Арасында кешегі өткен елдің қилы тарихына қалам тербеп жүрген ұшқыр ойлы жазушы замандастарым да болды. Солардың бірі – жаңаөзендік Қашаубаева Үміт Жәлекеқызы. Ол «Жағалауда», «Өмір жыры», «Маңғыстау ақын-жазушылары» сериясымен шыққан 50 томдықта (24-том) өз қолтаңбасын оқырманға айқын таныта білген жазушы.
Үміт Жәлекенің бір ерекшелігі кейіпкерлері күнде көріп, өзімен араласып жүрген жерлестері. Шығармасында олардың биік парасаты, елге, жерге деген сүйіспеншілігі, Отанға деген құрметі, кісілік ізгі қасиеті көрініс тауып, жай адам байқай бермейтін ішкі жан дүниесі, дербес мінезі шебер ашылады. Жазушының тілі түсінікті, қазақтың бай сөздік қорын молынан пайдалана біледі.
Мұнайлы өңірде дүниеге келген Үміт туындыларының бір парасы түбектің мұнай тыңын игерген Еңбек ерлерінің өмір жолын, ел тарихындағы ірі оқиғаларды паш етеді. Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының «Қазақ мұнайының ардақтылары» өмірбаян сериясымен баспа бетін көрген «Мұнайдан бақыт тапқандар», «Аманжан Өтесінов», «Мұханмеди Жолболдин», «Мұнайдан дария жасаған Халел Өзбекғалиев», «Өзеннің мақтаулы мұнайшылары», «Өзенмен өзектес өмір», «Ағайынды Базарбаевтар», «Өмірін еңбекпен өрнектеген» кітаптары соның дәлелі.
Әсіресе, мені толқытқан елдің елеулі тұлғасы, қайраткер Сәду Оңғалбаевқа (Сәдірдің прототипі) арналған «Зардап» атты әңгімесі. Кезінде сталиндік қуғын-сүргіннің зардабына ұшыраған Маңғыстау халқы босып, көрші Қарақалпақ, Өзбекстан, Түрікменстан елдеріне барып паналағаны тарихтан белгілі. Халқына қызмет жасап, тұрмысын жеңілдетемін деп алғашқы колхоздарды ұйымдастыруға, босқын елді аштық тұзағынан құтқару үшін шаруашылық құруға жедел кіріскен көзі ашық, көкірегі ояу Сәдудің ақ жүріп, адал басқан қайраткер екенін тарихтан білеміз. Жылағанды жұбатқан, тарыққанды демеген Сәдуге жерлестері арқа сүйеді. Бірақ бұл көктем көңіл ұзаққа созылмады. НКВД-ның улы тырнағына өзі де ілікті. Көп ұзамай халыққа адал қызмет жасап жүрген түрікмен, қазақ жігіттері қамалды. Түрмеде қорлықтың, ұрып-соғудың түр-түрін көрді.
«Сегіз айға созылған сергелдең мен адам төзгісіз азап ақыры Сәдір Оразбаевтың да сабырын түгесіп, сағын сындырған. Жуан жұдырық жендеттер тұтқынды неше қайтара соққыға жыққанымен жігерін жасыта алмай діңкеліп еді, соңғы екі тәулік бойы тікесінен тік тұрғызып қинады. Тізесі сәл бүгілсе болды қара таяқ қақ тобықтан сақ ете қалады. Жанды жерді дөп көздегішін қайтерсің. Сәдір көзінің жасы бұрқ ете түссе де, дыбыс шығармайды. Тістене-тістене жағы қарысып қалады. Жаны шырқырап, еркіне бағынудан кете бастаған бойын жинауға бар күшін салады. Ақыры ес-түссіз құлаған Сәдірді камераға сүйреп әкеп тастайды. Күп болып іскен балтыры көк талақ. Толарсақ қанталап қалған. Өне бойы от болып өртеніп жатыр, бірақ тәні ауырсынғанымен санасы сау. Әрбір жауаптың әлгідей азаппен аяқталуы, қол қоймай қасарысудың жазасы. Тағатын айып: «Нәзір досыңмен бірігіп, «Түрікмен азаттығы» ұйымын құрыпсың, қазақ-түрікмен жастарын жинап, үкіметті басып алмақ ойың болған», «Алашордашылармен астыртын байланыс жасап тұрғансың» дейтін басы-көзі жоқ жала. Жанын жегідей жейтін де сол...».
Адамның жаны мен тәнін азаптаудың неше түрін білетін қу мүйіз түрме тергеушілері тұтқындағы азаматтарға ойдан шығарылған түрлі жаланы жауып, айла-шарғысын күнде өзгертіп, күні-түнімен азаптаудың алуан түріне машықтанған жендет болатын. Ұлтты – ұлтқа, досты – досқа айдап салып, олардың айтпаған әңгімесін айтты қылып, түрлі өсек аяңды мойнына қиып салатын.
«Кешегі бір-бірінің жолында жан қиюға бейіл сыралғы достары сыртынан сатып, жауап қағазына өзін «Халық жауы» деп мойындайтынын растап қол қойыпты. Әсіресе, қашаннан қанды көйлек жолдасы Айташовтың: «Оразбаевты «Астыртын ұйымға тартқан мен едім» деп жалған куәлік беруі жанына қатты батты. Жаратылысында өтірікпен жаны қас Нәзір сүйткесін, басқасына не жорық? «Мен деген жігіт Айташев Нәзірдей-ақ болар» деп дүйім түрікпен мен қазағың сүйінбейтін бе еді, оның мәрттігіне? Сылайы, сенісер достың қалмағаны ғой! Бұл не зауал? Ендігі әрекеттің бәрі бекершілік болып жүрмесін? Әділет іздеп, құр қарсыласа бергеннен не пайда? Әлде, ендігі қалғаны хақ бұйрығына көне беру ме?
Санасы сансыраған Сәдір осы ойға бекіп, ертесіне қағазға қол қоймақ болып отырған кеште камера есігінің кілті шылдырлады. Ішке көрші ауданның бірінші хатшысын кіргізді. Көптен танитын. Жылмаңдаған, еті тірі Қадыр деген түрікпен жігіт еді. Қараңғы үйдің адамның антын алатын бір бәлесі бар ғой, көзінің оты сөніп, жасып қалыпты. Қадыр малдас құрып қасына жайғасып, өзінен-өзі шешіліп сөйлеп кетті.
– Сәдір аға, мені бүгін түнде, не таңда атады, – деп бастады ол сөзін.
Аңырып қалған Сәдірге:
– Рас айтам. Атылатын адамды осы мен құсатып тобынан бөліп, оңаша немесе жеке кісі жатқан камераға қамайды екен бұлар. НКВД Зверев те атылатын күні менің қасыма түнеп шыққан.
– Зверев деймісің?
– Иә, НКВД бастығы. Сізден кейін, айға жетпей өзі де ұсталған.
– Мү-үммкін емес.
– Әй, Сәдір аға-ай... неге мүмкін болмасын? Ол бір Сталиннің қызын алған күйеуі деймісің?
– Сонда кім қалды өзі?
Қадыр үндемеді...».
Иә, жазушы еңбегіне арқау болған қаратүнек жылдардың өмір шындығы осындай. Халқымыздың талай асыл ұлдары сталиндік жаналғыш машинаның оттығына түсіп өмірімен қоштасты. «Құдай берген жанды Құдай ғана алады» дейтін шындықты белінен басып қанша жан, қанша қайраткер жапа шекті.
Бүгінде әділетті Қазақстан құруды нысана тұтқан қазақ қоғамы бұл мәселеде жаңаша бағыт ұстады. 2020 жылы қараша айының 24-ші жұлдызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Комиссия құрамы жедел түрде жасақталып, жұмысын бастап кетуін сәтті қадамның бірі деп есептеймін. Өткен ғасырдың басында халқымызды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргіннің зобалаңы тарихтың ақтаңдағы ретінде көңілден көшпей, жүректен өшпей келе жатқаны рас. Ендігі ретте егеменді ел болдық, етек-жеңімізді жинадық, əәлем алдында танымал мемлекетке айналдық деген тұста саяси қуғын-сүргін құрбандарын жазықсыз жағылған қара күйеден аршып алу – басты парызымыз.
Сталиндік-большевиктік билік халық толқуы мен қарсылығына қатысқандарды саяси репрессияға ұшыратып, «Халық жауы» атандырып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендерді «буржуазиялық ұлтшылдар» деп, «пантюркистер» деп, Жапония, Түркия, Германия секілді елдердің жолымен жүргісі келгенді сол елдің «шпионы», «банда құрылымдардың мүшесі», «Отанын сатқан» деп қудалаған.
Солақай саясаттың құрығына ілініп, қаза тапқан əаруақтардың есімін ар соты алдында ақтап алу иманды, сауапты, ізгілікті іс деп білемін. Біріншіден, осындай қилы кезең, «тар жол, тайғақ кешуде» шейіт болғандарды ақтау – аруақ алдындағы азаматтық борышымыз, екіншіден, көзі тірі ұрпақ үшін міндетіміз, үшіншіден, болашақты гуманистік имандылық қадамға бағыттауға кең мүмкіндік берер қадамымыз.
Жазушы Үміт Жәлеке өмірдегі оң өзгерістерді қуанышпен қарсы алатын, қайраты толысқан, тәжірибесі молайған, жылы жүректі қаламгер. Жазушы өмірінің біраз жылы «Маңғыстау» газетінде өтті. Бұл газет 50 жылдан астам Маңғыстау өңірінің экономикасындағы, рухани өміріндегі, тарихындағы оң өзгерістердің хабаршысы, ілгері дамуымызға кедергі болған кейбір кемшіліктерді көре білген басылым. Осындай істе ұжымның ісін алға бастыруда топ басында келе жатқан жазушы Үміттің де үлесі қомақты. Аталмыш газетпен дәуірлес журналист баспасөзбен бірге есейді, елге танылды, қаламы қуаттанды. Бүгінде дер шағында тұрған қаламгер қарындасымның шыққан биігі құтты, алдағы күндердің берер шығармашылық шабыты мол, өмір жолы ұзақ, шығар тауы биік болуына ағалық тілегімді арнаймын.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері