Десе де, «сақтансаң сақтайды» деген бар. Ал бізде сақтық шаралары өз деңгейінде сақталды ма? Көктемгі сел жүру қаупіне қарсы ұдайы даяр болуға тиіс мекемелердегі жағдай қалай? Қазынадан бөлінген қаржы тетігін тапты ма? Әлде суға қаралған қаражат құмға сіңіп кетті ме?
Қазір осы сауалдар көптің санасына салмақ түсіріп тұрғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бұл бағытқа талай жыл жетекшілік еткен Роман Склярдан жауапкершілікті алып, бір күнде Қанат Бозымбаевтың қолына беруінде де үлкен астар жатыр. Демек, Скляр жетекшілік еткен салаға сызат түсті деген сөз. Жауаптылар Президент жүктеген сенім жүгін ақтай алмады. Нәтижесінде, жүздеген үй су астында қалып, мыңдаған шақырым жолды топан су шайып кетті. Халық далада қалып, Үкіметке миллиардтаған шығын келді.
Мұндай жағдай Жамбыл жерінде де болуы мүмкін екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Себебі осыдан бірнеше жыл бұрын Байзақ пен Жамбыл ауданына қарасты ауылдарды су алып, халық әбігерге түскен болатын. Шенділерден маза қашып, бірқатар басшылардың былғары орындығы да шайқалған. Осы орайда өңірдегі ахуалды білмек мақсатта облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласқан едік. Мекеме бастығы Арман Тоқановтың айтуынша, қазір алты елді мекенді су басу қаупі сақталып тұр.
– Облыс аумағындағы елді мекендер мен шаруашылық объектілерін су басу қаупі Шу, Талас және Аса өзендерінің арналарында су деңгейінің көтерілуінен, тау бөктеріндегі еріген қар және жаңбыр суларынан болуы ықтимал. Бүгінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынды. Екі (Сарыкемер ауылы және «Здоровье» саяжайы) елді мекеннің қаупі төмендетілді. Су басуға бейім 6 елді мекен қалды. Аталған елді мекендерді су басу қаупін «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасын іске асыру арқылы төмендетуге күш салынуда.
Жол картасына жалпы 3 миллиард 400 миллион теңге бөлініп, Талас өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар каналдар, арықтар, су өткізу құрылыстары, автомобиль жолдары және теміржол көпірлері тазартылды. Өңірдің елді мекендерінде су басудың алдын алу үшін 3 500 текше метр қар шығарылды. Облыс аумағында 141 гидротехникалық құрылыс болса, 18-і республикалық, 115-і коммуналдық және 8-і жекеменшікте.
Былтырғы ақпан айында «Шу-Талас» бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалы және «Жамбыл суқоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері гидротехникалық құрылыстарға тексеру жүргізді. Нәтижесінде, «Жамбыл суқоймалары» мекемесінің меншігіндегі 24 суқоймаға ағымдағы жөндеу жүргізу қажеттігі анықталды. 2023 жылы 14 гидротехникалық құрылысқа жергілікті бюджеттен 67 миллион 615 мың теңге бөлініп, ағымдағы және қайта құру жұмыстары жүргізілді, – дейді Арман Құмарұлы.
Департамент бастығының айтуынша, қазір олар «Қазгидромет» мекемесімен байланысты нығайтып, тәуліктік бақылау жұмыстарын бірге жүргізуде екен.
– «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Дағдарыс жағдайлары басқармасының электрондық поштасына әр күнге арналған ауа райы болжамы түсіп отырады. Сонымен қатар әр үш сағат сайын дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі «Қазгидромет» филиалының диспетчерлерінен ауа райындағы өзгерістер жайлы нақты мәліметтер алып отырады. Дауылдық ескертулер бойынша дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі халықты құлақтандыру үшін ұялы байланыс операторлары арқылы SMS, «Дармен» қосымшасы арқылы хабарламалар таратады. Сондай-ақ азаматтық қорғаудың барлық бөлімшелері мен тиісті ұйымдар мен мекемелерге таратылады. «Қазгидрометтен» күнделікті ауа райы болжамынан бөлек, апталық және айлық ауа райы болжамдары да түседі. Осы арқылы ауа райындағы өзгерістер жайлы алдын ала болжамдар жасауға мүмкіндік тууда. Ал ақпаратты уақытылы алудың нәтижесінде төтенше жағдай аумағына күштер мен құралдарды дер кезінде жұмылдыра аламыз, – дейді Арман Тоқанов.
Иә, сақтық шаралары жіті назарда болса – жанға жылу. Әйтеуір, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмесе болғаны.
Күні кеше Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңіріміздегі басты су жүйелерінің бірі Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен танысып, нақты тапсырмаларын берді.
Жалпы, Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарының бірқатар елді мекені өзен жағалауына жақын орналасқаны белгілі. Сондықтан ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұған дейін өзеннің 28 шақырымға жуық жағалауы бойынша нығайту жұмыстары атқарылған. Дегенмен облыс әкімі аралау барысында бірқатар аумақта әлі де қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін айтып, ол бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Негізі, топан судың алдын алу мақсатында биыл барлығы 1 790 шақырым канал, 1 833 шақырым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төсеу жүргізілген. Облыстың барлық су қоймаларында тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылған.
Қазір су қоймаларының толу деңгейі Тасөткелде – 90, Теріс-Ащыбұлақта – 85, Ынталыда – 88, Ақкөлде – 20, Қарақоңызда – 99, Бүркітті – 29, Қақпатас – 58, Чоң-Қақпа (Киров) 77 пайызды құрап отыр. Бұл шараларға қарамастан, қауіп-қатер жоқ деп қарап отыруға әсте болмайды. Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз. Сондықтан облыстың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілген. Бұдан бөлек, су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы және 19 жүзу қондырғысы сақадай сай дайын тұр. Сонымен қатар су қоймаларының толу деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп, халықты қабылдауға арналған 396 пункт дайындалған.
Тағы бір айта кетерлігі, жуырда облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бастаған топ Талас Алатауы, Қырғыз жоталарының солтүстік беткейіндегі мореналық көлдердің жағдайын және биік таулы аумақтардағы қар қорын әуеден бақылап қайтты. Зерттеулер 600-ден 4 000 метр биіктікте жүргізілді. Қуаныштысы, таулы аймақтың тік беткейлерінде қар көшкіні, қар жамылғысының қарқынды еруі және көлбеу ағын белгілері байқалмаған. Өзен арналары мұзсыз, өзен бассейндерінің ортаңғы және төменгі бөліктерінде мұз кептелісі жоқ.
Әрине, мұндай ақжолтай хабар көңіл қуантады. Десе де, босаңсуға еш негіз жоқ. Себебі бүгінде су астында қалған елді мекен тұрғындары ауылдарын су алатынын алдын ала білген жоқ. Сондықтан қандай жағдайға да дайын болған абзал. Әйтеуір, «бәрі бақылауда» деген басшылардың сөзі «сұлу статистика» болмаса болғаны...
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы