танылған тегін е-кітапханалардан заңсыз жария­ланған, копирайтпен қорғалған ғылыми еңбектерді еркін жүктеп алуына рұқсат етеді. 

Сарапшылар бұл мәселенің төрелігін сұрап, Жасанды интеллектіге жүгінді: «Александра Элбакянның айналысып жүрген ісі жақсы ма?» деген сауал қойыл­ды. 

«Бұл сұрақтың жауабы адамдардың нені «жақсы» деп танитынына байланысты. Бір жағынан, Sci-Hub сатып алуға қаражаты жоқ адамдарға ғылыми еңбектерге тегін қолжетімділікті ұсынады, бұл әлемде, кедей дамушы елдерде ғылымның өркендеуіне, білім деңгейінің артуына септеседі. Ғылым­ның ашықтығына ықпал етеді. Екінші жағынан, Sci-Hub авторлық құқықты бұ­зады, жариялауға авторлардың рұқсатын алмайды, сол арқылы баспаханалар мен ғалымдарға зиян келтіруі мүмкін. Ол жарияланатын еңбектердің сапасын тексермегендіктен, псевдоғылымның дамуына жол ашады», – деген жауап берді Google Bard жасанды зердесі.

Қазақстан тумасы Александра Элбакян­ның еңбегіне бағаны әркім өзі бергені жөн.

Елдос СЕНБАЙ